Сараптама
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 114
Облыстың банк секторы
2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыс аумағында екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі – ЕДБ) 14 филиалы, 43 бөлімшесі, 59 айырбастау пункті жұмыс істеді.
Облыстың несие нарығы
2025 жылғы қаңтар-маусымда облыстың ЕДБ филиалдарымен 509,9 млрд теңге сомасына несие берілді, бұл 2024 жылғы сәйкес кезеңге қарағанда 18,8 %-ға көп. Заңды тұлғаларға несие беру 7,5%-ға 133,7 млрд теңгеге дейін көбейді, ал жеке тұлғаларға 23,4%-ға 376,2 млрд теңгеге дейін.
2025 жылғы қаңтар-маусымда азаматтарға тұтыну мақсаттарына 283,0 млрд теңге берілді, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 23,2%-ға жоғары.
2025 жылғы 1 шілдеде облыстағы банк филиалдарымен берілген несиелер бойынша берешектер 971,9 млрд теңгені құрады, 2024 жылғы 1 шілдемен салыстырғанда 18,1%-ға өскен. Жеке тұлғалардың берешектері 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,7%-ға көбейді және 826,6 млрд теңгені құрады, заңды тұлғалардікі – 9,7%-ға және 145,4 млрд теңге.
2025 жылғы 1 шілдеде тұрғындарға тұтыну мақсаттарына берген несиелер бойынша берешектер 542,0 млрд теңгені құрады, 2024 жылдың сәйкес көрсеткішімен салыстырғанда 26,6%-ға өсті. Осы орайда жеке тұлғаларды несиелендірудің жалпы көлемінде тұтыну несиелерінің үлес салмағы 65,6%-ды құрайды. 2025 жылғы 1 шілдеде несиелер бойынша мерзімі өткен берешектер көлемі 46,6 млрд теңгені құрады немесе ЕДБ филиалдарының несие портфелінің 4,8%.
Облыстың депозит нарығы
2025 жылғы 1 шілдеде ЕДБ филиалдарындағы салымдар 2024 жылғы 1 шілдемен салыстырғанда 12,3%-ға көбейді және 834,6 млрд теңгеге жетті. Жеке тұлғалардың депозиттері 15,9%-ға өсті, заңды тұлғалардікі – 4,4%-ға. 2025 жылғы 1 шілдеде ұлттық валютадағы салымдардың үлесі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 74,5%-дан 76,7%-ға өсті, ал шетел валютасымен – 25,5%-дан 23,3%-ға кеміді.
Облыстың валюта нарығы
2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын облыстың 84 айырбастау пункті жүзеге асырды, олардың 59 – уәкілетті банктердікі, 12 – «Қазпошта» АҚ филиалынікі және 13 – уәкілетті ұйымдардікі.
2025 жылғы қаңтар-шілдеде облыстың айырбастау пункттерімен халықтан 33,4 млн АҚШ доллары сатып алынды, бұл 2024 жылдың көрсеткішінен 5,6%-ға төмен. Сонымен қатар 1,9 млн еуро (12,1%-ға азайды), 952,3 млн ресей рублі (1,2 %-ға кеміді) сатып алынды.
Облыстың айырбастау пункттерімен 2025 жылғы қаңтар-шілдеде халыққа 114,8 млн АҚШ доллары сатылды, 2024 жылмен салыстырғанда 28,9%-ға кеміген. Бұдан басқа халыққа 5,5 млн еуро (19,4% азайды), 1 005,1 млн ресей рублі (11,6%-ға кеміді) сатылды.
Төлем карточкаларын пайдалану. 2025 жылғы 1 шілдеде айналымдағы төлем карточкаларының саны облыс бойынша 2 865,6 мың бірлікті құрады. Облыста 609 банкомат, 49 903 POS-терминал жұмыс жасайды. 2025 жылғы қаңтар-шілдеде төлем карточкаларын пайдалану арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдер бойынша 2 163,5 млрд теңге сомасына (2024 жылмен салыстырғанда 16,1%-ға өсті) 207,2 млн транзакция (өсім 13,1%) жасалды.
2025 жылғы қаңтар-шілдеде карточкалық шоттан қолма-қол ақша алу бойынша 382,6 млрд теңге сомасына (2024 жылмен салыстырғанда 0,3%-ға кеміді) 3,8 млн транзакция (4,2%-ға кеміді) жасалды.
«ҚР Ұлттық Банкі» РММ Атырау филиалы

- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 207
Қазақстан Республикасы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің құрылымында Жалған ақпаратқа қарсы күрес жөніндегі орталық жұмысын бастайды.

- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 147
Теміржол – ел экономикасының күретамыры, еліміздің көлік инфрақұрылымының негізі, халық пен жүк тасымалын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар сала. Күні-түні тынымсыз еңбек етіп жүрген мыңдаған теміржолшы мамандардың арқасында бұл алып жүйе еш кідіріссіз, белгіленген қалыпта ел дамуына өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Аптап ыстықта да, қақаған аязда да өз міндетін адал атқарып жүргендердің еселі еңбегіне елдің құрметі ерекше.

- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 68
Атырау облысының 2025 жылға арналған Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында аймақта 31 мыңға жуық жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Оның 23 мыңы тұрақты жұмыс орындары саналады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды, деп жазады atpress.kz сайты.

- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 482
Өткен ғасырдың 30-жылдары Жылой ауданында комсомол комитетінің екінші хатшысы болған Қойлан аға мен ақын Далабай Жазықбаев және олардың ізіне ерген, бір бесікте тербеліп өскен інісі Төлеген көке үшеуі де Долданбай атаның балалары еді. Олай болатын себебі: Құлметеннен – Қалқабай, Ұзақбай, Долданбай және Жазықбай атты төрт бала тараған. Әкем Жанаштың айтуынша, Далабай көкеміз алғаш комсомолға өтерде ататек ныспысын әкесі Долданбай мен атасы Құлметеннің есіміндегі «бай», «құл» деген сөздерді жақтырмай, ағасы Жазықбайдың атына жаздырыпты.
Айранкөлін аңсаған ақын
Сол себепті өлеңдерінің аяғына «байды» алып тастап, «Жазық.Дала» деп қол қояды екен. Осының салдарынан, ақын Далабай Жазықбаевтың қай майданда соғысып, қайда қаза тапқаны ұзақ жылдар бойы белгісіз болып жүрді. Оның ата-тегі анығында «Жазықбаев емес, Құлметенов болу керек емес пе екен» деген ойға жетелеп, күні кешеге дейін интернет пен соғыс архивтерінен осы бір ныспылар төңірегінен іздей бастағанымызды айтуым керек.
1917 жылдары алғашқы қазақ-орыс мектебінің бірі Гурьев уезінің орталығында болыпты. Гурьевтегі осы оқу орнының негізінде 1930 жылы 7 жылдық қазақ мектебі ұйымдастырылып, 1933 жылы екі сатылы мектепке айналды. 1937 жылы О.Исаев атын иеленген бұл білім ордасы өкімет қаулысымен 1938 жылы облыстағы алғашқы орта мектепке айналып, оған Жамбыл Жабаев аты берілді. 1938-1939 оқу жылында алғашқы және екінші түлектер арасында еліміздің көптеген қайраткерлері - академик С.Зиманов, профессор, Атырау университетінің ректоры С.Дүймағамбетова, ақындар Д.Жазықбаев, С.Бердімұратов, ҚР еңбегі сіңген ұстаздар Ж.Нұрмаханов, Х.Өміралиев, тағы басқалары бітіріп шыққан еді. Далабай жетімдік салдарынан алғаш Ойылдағы мектепке 11 жасында барған дейді. Оқуға, білімге талабы күшті болып, аз жылда өз қатарларын қуып жетеді. Жамбыл атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін 1939-1940 жылдары Алматыдағы үш айлық мұғалімдер курсында оқып, соғысқа дейін Ескене, Доссор, Құлсары мектептерінде ұстаздық етті. Жәрдем Кейкиннің айтуынша, 1941 жылдары Доссорда оқығанда Далабай әдебиеттен сабақ бергенін, әдебиетпен айналысушы көптеген жастарға ықпалы болғанын, оқушыларға құпиялап Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян», «Қорқыт» поэмалары мен өлеңдерін оқытқанын естеліктерінің бірінде еске ала кетеді. Сол жылдары мектеп қабырғасында жүргенде Жәрдемдер латын әрпімен жазылған Мағжанның жырларын ұстазының дәптерінен көшіріп алғанын айтатыны бар. Далабай Жазықбаев та Алматыда курста жүргенде М.Жұмабаевтың шығармашылығына тыйым салынғанына қарамастан, оның поэма, өлеңдерін өзімен бірге елге ала келген болар дейтінбіз. Өйткені қазақтың көрнекті ақыны сол жылдар алдында, 1938 жылы репрессияға ұшырағаны белгілі.
Айранкөлде туған Далабай Жазықбаевтың 20 жасында жазған екі өлеңі мен үшін сол кездегі қазақ ақындарының жырларымен салыстырғанда өзіндік сыршылдығымен, ашықтығымен дара тұратын. Оның «Туған жерге», «Аққу» жыры сол өзі туып-өскен жерінің қаймағы бұзылмаған табиғатының бейнесін, тыныс-тіршілігін әдемі жеткізіп беретін еді. Сол кездегі ел тынысы мен өз тағдыры да бірге өріліп, жымдасып жатыр деуге болады. Оның жасынан Жылойдың жері өзіне қанықтығын, жылда туған жерге барып тұратынын, түн болса айдынына алтын айдың нұры тамып, сұлудың мөлдіреген көзіндей көлдері толқынданып, шалқи ескен желі белесіне ұйқы бермей қарсы алатынын, сол сұлудың бұрымындай сылаң қаққан бір өзен сай қуалап күліп ағатынын, ол ерке Жем екенін, қырында өскен ақ бикеш тары жұмыртқадай аппақ дәнін көтере алмай теңіздей теңселіп судыр қағатынын, егіс маңы күндіз-түні той-думаны тарқамаған қызықты дүниедей жастардың салған әні таң алдына дейін құлаққа шалынатынын, ай да алыста ұясына кіріп, көк торғын шымылдығын түн түріп, аспан төсінен жұлдыздар тарап, көкжиектен қабақ керіп еркелеген сұлудай таң сыз беретіні, колхоздың жайлауындағы аулынан мал өрген туған жердің осы бір бейнесі шалғайға кетсе де есінен бір шықпайтынын жырлайды. Бұл сұрапыл соғыс алдындағы алдамшы тыныштық - 1940 жыл еді.
«Аққу» өлеңі өзі туған Айранкөлдің жазғытұры сұлулыққа тұнған бейнесін сипаттайтын. Әкем бір кітаптардың алғысөзінде: «Әрине, адам Айранкөлде де, Тұщыкөлде де туа береді. Бабаларымыз Тұщыкөл дегенді олқысынғаннан қоймаған шығар, иә көлге тым риза болғандықтан, иә ұтымды сөзге үйір туғандарымыз әдемі ат қойғысы келгендігінен Айранкөл атаған шығар, ол арасын біз білмейміз. Әйтеуір өзіме осы ат ерекше ұнайды. Туғаннан бұл жерді қалтқысыз сүйіп өстім» деуші еді. Ел аузындағы бұл көлдің атауының шығуы туралы аңыз, әңгімелердің бірі сонау XVIII-XIX ғасырдағы шапқыншылыққа да байланысты айтылатыны бар. Бірде шапқыншы жау көшкен елдің теңдегі саба, местерін тіліп жайратып кетеді. Шабылған елдің көз жасы қосылып, толқыннан толқын қуалап айдын көлдің беті малдың ағарғаны, айран-сүтімен ақ ала болыпты-мыс. Айранкөл тарихы мұнымен таусылмайтын. Біздіңше, керісінше сияқты. Көл, негізінен, жайпақ жазық далаға жайылып орналасқан. Оңтүстік-батыс жағында ғана биіктеу бел бар. Сол бел, төбе үстінен шықсаң жазда жел соққан кезде ығында орналасқан көл беті шымырлаған майда толқыннан ақ айранданып кетеді екен. Мұны әкем Жанаштың 90 жасқа толар жылы естелік фильм түсіремін деп жүріп байқап қалғанмын. Шынында Жылойдың жел-құзды күндері көл беті ақ айранданып, майда толқынын сапырып жатады екен. Осы көрініске қарап, бейнелі теңеу, ұтымды сөзге үйір ата-бабамыз осы бір өздері туған, кіндік қанын жуған көл атын Айранкөл деп тауып қойған ба деп ойладым. 2012 жылы әкем 90 жасқа толып, ғұмырынан бейнебаян түсіруді қолға алғанбыз. Бұл бізге оңайға соқпады. Өйткені өткен күндердің бейнесін, тарихи уақиғаларды қайта оралту мүмкін емес-ті және түсірушілер кәсіби маман болмағандықтан көңілдегі нәрсеміз ойлағандай шыққан жоқ. Қартымыздың естелігін ауылда түсіріп, әкенің туған жеріне түсіруші жастарды өз көлігімен апарғанмын. Су тасыған сәуір айы іші. Қаладан ұзап шықпаған жастар ә дегеннен айналасына, тұмса табиғатқа таңырқай қарап: «Аққуларды қара!», «Жылойда мұндай әсем жерлер бар екен ғой!», «Мұндай жерде туған Далабай ақындар, Жанаш атамдар тегін кісілер емес», «Бұл жерде туған адамдардың ақын болып жаралмауы мүмкін емес» деп жатты. Жастардың бірі: «Аққу қанша жасайды?» деп мен күтпеген сұрақты қойып қалмасы бар ма! Тіпті ойламаған нәрсем. Жауап беру керек. Алыста қанатын желге ақ желкен ғып жайып, айдында жүзіп жүрген аққуларға қарадым. Есіме Далабайдың «Аққу» өлеңі түсті.
- Шынымды айтсам қанша жасайтынын білмеймін. Мүмкін анау көлдегі аталық қулар Далабайдың, әкем Жанаштың балалық, жастық шақтарын көрген болар,- деп аққуларды көзбен ұзатып салдық. Онымен бірге «анау сайда Байбақты атам ат суарып, қырда әкелерім қозы қайырып, Жаниса, Бөпіш, Күния апаларым ән салып, Нәдірқұл, Байтақ көкелерім сыбызғыдан аққуларға күй шалған шығар» деп те қиялымызды айтып жатырмыз. Манағы таңырқаған таңырқаған ба, күн батпай-ақ шығыстан шара табақтай Ай туды. Қанаттары сампылдап қыр астынан бір топ аққу көлге ұшып келіп қонды. Сұңқылдақтар екен. Жастар көріністі жаппай түсіріп жатыр және олар да көпке дейін қуанышты, үлкен әсерде болды. Өмір мұнымен біткен жоқ. Кейін осы көрініс, Далабай туралы, оның «Аққу» өлеңін «Сұрша аққудың жүрегі» атты шығармама арқау еттім.
Ржев шайқасы: тозақ отынан тайсалмаған батырлар
Далабай соғысқа аттанғанда бүгінгі жастардан да балаң, 21-ге енді аяқ басқан жас екен. 19-дағы әкем ағасын Қосшағылдан өзі аттандырып салыпты. 1942 жылдың ортасында одан хабар-ошар келуін қойды дейді. Әкем туыс ағасын көп іздеді. Оның қайда қаза болғаны, қай майданда соғысқаны артындағы туыстарына, Жылой жұртшылығына көпке дейін белгісіз болып келді. Әкем беделін салып жүріп Далабай Жазықбаев пен Есқайыр Халықовқа аудан мектептерінің атын бергізді. Алматыға ескерткіш тақта орнатылды. Атасы дүниеден өткеніне екінші жыл өткенде, яғни Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында үлкен немере қызы Арай Нұрмаханова интернеттен тауып, Далабай көкесі жайлы күтпеген бір дерек ұсынды. Қызымның айтуынша, «Жауынгерлік іс қағазында» Далабай Жазықбаев «Даладай Джазықдаев» болып қате жазылып келген екен. 331-ші атқыштар дивизиясында, Батыс майданда соғысқан. Бұл дивизия Далабайлар келгенге дейін 1941 жылдың 1 желтоқсанында Чуваш АССР-і, Алатыр қаласында жасақталып, қорғаныста болыпты. «Сол жылы 19 желтоқсанға дейін атақты Волоколомск үшін болған шайқасқа араласқан. 24 желтоқсан мен 1942 жылғы 25 қаңтар аралығында Тимаково, Хворосино, Лудинина Гораға келіп, Истарт ауданы мен Печора өзені бойында жасанған жауға қарсы ұрысқа қатысты» дейді.
Далабай майданға Қосшағылдан 1942 жылдың 7 қаңтарында аттанды. Сол жылы «15 қырқүйекте қаза болды» деген дерек пен «елде жаппай мобилизация 26 шілдеде басталды» деген дәйектің арасында маған бір сәйкессіздік бар сияқты көрінеді де тұрады. Д.Жазықбаевтар майданға келгенше оның дивизиясы Москва түбіндегі қолма-қол ұрысқа кірісіп те үлгерген екен. 1942 жылғы тамызда 331-дивизия 20-шы армия құрамында Рыжев-Сычов операциясында Погорело Городице қорғанысында тұрыпты. Одан кейін 11 тамызға қараған түнде бұл дивизия Еділдің орта ағысындағы Вазуза өзенінен өтіп, Сычоводан 13 шақырым жердегі Попсуево ауданының солтүстік аралдарын басып алу плацдарымында 7 ай бойы қорғаныс пен ұрыста болған. 331- дивизиямен қатар, 352-атқыштар дивизиясы, 1- гвардиялық танк бригадасы және 64-жаяу атқыштар бригадасы осы ұрысқа түседі. Бұл кең ауқымды плацдармда кеңестің бір жауынгеріне жаудың 10 танкісінің қарсы келгені жазылыпты. 7 айда ұрысқа қатысқан армия, дивизиялардан 3 мың адам қалып, Далабайлар соғысқан 20-армия құрамасы түгелімен жойылған. Бұл адам тағдырын шыбын ғұрлы көрмеген Кеңес тарихының жасырған былықтарының бірі дейді соғыс мемуарлары. Және көп жылдарға дейін құпия ұсталып келген.
Жазушы И.Г.Эренбургтен «Соғыстың төрт жылында есіңде не қалды?» деп сұрағанда ол «Ржев» деп жауап берген екен. Бұл ұрыс болмаса Москва мен Сталинградта және Курс доғасында жеңістер болмауы мүмкін екенін нық сеніммен айтады. Фашистік Германияның Орталық армиялар тобы бар күшін осы Ржев майданына төгіп, Сталинград пен Курск доғасына көмек жібере алмаған дейді. Бұл ұрыс туралы деректер еліміз тәуелсіздік алған кезімізге дейін ұзақ жылдар бойы жасырып жабулы жатқандықтан зерттелмей келгенін, әділетсіз болғанын айту керек. Қысқасы, соңғы уақыттарға дейін «Марс» операциясы құпияланып келіпті. Бұл соғысқа екі тараптан 10 млн әскер, 30 армия, корпус, мыңдаған танкі қатысқан мұндай кең ауқымды қиян-кескі ұрыс адамзат тарихында болмаған. Кеңес Одағы астанасынан 150 шақырым жердегі бұл шайқасты неміс басқыншылары «Москваның кілті» атаған. Сондықтан Кеңес басшылары осы тараптан қатты қауіптенген дейді. Ржев соғысын жазушы К.Симонов «Өлім даласы» атаса, оның тірі куәсі болған ақын А.Тверовский «Қанды еттартқыш»-қа теңеді. Ол Ржев шайқасы жөнінде «Мен өлтірілдім» («Я убит подо Ржевом») жырын жазды.
Тәуелсіздік жылдардағы Қазақстан Республикасының Украина және Молдавадағы Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков: «Рыжев-Вземский шоқысы үшін жан беріскен бұл ұрыс Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында адам қаны суша аққан қаралы күн ретінде қалып отыр» деп баяндайды. Далабай Жазықбаев ұрысқа қатысқан 331-дивизия осыдан кейін екі мәрте Қызыл Ту мен Суворов орденін иеленген. Бұл ұрысқа қатысқан, Қазақстаннан жасақталған 100 және 101-дивизия құрамында көптеген қазақстандық Кеңес Одағы батырлары М.Ғабдуллин, М.Мәмбетова, Қ.Сүлейменов және жазушы Ә.Нұршайықов бар еді. Әрине, бұл соғыс тарихын біз қазір Қазақстан құрамаларының құрылуымен жазып жүргенімізбен, Д.Жазықбаев сияқты қазақтың ұлдары басқа да республикалардан, мысалы Чуваш АССР-ынан жасақталған дивизиялар сапында майданға аттанып, соғыз кезіндегі тағдыры белгісіз болуы да сол кездегі саясатқа байланысты еді. Оның дивизиясы құрамына кірген 20-шы санды армияны бізден басқа іздеуші қазақстандықтар да бар екен. Соның бірі қайғысын өлеңмен былайша жеткізеді. «Ей, Вазуза, тып-тыныш ағармысың, Ауыр қайғы сұм соғыс саған үшін. Суық қанға боялған сол күндерді, Қан жылаумен есіңе алармысың. Қара орманы орыстың қарағайлы, Білермісің бір дерек ағам жайлы?! Ей, Вазуза, тып-тыныш ағармысың, Жан жарасын сен елдің жазармысың?!» дейді.
Вазуза – Тверь облысындағы Еділдің оң саласы. Бұл жыр кейінгі ұрпақ біздің де жоқтау жырымыз еді. Себебі жоғарыдағы қазақстандық дивизиялардың осы ұрыста 80 пайызы ажал құшқан дейді. Кеңес тарихы бетінде әспеттеліп жүрген атақты маршал Жуков жоспарлаған бұл «Марс» операциясында 2 млн 600 мың жауынгер қаза тапқан! Қазақтың 17-20 жастағы жауынгер жастары жалаң кеудесімен жауға шапқан дейді! Бауырластар зиратында түгелдей 30-ға жуық қазақ жауынгерінің сүйегі жатқанын айтады. Далабай ақынға қайсысынан топырақ бұйырғаны белгісіз. Сол сұм соғыстың куәгерінің бірі: «1942 жылдың күзі мен қысында қара жер қарс айырылғандай болды. Ақ қар беті адам өліктеріне толғаны сонша жер беті аяқ алып жүруге мүмкін емес, оларды көметін бос топырақ та жоқ, қан судай ағып, өліктер тау болып үйілді. Қарсыдан қарусыз, тәжірибесіз солдаттарды жау автоматпен аяусыз қырды. Олардың арттарынан тапаншасын маңдайларына кезеп, қызыл командирлер тұрды. Маршал Жуковқа керегі де, ол құрған «Марс» операциясының мақсаты да осы еді. Адам тағдыры ойыншыққа тең уақыт, олардың артында келесі лектер дайын еді» деп жазады тарих мемуары. Басқыншылар өз басшыларына: «Танктердің шынжыр табаны тау-тау болып үйілген өліктерден тайғанап өте алмады» деп хабарлапты. Ржев-Зубцово-Сычово-Гжатск-Вызма-Белый-Оленин ұрысы тарихы «Ржев қанды көп бұрышы» аталған.Бұлардың 90 пайызы қазақтар болған. Оқыған, намысты, оты бар, қазақтың көзге түсіп келе жатқан жастары және саяси сенімсіз емес, бұзақылығы жоқ, қылмысқа тартылмаған және сталиндік 1937 жылдың аласапыранынан соң өртенге шыққан жас өскіндер еді дейді. Неміс тарихшылары мен Тверь адамдары Ржев соғысы туралы: «Жер бетіндегі тозақ осы жерде болды» деп жазады (Мемуардан).
Сол жылдың қысында генерал-фельдмаршал Паулюс армиясын қоршауға түсіріп, Еділ бойында Кеңес армиясы қарсы шабуылға шығады. И.Эренбург өзінің «Қазақтар» атты мақаласында бір фрицтің: «Біз жойқын күші бар қаһарман солдаттармен беттестік. Олар тура біздерге қарай дауылдай дүркіреген леппен жүгіріп келе жатты. Мен бұлардың қазақ деген халық екенін кейінірек естідім. Бұрын мұндай халық барын білмеуші едім,-деп мойындағанын жазады. Шынында Германиядағы немістің соғыс ардагерлері «Ржев жауынгерлерін» үрейлене еске алады. «Олар әскери борышын соңына дейін өтеген Отанына адал солдаттар еді» - дейді екен.
Сағыныш сазы
Далабай Жазықбаев 1920 жылы Атырау облысы, Жылой ауданы, Тұрғызба ауылына қарасты Айранкөл мекенінде дүниеге келді. Ескене, Доссор, Құлсары мектебінде қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Майдан даласында жазылған «Намыс үшін», «Жауынгер дос», «Таңертеңгі бір жеңіс» өлеңдерінен жеңіске деген сенім мен өмірге құштарлық есетін. Бейбіт уақытта өз шығармашылығымен бірге М.Ю.Лермонтовтың «Үш пальма», «Тұтқын», «Үміт» өлеңдерін және М.Голодныйдың «Щорс туралы жырын» аударған. Тұңғыш жырлары соғыстан бұрын «Песни народных акынов» жинағына шыққан. Ақынның шыққан тайпасы Алшын-Байұлы-Шеркеш-Жанғабыл Қосым еді. Анасының аты - Мария, руы Ысық, оның Пұсырманы, Құдияр, Шақабай Бекмағамбетқызы болып келеді.
Биыл Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Әкеміз Жанаштың дерегінше, бұл соғысқа кең Жылой топырағында туған, зерделі де қарапайым Бошай Қонысұлы, Жолдыбай Қалмұратұлы, Жолдыбай Отарбайұлы, Молдағали Көршембайұлы, Айтжан Жанақұлы, Дүзбай Асарұлы, Аққағаз Жетібайұлы, Батырхан Қаражанұлы, Аққали, Нәсір Нығыметұлдары, Жылқышы Ізтұрғанов, Тасболат Балтайұлы, Сымғали Қарақұлшықов, Темір Қосыбаев, Ғұбайдолла Ахмәдиев, Боқай Тәжіұлы, Нұрберді Нұрсұлтанов, Тілеген Қаспаев, Жасау Есетов, Шығырбай Иманғалиев, Орынғали Сарбөпиев, Жақсылық Ерпанаев, Сағыт Иманов, Қасымғали Тұрғанбаев, Бәйет Жақсыбаев, Бисенғали Сағызбаев сияқты жасы үлкендеріміз, олардың ізін ала әкем Жанаш Нұрмаханның қатар, тұстастары – Бағыт Ысмағұлұлы, Бағыт Қалмұратұлы, Байнеке Ілиясұлы, Кемел Айтанұлы, Айтбай Қалмұратұлы, Ашықбай Әбдірақұлы, Бәсел Бижанұлы, Кенжеғали Кеңесұлы, Есмырза Есенғалиұлы, Төлеген Бисенғалиұлы, Сабыт Жұбаев, Дінқуат, Жанқуат Хантөреұлдары, Төремұрат Сағынайұлы, Әбдірахим Дүйсенұлы, Мәтжан Асарұлы, Ахмәди Бозтаев, Жұмағали Құлжанұлы, Тұрыш Тұрарбекұлы, Молдаш Нұрғараұлы, Бисен Өмірқұлов, Сейілхан Ізбасарұлы, Оңайбай Жабуұлы, Сүлеймен Қалусарыұлы, Әбіт Қыдырұлы, Жұмахан, Қызылбас Тоғызұлдары, Рахмет Қалдыбаев, Бәкір Серікұлы сынды алдыңғы толқын әкелер қан майданға аттанған еді. Алдыңғы толқын ағалармен бірге қолына қару алған екінің бірі, егіздің сыңарындай Мұздыбай Жанақов, Бәріл Бозтаев, Егізбай Есентұрлиев, Нұрмағамбет Жайлыбаев, Манан Жұмақұлов, Құлмағамбет Көптілеуов, Ізмұхан, Ізтұрған Есенғазиевтар, Күбірбай Бисалиев, Ізбай Жабағиев, Сары Мұқашев, Кетен, Нәш Шағырұлдары, Далабай, Оңайбек Жазықбаевтар, Құрмаш, Қарабала Мұрыновтар, Қали, Сүйіндік, Бердіғали Қазиұлдары, Қали, Сәбен Отарбайұлдары, Тәжі, Нұрмұхан Оразбаевтар, Қарағұл Беркінов, Қоңырбай Бисенғалиев, Балмахан Тәжіұлы, Қоблан Айшуақұлы, Молдаш Нұрғариев, Сейілхан Қалусариев, Жұмағали Құлжанов, Ахмет Амантұрлин, Қызыл Қаржаубаев, Әліп Мекеев, Қажы Аязбаев, Бақтығали Медиұлы, Ешімбет Құлыбеков, Муса Ұзақбаев, Қарабай Байтоқов, Жақсылық Қарамұрзиев, Мамай Ақмұрзиев, Шыңбай Өтеғалиев, Құрманғали Кенбаев, Байқұл Сарбасов, Қамысбай Ізтұрғанов, Жайылған Жетпісов, Сұлтангерей Шөкебаев, Қарабала Наушабаев, Оңайбай Жабуов, Қалжан Қашақов, Сенбі Назарғалиев, Бітім Тұрлыбеков секілді арыстар елге оралмады. Мұның ішінде қаралы қағаз келгендер де, хабарсыз кеткендер де бар еді. Көп атаның орны жалғаспай қалғаны рас еді.
Майданға аттанған әкелері мен ағалары орнын жоқтатпаған Төлеген Құлметенов, Хабжәлел Дүйсенұлы, Қапан Балмаханұлы, Құбай Бижанов, Нұрхайыр Байтақов, Жаймұхан Әбуұлы, Мұқан Орынғалиев, Арал Шағыров, Кемал Ермұханбетов, Сабаз Қойтанбаев, Алдияр Қалиев, тағы басқа да ағаларымыз 14-15 жастан тылда еңбек сапына тұрыпты. Ол кезде ел басына түскен ауыртпалық ер-азаматтарды ерте есейткенін ескерсек, оларда балалық шақ дейтін болмағанға ұқсайды. Біреулер әкеден жастай қалса, екіншілері ауылда арқасүйері болмағандықтан кәмелеттік жасқа толмай колхоздың ауыр жұмысында, мұнай кәсіпшіліктерінде кеңестік кездің тауқыметін аналарымен бірге арқалады. Соғыс жылдары тылда майданды азық-түлікпен, жылы киіммен, мұнай өнімдерімен жабдықтау, қаржылай ақша аударуға халықтың өз еріктерімен сенбіліктер ұйымдастырылып отырды. Жеңісті жақындатуда тылда аналары мен балалардың да еңбегі ерен еді. Күндіз-түні бел шешпей ауыл шаруашылығы мен мұнай кәсіпшілігінде жұмыста жүріп, май шам жарығымен мыңдаған жылы қолғап, шұлық пен тон тігіп, майдан шебіне жіберіп жатты. Ол жылдардың қаралы жесірлері Мәдиұлы Бақтығали қосағы-Рәш, Мұқашев Сары қосағы-Бұлжан, Қазиев Қали жесірі-Зәру, Шағырұлы Кетен жесірі-Тойған, Беркінов Қарағұл жесірі-Әләухия, Сарбасов Байқұл жесірі-Ырысты, Орынов Жақсылық жесірі-Тараш, Бисенғалиев Қоңырбай қосағы-Бөпіл (менің кіндік шешем), Шағырұлы Нәш қосағы-Ізекен, Жанақов Мұздыбай қосағы-Ақзер, Бозтаев Бәріл қосағы-Зылиха, Кенбаев Қарағұл жесірі-Жібек, Мұрынов Қарабала жесірі-Сақып, Ұзақбаев Мұса жесірі-Бәкиза, Жабағиев Ізбай жесірі-Зәкөн, Жұмақұлов Манан қосағы-Алтын, тағы басқа да шешелеріміздің есімдері елдік шежіремізге айрықша атап жазуға тұрарлық еді. Олар әкелер шаңырағын сақтап, отын өшірмей, ұл-қыздарын жеткізіп, ел қатарына қосты. Олар ауыр сынға мойымай, тылда еңбек ете жүріп, жеңіс күнін жақындатқан асыл жандар еді.
Елге аман оралған соғыс ардагері Құлшығай Нұрсұлтанов, тағы басқа майдангерлер өздерінің естелігінде: «Соғыс аяғына дейін майдан даласына тарап кеткен «Далабай» әнін грузиннің «Сулико» әнімен айтып келдік. Бәріміз де даланың ұлымыз ғой, өлең авторын, Далабайдың кім екенін білмесек те артымызда бізді жеңіспен күткен ел-жұртымыз барын сыз окопта жатып еске алып және елге деген сағынышымызды сол әнмен басатын едік. «Далабай» әні майдан шебіне елден келген газет, хат арқылы тарап кеткен секілді»,- дейді отты жылдар естелігінде.
Деректе бұл әнді ең алғаш Қазақ ССР-і халық артисі Зарипа Сүлейменованың соғыс жылдары, одан кейін де репертуарынан түспегенін айтады. Зарипа Ізтілеуқызы – Гурьев халық театрі іргетасын қалауға үлес қосқан жандардың бірі, Атырауға белгілі актриса және әнші еді. Жас шамасы Д.Жазықбаевпен қарайлас, 1920 жылы туған. З.Сүлейменова 1943-1970 жылдарға дейін Гурьев қазақ драма театрында қызмет етті. Қыз Жібек, Баян сұлу, Айман, Қарагөз, Еңлік және «Ана-Жер-Ана» рольдерін сомдады. Сүлейменовадан кейін халық арасына тарап, ұмытыла бастаған «Далабай» әніне арнап Сейілхан Құсайынов және Аманжан Бекеновтер жаңа әуен жазды. Жоғарыда айтылған «Сулико» әні орыс халқының емес, грузиндердің әні болатын. Қасым ақын Аманжоловтың да өз «Суликосы» бар-ды. «Бір тіл қатшы, Сулико, Көрдім гүлді бақшадан, Шық сорғалап, жас тамған..» немесе «Сенбісің, сәулем Сулико, Сонда бұлбұл даусыңнан, Жаңғырықты ну орман..» (Қасым). «Қайда екенсің, Далабай, Абзал жан ең ағадай, Өзің туған даладай, Бір тіл қатшы, Далабай..» (қайырмасы. Облыстық «Соц.құрылыс» газеті. 1943 ж. август.Жанаш. Н). Бірі қызға, екіншісі жас жауынгерге, соғыста хабарсыз кеткен бауырға арналады. Тіпті соғыс кезіндегі атақты «Катюша» әні де қызға арналғанын қазіргі ұрпақ біле бермейді. «Сенің әнің есімде, Мен туралы ұмытпа, Катюша..», «Сұлу Катюша орманға кетті, Партизан салған соқпақпен..». «Землянка», «Көк орамал», т.т. бәрі де солай болатын.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «Далабай» әнінен басқа да майдандағы жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерін Жеңіске жұмылдыру, рухын көтеру мақсатында «Полк маршы», «Ұлы жолға» («Қоштасу» әнімен), «Ұмтыл алға, жауынгер» («Әскер» жырымен), «Төлеген ерге» (орыстың «Парен молодой» әнімен), «Қыздарға» (халық әні «Әру-ай» сазымен) әкеміздің ән-өлеңдері тарапты. «Парен молодой» атанған тәтеміз Төлеген Бисенғали атаның ұлы, ағасы Қоңырбай екеуі бірдей соғысқа аттанған еді. Ол Суворов және Богдан Хмельницкий орденді 4-ші әуе десантында, Сталинград майданында фельдмаршал Паулюс армиясын қоршауға түсірген ерлер қатарында соғысты. Майданды Кенигсберг түбінде гвардия майоры шенінде аяқтады. Қоңырбай әкеміздің (1904-1943) артында Алуа апамыз қалды. Анасы Бөпіл менің кіндік шешем еді. Бисенғали атамыздан Жаниса, Бітім апаларымыз, Қоңырбай, Төлеген тәтеміз тараған. Ұрпақтары бар.
19 жасында соғыстан бронмен қалдырылған әкеміз Жанаш Нұрмахан ол жылдары елде ұстаздық ете жүріп, соғыс тақырыбына, басқа да мазмұнда орыс әдебиетіндегі жырларды Д.Жазықбаев үлгісімен жалғастырып, аударып, баспасөз беттерінде жариялап тұрды. Бұлардың ішінде А.Пановтың «Төрт қыз», В.Рожденственскийдің «Отан үшін», А.Сафроновтың «28 туралы жыр», С.Алымовтың «Ана тапсырмасы», Е.Долматовскийдің «Менің сүйіктім», В.Лебед-Кумачтың «Біздің жолдас комиссар», А.Гатовтың «Таня (Зоя Космодемьянская) туралы жырын», М.Исаковскийдің «Қызметтен шекарашы келе жатыр», М.Голодныйдың «Партизан Железнияк», Я.Шведовтың «Жас қыран», С.Стальскийдің «Балаларға», «Келеді жүйткіп почталық тройка», «Лизавета», тағы басқа да өлеңдерін аударып, облыстық газет арқылы таратып тұрған. 1945 жылғы, 9 мамырда Жеңіс күнін зарыға күткен халық, еңбекшілер мен мектеп ұжымдары облыс орталығы Гурьев (Атырау) қаласы алаңында «Далабай» әнінің авторы әкеміз Жанаш Нұрмаханның «Әскер жырымен» көшеге шерулетіп шыққанын айтады.
Көптеген майдангерлер, әкелер мен ағалар Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмады. Сол бір жылдардың естелігінде әкелердің барлығы 18-23 жасында ұлы істер атқарғанын ескерсек, олар сол өз уақытында жаспын деп емес, елге тұтқа, баспын деп үлкен жауапкершілікті мойнына алғанына таңғалмасқа амалың жоқ. Әрине, ол кезең мен бүгінгі заман аралығында айтулы уақиғалар мен дәуірдің жаңа бетбұрыстары болып өтті. Бейбіт заман орнап, жаңа ұрпақтың қалыптасуымен бірге олардың өмірге көзқарас, танымы мен пайымы да ұлы өзгерістерге түсіп жатты. Қазақ халқының ел басына күн туған қилы кезеңінде, әсіресе Екінші жаһандық соғыс тарихында майдан және тыл әндері немесе тарихи Жеңіс күні шырқалған ұлт тіліндегі патриоттық әндері аса көп те емес еді. Мұның ішінде М.Төлебаев пен Ж.Елебековтің «Тос, мені, тос», «Кестелі орамал» және «Жас қазақ» әндері аталып жүр. Майдан әндері туралы бұл естелік ел ішінен сондай дерек іздегендерге керек шығар деген ізгі ниетпен, «ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен қан кешкен», сол сұрапыл жылдарды басынан кешкен ата-бабасының өмір жолы артындағы ұрпақтарының жадында қалсын деген ниетпен ақ қағазға түсірдім.
Қанат Жанашұлы, «Алашордаға-100 жыл» республикалық жалпыұлттық әдеби байқауының А.Байтұрсынов атындағы арнаулы сыйлығының, «Әдеби Азия» Халықаралық I байқауының Гран-При иегері, Құлсары қаласы

- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 552
Жылыой ауданында соңғы төрт жылда 12 мың ағаш отырғызылды. Ағаш отырғызу акциясы Атырау облысының әкімдігі мен "Теңізшевройл" ЖШС арасында 2021 жылы қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында өтті.
Атап айтқанда, 2022 жылы Құлсары қаласында 9000 көшет, 2023 жылы 750 көшет отырғызылды. Алайда, көктемгі су тасқыны нәтижесінде 750 көшеттің көп бөлігі су астында қалды. 2024 жылы Құлсары қаласында 2030 көшет отырғызылды , - деді Жылыой ауданындағы ТШО компаниясының ресми өкілі Нұрлан Ерғалиев.
Жас ағаштарды суару және күту осы көктемде жалғасаады. Қазіргі уақытта биыл ағаш отырғызу алаңдары анықталуда.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы ТШО мен Атырау облысы әкімдігінің арасында меморандумға қол қойды. Оның аясында 2027 жылға дейін Жылыой ауданы мен облыс орталығында ағаш отырғызуға жыл сайын ақшалай қаражат бөлу жоспарлануда.

- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 1630
Ертеректе «Беломорканал» шылымын үзбестен 40 жыл тартқан бір көкеміздің денсаулығына байланысты одан бас тартуына тура келді. Бірден қойып кету оңай ма, бастапқыда қатты қиналды. Бірақ, «батырға да жан керек», сонда да шыдап бақты. «Қиналғаным соншалық, бұл пәлекет қайта-қайта түнімен түсіме кірді ғой. Ұйықтап кетсем болды, көк түтіннің ішінде қалқып жүремін, айнала ұшып жүрген «пачка-пачка» темекілер. «Тағы тартып кеттім бе» деп кейде шошып оянамын» деп сол қиналған сәттерін қазір күлімсіреп еске алады ақсақал. Сөйткен көкеміздің ұл-қыздары жақында әкесінің 80 жасқа, анасының 75-ке толған тойын дүркіретіп жасады. Егер баяғыдай шылым шегіп жүре берсе, бұл күнге жетер ме еді, жоқ па еді?
Иә, темекі адам жасын едәуір қысқартады. «Шылым шекпейтіндердің өмірі ұзақ» деп қорабының сыртында жазулы тұрса да, тіпті «азапты өлім», «шала туылуды» бейнелейтін қорқынышты суреттер тұрса да, жұрт осы никотинге құмар-ақ. Шылым тұтатқандар өзіне ғана кесел келтірмейді, айналасындағы адамдарға заһарын шашады. Елімізде, соның ішінде, Атырау аумағы мен Жылыой өңірінде де темекі шегетіндердің саны соңғы жылдары күрт көбеюде. Неге? Тіпті кәмелеттік жасқа толмаған бала- ларды да көріп жүргеніміз жасырын емес.
Темекі тарту – бұл әдет. Мұны айтып отырған мамандар. Ал қазақта «Ауру қалса да, әдет қалмайды" деген сөз бар. Демек, бұл аурудан да жаман кесел болып тұр. Міне, осы әдетпен күресудің бір шарасы ретінде биылғы шілде айынан бастап темекінің бағасы тағы да қымбаттады. Естеріңізде болса, өткен жылдары да зиянды заттың бағасы әрбір екі ай сайын 30 теңгеге көтеріліп тұрған болатын. Бірақ сонда да темекі шегушілер азайған жоқ. Бұл жерде мәселе ақшада емес, адам үшін бәрінен де қымбат байлық – денсаулықта екені белгілі. Десек те, бұл өнімнің жылдан жылға қымбаттай түсуі, оған деген сұраныстың азаюына да әкеп соқтыруы мүмкін.
Мұны реттеу үшін мемлекетіміз оңтайлы шешім шығарып жатыр деп есептейміз. Себебі, осындай тәжірибе шет мемлекеттерде де қолданылған. Және ол оң нәтижесін де беріп жатыр. Есімізге бірден Австралия түседі. Түгелдей бір материк атанып отырған бұл елде шылымның орташа бағасы 15,9 АҚШ доллары, теңгеге шақсақ, шамамен 7500 теңгені құрайды. Бұл жай ғана орташа баға болса, көз көріп үйренген Marlboro – 30$, Winston – 28,3$, Vogue – 29$ тұрады. Қарап тұрсақ, шынымен-ақ, қалтаға күш түсіреді. Және бір қызығы, бұл елде сырттан келген адамдар тек 50 грамм ғана табак өнімін кіргізе алады, қалған бөлігі заңмен тәркіленеді. Және шылымды да кез келген жерде тұтата ал- майсыз, арнайы орындарда ғана рұқсат. Заңға бағынбасаң, ауызды аштырар айыппұл арқалатып жібереді.
Біздің елде де арнайы орындар бекіту керек секілді. Себебі, күнделікті көзіміз көріп жүргендей, балалар көп жүретін жерлерде де, көпқабатты тұрғын үйлерде де тек өзіне ғана емес, өзгелерге кеселін тигізетіндер көп. Тіпті заң болса да, қоғамдық жердің де ауасын ластайтындар жетерлік. Бұларға заң жеңіл қарай ма, әлде құзырлы органдар мардымды қызмет жасамай ма? Ол жағын түсіне алмадық.
ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев темекіге ең төменгі бағаны көтеруді көздейтін «сүзгісі бар, сүзгісі жоқ темекілерге, папиростар мен сигариллаға және қыздырылатын темекі бұйымдарына ең төменгі бөлшек бағаны белгілеу туралы» №196 бұйрыққа түзетулер енгізді. Бұйрық құжатына сәйкес, фильтрлі, фильтрсіз 20 темекіге, папирос пен сигариллаға және қыздырылатын темекі бұйымдарына ең төменгі бөлшек сауда бағаларын 2024 жылғы 1 шілдесінен бастап 31 желтоқсанға дейін 770 теңгеден 820 теңгеге дейін бекіту жоспарланды. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 870 теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Бұл тек қана шекті баға екенін естен шығармауымыз керек. Белгілі брендтердің нарықтағы бағасы бұл бәстен жоғары. Негізінен, шылымның құнын тіптен қымбаттату керек. Себебі, никотинге тәуелді болып қалғандар өте көп. Күніне екі қорап темекіні аздық ететіндерді де көріп жүрміз. Мына мәселе денсаулыққа ғана орасан зор зиян келтірмей, қалтаға да кып-қызыл шығын әкеледі.
Табактардың бағасының көтерілуі де тегін емес. Темекі бұйымдарының ең төменгі бөлшек сауда бағасының көтерілуінің себебі, темекі өнімдеріне акциз ставкасының өткен жылмен салыстырғанда 12,8%-ға артуы болды (сүзгіден өткен және сүзгісіз темекіге, темекіге акциз ставкасы: 2023 жылы – 14100 теңге/1000 дана, 2024 жылы – 15 900 теңге/1000 дана).
Өткен жыл аяғында облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті рейдтік іс-шаралар өткізіп, бір ғана Атырау қаласының өзінен 67 млн.178 мың 454 теңгенің заңсыз сатылып жатқан 96 069 қорап темекі бұйымдарын анықтады. Ал өзге өңірлерді қоссақ, мұндай заңсыздықтар қаншама?! Бірақ соған қарамастан, нашақорлық секілді темекіге құмартушылар қатары азаяр емес.
Қорыта келе, жерлестерімізге айтарымыз: шылым шегу – сән емес, ол кесел. Қорабының сыртында-ақ қандай кесапатқа апарары көрсетілген. Темекі бірден сұлата салатын ин- сульт болмағанымен, бірте-бірте денсаулығыңды құртатын жегі құрт. Ол тек қана өлімге қарай тура жетелейді. Сондықтан, салауатты өмір салтын ұстанып, өзімізге де, өзгеге де зиянымызды тигізбейік. Ол үшін сөз басында мысал ретінде келтірген 80- нің сеңгіріне шыққан көкемізден үлгі- өнеге алайық! Осы бір жаман әдетті жасы келген қариялар жеңіп жатқанда, бойында жастық қайраты тасыған жастар неге жеңілуге тиісті?
Е.АЛТАЙҰЛЫ

- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 1799
Сонымен, биыл Жем жақсы тасыды. Арнасынан асып, ен далаға жайылды. Жоғарыдан екпінімен келген қарғын су Құлсарыны басып қалды. Ондаған ғимарат жарамсыздыққа ұшырап, мыңдаған жан баспанадан айырылды. Кінәлі кім? Қазіргі алыпқашпа әңгіменің себебі не, салмағы қандай? Сараптап көрелікші...
СУ ҚОЙМАСЫ ҚАЖЕТ-АҚ
Кейбіреулер қазіргі әкімдіктің аңдамай қалғандығын айтып жатыр. Расында да, солай ма? Мүмкін мәселенің түп төркіні тереңде жатқан шығар? Сан жылдар жетегінде адам- зат табиғатқа тағылық танытып, оның тылсымына қатыгездікпен қол сұққан болар. Тарихты таразылап көрсек, ықылым заманда Жем бойы жеті рудан құралған халыққа жәйлі қоныс екен. Жағалаудағы ел мыңғырған мал ұстаған. Төрт түлік тойып ішкенде деңгейі төмен түспейді екен. Өзен тайдай тулаған балыққа толыпты. ХІХ ғасырдың екінші жартысында мұнда орыс көпестері балық шаруашылығын қалыптастырған. Әсіресе, А.Сидоркин мен Р.Григорьев дегендер шаруасын шалқытып, аулаған өнімін Мәскеуге жөнелткен. Жемнің балығы патшаға ұнаса керек, бұларға ісін ілгері бастыруға пәрмен беріп, қазақтарды жағалаудан жырақ ығыстырған. Жергілікті жұрт жылқысын жетелеп әрірек қоныс аударған немесе көпестерге жалда- нып, жаңа мамандықты меңгерген. Қазан төңкерісінен соң байлар тым- тырақай қашқанда, осылар орнын басып қалған. Жылыойда балық аулау өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін созылды. Содан соң өзен тартылып, бұл шаруашылық та тұралады. Бастапқы балықшылардың немере-шөберелері Жылыойда әлі болуы да ықтимал. Айтпақшы, сол қарсаңда өзі де азайып қалған Жемді Каспийге жеткізбеу үшін алдын бөгегені жөнінде дерек бар. Сондағы мақсат – аз суды ауыл шаруашылығына пайдалану. Солай қалыптасып қалды. Ендеше, сонау уақыттағыдай теңізді толтырып жатқан Жем жоқ. Аз ба, көп пе – аудан территориясында. Қанша келсе де, ешқайда кетпейді.
Жә, мұны жәй ғана тілге тиек етіп отырмыз. Өңірдің өткен тарихына көз жүгірткенде, ауданның бүгінгідей аса шөлейт аймақ болмағанын айтқымыз келді. Қазіргі жағрапиялық жағдайы өзен-көлге тапшы өңір ретінде суреттелсе, бұл бұрынғы арнасынан асқан судың әбден суалғаны. Әсіресе, соңғы уақытта жоғарыдан жететін ылғалдың азайғаны соншалық, үш-төрт жылдың төңірегінде бір топ жылыойлық сол жаққа арнайы барды. Оған себеп – әлдекімдердің бөгет тұрғызып, судың жолына кедергі келтіріп жатқаны жөнінде қауесет тарауы. Барғандар жағдайдың тым нашарлығын көрген. Көрші облыстың өзі ұрттам суға зар болып отыр екен. Барын өздері құйып алады. Сосын төменге қайдан жетсін?
Жалпы, Жем суының 90-95 пайызы қалың қардан құралады. Анау Мұғалжар тауында қыс қарлы болса, көктемде молшылық қалыптасады. Жоғарыдан төменге көп су келеді. Демек, ауа райына тікелей тәуелді. Әйтсе де, сол сапарда ақтөбеліктер өзен бойына реттегіш орнату қажеттігін айтыпты. Өйткені, кей кезде сараңдық танытып жататын Жемнің түбі тасуы ықтималдығын болжаған. Бұл үшін көріпкел болудың да аса қажеті жоқ. Себебі, мұндай ахуал ілгергі жылдары кездесіп отырған. Мәселен, 2010 жылы өзен арнасы 97,1 млн. текше метр болып, әдеттегі мөлшердің небәрі 29 пайызын құраса, келесі жылы 378 миллионға көтеріліп, 116 пайызға бір-ақ секірген. Міне, осылай жоқшылық пен тоқшылық кезектесіп отырған. Бұл табиғаттың мырза-сараңдығына байланысты. Ендеше, оған жергілікті атқарушы биліктің нендей кінәсі бар? Президент климаттың өзгеруі өркениетке қатер төндіріп отырған дағдарыс екендігін айтқан жоқ па? Онымен күресуге адамзаттың қауқары жетпейтін көрінеді.
Әйтсе де, салалас министрлік атқаратын шаруа көп. Өткен жылдар тасасында бұл бағытқа жауап беретін жан қалмаған. Су ресурстары мен ирригация министрлігі былтыр ғана құрылды. Бір жылда түк бітіріп үлгермеді. Жекеменшік жетегінде елдегі су қоймалары әркімге сатылып кетті. Енді біреудің мүлкіне қол сұғуға тыйым салынды. Қараусыз қалды бәрі. Каналдарға құм толды, жағалауын қамыс басты. Жергілікті атқарушы биліктің араласуға құқы жоқ. Бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсауға жатқызылады. Тексеруші органдар «сенің шаруаң емес, неге тұмсығыңды тығасың?» деп жазғырады. Сол жекеге өткен нысандардың қызметін қалыптастыратын мамандары да жеткіліксіз. Анау жылы Қызылағаштағы оқиға біраз былықтың бетін ашып еді, жөнделіп кете қойған жағдай әлі шамалы. Өйткені, маман жоқ, қаржы тапшы. Сонда әкімдікте не жазық бар?
Ілгергі уақытта да Жемнің асау мінез танытқан кезі болған. Қазір сонау 93-тің тасқынын жиі еске аламыз. Өйткені, сол жылы Құлсарыда бес жүз шамалы үй құлап, бірер адам өмірден өтті. Содан жадымызда көбірек жатталған тәрізді. Жылыойлық ақын, марқұм Айтуар Өтегеновтің:
Қамалды да бұзып-жарып өтердей,
Толқынына ағызып-ақ кетердей,
Көктемде тасып едің, ару Жем,
Арнаңнан бір асып едің, ару Жем, - деп жырлауы да сол кезде еді ғой. Содан бергі уақытта біраз тыныштық орнаған.
Әйтпесе, өзен өзге жылдары да тасыды. Тоқсан үштегі тасқында шаһардан 30 шақырым жердегі Қызылжар және 25 шақырым қашықтықтағы Мойнақ бөгеттері бұзылған. Сөйтіп, қала алыстан қорғалған. Төкен Танаұлы аудан тізгінін ұстап тұрған кезде де Жем тосын мінез танытты, бірақ қолдағы бар мүмкіндікпен Құлсарыға су кірмеді. Кейінгі-ілгерілі уақытта да түрлі оқиғалар орын алды. Мұның бәрі нендей ойға жетелейді? Жылыойға су қоймасы қажет-ақ. Бұл – әбден толғағы жеткен мәселе.
Сонау 93-тің тасқынында бүгінде облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің бас инженері екен. Кәсіпорын техникасын жұмылдырып, ортақ іске үлес қосқан. Кейін аудан әкімі болғанда Жем мәселесімен шындап шұғылдануға мүмкіндік тапты. Міне, осы азамат Жылыойда су қоймасы салынғанын қалайды. Тіпті қолайлы орын ретінде Бақашы мен Қарағайдың арасындағы 19 шақырымдық ен даланы атайды. Егер күрделі құрылыс жүзеге асса, мұнда егіншілікпен шұғылданып, әсіресе, тары егуге де мүмкіндік бар. Үш-төрт, тіпті одан да көп шаруашылықты қоныстандыруға жағдай жасалмақ. Жер емшегін емуге немесе төрт түлікті өргізуге ынта танытқандар өздері-ақ жетеді. Тек су болсын. Кезінде мұнда ел қоныстанған көрінеді. Соны неге жандандырмасқа? Бұл үшін, әрине, су қоймасы қажет.
Кейде көңіл толқынына берілген сәтте көрнекті мемлекет қайраткері Саламат Мұқашевтің «Таңбалы таңдар» атты кітабын парақтайтыным бар. Міне, осы шығармада Жылыойда қойма тұрғызу мәселесі айтылады. «Жылыой халқы, - депті ол, – көптен армандап жүрген Аралтөбе су қоймасын салу туралы үкімет қаулысы шықты. Жоспарға сәйкес бірнеше үй тұрғызылды, жол төселінді, ауызсу құбыры қатарға қосылды, болашақ бөгет құрылысына қажетті ірілі-ұсақты тас кендері іздестірілді. Өкініштісі, бұл күрделі құрылыс бастала түсті де тоқтатылды». Одан әрі абзал азамат осы қоймаға Жем суын жинап, шлюзбен табиғи саласы арқылы кішігірім көлдерді толтыру көзделгенін тілге тиек етеді. Сөйтіп, мал өсіретін, егін егетін бірнеше шаруашылық ұйымдастыру қолға алынбақ екен. Кейін министрліктер таратылып, бұл жұмыс жергілікті атқарушы билікке берілген. Ал, бұлардың қажетті қаражаты да, қуатты құрылыс кәсіпорындары да жоқ-ты. Әйтсе де, кеңестік кезде Теңіз кенішін игеруге қатысты шешім қабылданғанда, Аралтөбе су қоймасын мұнайшылардың қажетіне жарату жәйі тағы қозғалған. Алайда, «ғасыр жобасы» аталып, кен орны шетелдіктердің қолына көшкен соң, Аралтөбе мүлдем ұмыт қалған. Инвестор оған қомақты қаржы жұмсауды қажет етпеген.
Айтпақшы, осы су қоймасы туралы «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісіне берген сұхбатында мемлекет және қоғам қайраткері Нариман Қыпшақбайұлы да тілге тиек етеді. Кеңестік кезде министрдің міндетін, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы қызметін атқарған белгілі тұлға «Су тасқыны кезінде Жем өзенінің бойындағы Құлсарының құты қашты. Өткен ғасырдың 60- шы жылдары Жем өзені бойындағы Аралтөбеде су қоймасын салу мақсатында құрылыс жұмыстарын ба- стау туралы шешім қабылданған болатын. Мамандар үшін тұрғын үйлердің де іргетасы қаланған еді. Қазір оның қирандысы қалды. Уақытында сол су қоймасы салынғанда, елге жеткен алапат су тасқынына тосқауыл болар еді» деп пікірін білдірген. Жақында ғана 90 жасқа толуына орай «Отан» орденімен марапатталған белгілі су маманы сол жоба мәреге сәтті жеткізілгенде, бүгінде осы тұста суармалы егістік, малға дайын жем мен шөптің мекені боларына күмән келтірмейді. Ендеше, биыл арнасынан аса тасыған судың түпкі себебін тағы да сонау жылдарғы қателіктен іздеу қажет.
«Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, жаны қиналып, жүрегі ауырған жұрт барлық кінәні жергілікті әкімдерге артып отыр. Солар дер кезінде шара алмағандай, халықты құлағдар етпегендей. Шындығы солай ма? Әлеуметтік желіде республикалық «Байтақ» партиясының мүшесі Дайрабай Елдесбаевтың айтуынша, сәуірдің басында Мұғалжарда үш плотина жарылыпты. Бұл туралы төмендегілерге айтылмаған. Яғни облыс пен аудан әкімдері бейхабар. Жылыойға жедел жеткен су соның салдары. Бүгінде Құлсары тұрғыны Д.Елдесбаевтың туған жері Ақтөбе екен, сол жақтағы таныстарынан естіген. Егер рас болса, бұл жәйдің соңынан сұрауы болады.
Президент еліміздегі су тасқынына орай халыққа жолдаған үндеуінде мұндай сұрапыл соққының соңғы 80 жылда болып тұрған ірі апат екендігін айтты. Республиканың он облысында бір-ақ сәтте төтенше жағдай жариялануы, расында да, жадымызда жоқ. Мемлекет басшысы оған «табиғи апат» деп баға берді. Барлық құтқару жұмыстары өзінің тікелей бақылауында екенін ескертті. Ендеше, жергілікті атқарушы билікке кінә артудың нендей қажеті бар?
«БІЗ БІРГЕМІЗ», ДЕСЕК ТЕ...
Осындай сын шақта алғы шепке әртүрлі адамдардың шығатыны белгілі. Олар әкімдікпен бірлесіп, қиындықты қатар көтерсе жақсы ғой, ал ортаға от тастаса ше? Президент мұның да алдын алуға шақырған. «Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды та- ратпау қажет. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын» деді ол.
Өкінішке орай, атқарушы биліктің беделін түсіруге, оның жасап жатқан жұмыстарын жоққа шығаруға бағытталған әрекеттер орын алды. Қазір де әкімдікке жөнсіз талаптар қойылуда. Ортақ істе күш біріктірудің орнына жеке бастың қамы көбірек айтылуда. Аз ғана уақыт ішінде Құлсарыға Парламент депутаттары да, түрлі журналистер де келді. Олардың зардап шеккендермен жүздесуі, әрине, жөн. Бірақ ешқайсысы халықты әкімдікпен ақылдасып іс істеуге үндеген жоқ. Жұртқа жаны ашыған шығар, бірақ әкімдік атқарып жатқан жұмыстарды да айтуы қажет қой. Қайткенде де, әлеуметтік желіден мұндай әңгіме кездестірмедім. Жылыойға жеткен мәжілісмендердің Дүйсенбай Тұрғановтан басқасы бұл өңірді жете білмейді. Сонда ахуалды қалай бағалады екен? Рас, Парламент қабырғасында кейбір мәселелер көтерілді. Егер сол жөнімен жүзеге асырылса, Астанадан ат арытып келгендерден қайтарым болар.
Сайып келгенде, көп про- блема түйінінің тарқатылуы заң шығарушы органның, яғни Парламент депутаттарының, қабылдаған құжаттарына байланысты. Дәлірек айтқанда, сол заңдылықтардың орындалу тетігіне қатысты. Әйтпесе, құлсарылықтар сұраған әр отбасы- на – 50, тіпті 100 млн. теңге беру қазіргі ережеге сай келе ме? Осындай қаражат табылған жағдайда да оны таратуға атқарушы биліктің құқы бар ма? Мәжілісмендер халыққа соны неге айтпады? Әлде облыстық мәслихат қаржы бөле ме? Халық қалаулылары өздері қабылдаған қолданыстағы заңдылықтарды сол халыққа түсіндіргені дұрыс еді.
Немесе кейбір журналистер оқыс оқиғадан өзіндік түйін түйген тәрізді. Қазір бізде түрлі телеарналар толып жатыр. Жә, заң шеңберінде ашылған шығар, өздерінің көрермендері бар болар. Әйтсе де, сабырлық сақтауы қажет еді ғой. Олар жасалып жатқан жұмыстардан гөрі бұқара мен биліктің арасына сына қаққандай әсер қалдырды. Іс басында жүрген әкімді «қызметінде неге жоқ?» деп кінәлаудың нендей жөні бар? Ал, ол кабинетінде болса, «жұмсақ креслода отыр» деп айып тағуы мүмкін ғой. «Тырнақ астынан кір іздеу» деген осы емес пе? Өзі де блогер, тәуелсіз экономист Дәулет Мұқаев «Блогер – арнайы мәртебесі жоқ, әлеуметтік желіде пост жазатын адам» дейді. Оның пікірінше, кез келген адам блогер бола алады. Тағы да «Әлеуметтік желідегі көрсеткішін арттыру үшін көпе-көрнеу жалған ақпараттармен бөлісіп, ел арасында іріткі салудың соңы жақсылыққа апармайды» деп түйіндейді ол. Расында да, солай емес пе? Ашулы жұрттың қолтығына су бүркіп, атқарушы билікке айдап салу бастапқыда біраз шаруаны жүйелі атқаруға кедергі келтіріпті. Өзін түтіп қоя жаздаған жерлестерінің алдында салқынқандылық танытқан жас әкімге қайран қалғандайсың. «Сабыр түбі – сары алтын» дегенді санасына әбден түйген екен. Жүйкені жұқартатын жаланы да өзіне қабылдай білу – оңай нәрсе емес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазіргі заманда блогерлер көбейіп кетті. Олардың кейбір әрекеттері кері әсер етеді. Мәселенің байыбына бармай, зерттемей, үстірт қарайды» деген. Турасында солай. Әдістері әдейі арандату. Әйтпесе, Атырау- да сот ғимаратының дәлізінде төрағамен тәжікелесу кімге қызық? Балалар ауруханасының бас дәрігерін аңдып, беделіне нұқсан түсіруге тырысу нендей қажеттіліктен туды? Жылыойдағы тасқын кезінде де өздерінше халық қамын жоқтағансып, әкімге маза бермегендер жұрттың жәйін ойлағандар емес, жеке басының қамын көздегендер. Солай жасап, жалған бедел жинағандар. Расында да біреулер «бәленше қорықпайды, бәрін бетке айтады» деуі мүмкін ғой. Ал, содан кімге пайда, кімге зиян?
Әйтпесе, әкімге «Енді жұмыстан кетесіз бе?» деп сауал тастауы ешқандай әдепке жатпайды. Қазақстан Журналистер Одағы этиканы сақтауды, артық әрекетке бармауды үнемі айтып келеді. Одақ бұл ретте «Өкінішке орай, Журналистер одағына мүшелікке өткен кейбір әріптестеріміз заңға да, әдепке де қайшы әдеттерге барып жүргені жасырын емес» деп мәлімдеме жасады. Осы талапты сақтамаған оңтүстік өңірдегі бір журналист одақ қатарынан шығарылды. Байыптап қарасақ, әлі де тазартатын дүние жеткілікті. Бәле іздеген блогерлердің алды сотталып жатыр. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты жаңа заңнама бар. Ендеше, соны ұстанған жөн. Сонда жауапкершілік жүгі артар.
Мемлекет басшысы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновпен тікелей телефон арқылы сөйлескенінде қарғын судан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетілетіні, материалдық шығындары өтелетіні айтылды. Президент ешқандай отбасы, бірде-бір тұрғын назардан тыс қалмайтынын мәлімдеп, оларға жылы лебізін білдірді. Әрдайым қолдайтынын жеткізуді тапсырды. Бұл сөздің құлсарылықтарға тура қатысы бар. Мұны жылыойлықтар сезінуі тиіс. Бүгінде тасқын салдарын жоюға бағытталған шаралар жүріп жатыр. Әрине, зардап шеккендерді түсіну керек, олардың жанайқайын тыңдау шарт. Бірақ аудан әкімі солардың ортасында жүр. Ешқайда кетіп қалған жоқ. Тұрғындарға шығынды өтеудің үш жолы ұсынылды. Қайсысын қалайды – ерік өздерінде. Алдымен, үйін жөндеп алғысы келетіндердің барлық қажеті өтеледі. Қанша қаражат қажет, сонша ұсынылады. Рас, комиссия арқылы қаншалықты зиян шеккені анықталады. Одан әрі, жаңа үй сатып алушыларға облыс өңірінде баспана таңдау құқы беріледі. Қалаған үйінің бағасына келіседі. Рас, ақша алушының қолына емес, сатушының есебіне аударылады. Тәртіп солай. Демек, кейбіреулердің «қаражатты қалтама сал» деуі қате. Ақырында, қауіпсіз жерден тың баспана тұрғызушыларға жер телімі бар. Тек Құлсарыда барлық инфрақұрылыммен қамтылған орын тапшы. «Болашақ» ықшамауданы таңдалды. Жаңа Қаратонда жер телімі бар. Соны пайдалануға болады. Атқарушы билік мүмкін шаралардың бәрін алып жатыр.
Асан қайғы халқына жұмақ жер іздеп, осы өңірге де ат басын бұрған ғой. Сонда арнасынан асып жатқан айдынға тамсана қарап, «Өзеннің аты Жем болсын, Етек-жеңі кең бол - сын, Еркектері ер болсын, Әйелдері тең болсын» деген екен. Мүмкін Кең Жылыой атауы да содан қалған шығар? Әз Жәнібек ханға қазақтың ордасын осында тігуді ұсыныпты. Сөзіне құлақ аспаған билеушіге өкпесін де жасырмаған. Оның
Қырында қырық киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің, - деп ренішін білдіруі де содан.
Жылыойдың бұдан басқа да жадыға жатталған шежіресі аз ба? Міне, осындай қасиетті мекеннің адамдары ұсақталып кеткен бе, әлде әлдекімдердің айтқанына еріп жүр ме? Әлеуметтік желіде әкімді жасқа теңеп, мұндай қызметті атқаруға ерте екендігін жазып жатқандар да бар. Ау, отызда орда бұзып, қырықта қамал қиратпаса, елуде еңсе көтерер ме? «Жас келсе – іске» демей ме халқымыз? Ендеше, тізгін ұстайтын солар тұрғанда, аяқтан шалып қайтеміз? Жұмабек Қаражанов Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметінде де өзін көрсете білді. Шаһар басшысы іссапарға аттанғанда соның орнын басты. Енді туған жерге келген екен, құшақ жайып қарсы алған абзал. Мынадай ауыр сынға тап болған шағында қолдаған дұрыс.
Жалпы, соңғы жылдары Құлсары қаласының шөгіп бара жатқандығы жөнінде әңгіме көп. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бүркіт Базарбаевтың айтуынша, қала біртіндеп төмен түсіп келеді. Мәселен, бұрын Ақкиізтоғайда тұрып, түн ортасында аудан орталығының самаладай жарқыраған шамдарын анық көруге болады екен. Енді мұндай мүмкіндік жоқ. Сонау жылдары Теңіздегі көкке тік шаншылған тұрбалардан шыққан түтін ашық күндері Құлсарыдан қол бұлғап көзге шалынатын. Бүгінде ол да бұлыңғыр тартып, сағымға айналып кеткендей. Солай. Құлсарының асты қазылып жатыр. Демек, соған сәйкес республикалық деңгейде шара керек.
ҚАЗІРГІ ҚАРАКЕТ – КЕЛЕШЕК ҚАМЫ
Тағы да Саламат Мұқашевтің сөзін қайталасақ, кейбір газет әкімнің кемшілігін айтсам ғана оқушыларының алдында беделім өседі деп білетін сияқты. Ал, халық атқарушы биліктің тындырып жүрген ісін де білгісі келеді. Мемлекет басшысының «Біз ақпарат еркіндігін барынша қамтамасыз етіп жатырмыз» дегені бар. Қазір Құлсары қалыпты тірлігіне көшкен. Зардап шегушілерге түгел жәрдем жеткізілді. Бірі баспана сатып алса, кейбірі бұрынғы үйін жөндеуге кірісті. «Болашақ» ықшам ауданы құрылыс аймағына айналды. Бұл жер сонау жылы-ақ жеке үй салушыларға арналған. Солардың балалары үшін, алдымен, орта мектеп тұрғызылған. Өкінішке орай, бастама жоғарыдан қолдау таппай, одан әрі жалғаспай қалды. Дегенмен, сол кездегі аудан басшылығының тың орыннан жаңа елді мекен салу ниеті дұрыстығын дәлелдегендей. Енді аты айтып тұрғанындай, «Болашақ» болашақта көрікті ме кен болғалы тұр.
Қазіргі заман талабына сай мектеп пен балабақша, өзге де тұрмысқа қажетті нысандар бой көтереді. Келешекте мұнда да кәсіпкерлік өрістейді. Күзде қоныс тойлары аталып өтері кәміл. Қазіргі жоспарланған жүз үйдің құрылысын жергілікті мамандардың жүргізуі жылыойлық кәсіп иелеріне жұмыс көлемін ұсынды. Ондаған, тіпті жүздеген жан қызметпен қамтылады. Соның құрамынан зардап шегушілер де табылса, тіпті құба-құп. Өз баспанасын өзі салып алар еді. Атқарушы биліктің ақылды ісі емес пе? Сонау 93-тің тасқынында мұндай мүмкіндік болған жоқ. ТШО ғана жиырма үй тұрғызып берді. Ол кімге жетер? Сондықтан, зардап шегушілерге жер телімі берілді де, қалған шаруаны өздері тындырды. «Әуежай» ықшам ауданы солай пайда болған-ды. Енді бәрін билік өзі жасап жатыр. Көзді ашып-жұмғанша шаһар сыртынан ақ шағаладай әдемі үйлер бой көтермек. Жоғары жақтан жағдайға жедел назар аударылды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов 4 сәуірде-ақ Қарағайға қатер төнгенде ауданға жетті. Қалыптасқан қауіпті жете сезінген аймақ басшысы сол күні-ақ төтенше жағдай жариялады. Бұл қысқа мерзімде қажетті күш пен техника жинап алуға мүмкіндік берді. Жедел штаб құрылды. Мұның бәрі «атқарушы билік не тындырды?» деген сауалға жауап. Бастапқыда шыдамсыздық танытқандар да қазір сабасына түскен. Мәселен, Тұрсынгүл Жатақбаева, Нәсіпбай Сағынбаев секілді зардап шегушілер көрсетілген көмекке көңілдері толатынын айтады. Жоғарыдай айтқан Дайрабай Елдесбаев бөлінген ақшаға разы болып, енді бұрынғы баспанасын бұзып, орнына жаңасын салмақ ойы бар екенін жеткізді. Ал, «Болашақ» ықшам ауданында салынып жатқан үйлер қыркүйекте есігін айқара ашпақ. Президенттің берген тапсырмасы да - осы айға дейін тасқын салдарын түгелімен жою. Сөйтіп, қалыпты өмірді қалыптастыру. Қазір барлық шаруа соған жұмылдырылған. Тіпті соған дейін төтенше жағдайды сақтаған да жөн секілді. Бұл қолдағы бар мүмкіндікті сарқа пайдалануға жағдай жасайды.
Ендігі мақсат – алдағы уақытта мұндай апатты болдырмау. Қанша қиындық болса да, Жылыой халқы да, оның жас әкімі да алғашқы ауыр сынды бастан өткерді. Сонау тоқсан үштің тауқыметінен бері отыз жыл өтті десек, жаңа ұрпақ қалыптасты. Олар да тосын қиыншылықты бастан кешірді. Енді соның салдарын жоюға кіріскен. Халықтың күші араздықта емес, ауызбірлікте екенін ұғынған болар. Әйтсе де, о баста эмоцияға беріліп, әкімнің жағасына жармасуға шақ қалғандар енді сол ісіне ұялатындар да шығар. «Ашу – дұшпан» дегендей, нендей сөздер айтылмады?! Осы орайда соларды сабасына түсіретін ақсақалдардың көрінбегені таң қалдырды. Ауданда солардың басын біріктіріп отырған ұйым бар емес пе? Солардың мүшелері «Ау, ағайын, сабыр сақтайық» деп жұртты сабасына түсірді ме? Немесе қоғамдық кеңес көсем сөзін айтты ма? Аналар кеңесі, жастар бірлестігі жақсылыққа шақырды ма? Ал, Құлсары қаласының әкімі ше? Шаһар тірлігі соның шаруасы ғой. Әлеуметтік желіде оның бейнесін көре алмадық. Атырауды қос қапталдан Жайық қысқанда, жерлесіміз, облыс орталығының басшысы Шәкір Кейкін ұйқыны да, күлкіні де қойған. Күні-түні бөгет басынан табылған.
Әйтпесе, аудан әкімі мен оның орынбасарларын шырылдатып қойып, ашынған адамдардың алдына шығарған жарасымды ма? Бүгінде Құлсарыны қаржыландыру жақсы жүргізілді. «Самұрық-Қазына» өзінің еншілес кәсіпорындары арқылы жеті миллиард теңге бөлді. Өзге де қаражат көздері табылды. Бұрын-соңды мұндай құйылым болмаған. Енді суға кеткен қаланы қалпына келтіру өз алдына, оны келешекте қорғауға да мүмкіндік туғандай. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов оны әріден қоршап, қорған салуды ұсынады. Шаһар ішінде қалған Орта Азия-Орталық газ құбырын сыртқа шығару қажеттігін айтады. Бұл мәселе бұрын да көтерілген екен, бірақ шешімін таппаған. Егер енді жүзеге асырылса, онда орнына құрылыс жүргізуге болар еді. Басқа да бастамалар бар. Соның ең тиімдісі таңдалғаны дұрыс. Осы қомақты қызмет қолға алынса, ауқымды іс біткелі тұр. Сонда Жемді жылда үреймен емес, үмітпен күтетін боламыз. Оның мол суын аудан қажетіне жұмсаймыз.
Міне, осы жұмысты аудан тұрғындары әкіммен бірге атқаруы қажет. Бұл жолғы апаттың адам қолымен емес, табиғаттың тарпаң мінезімен жасалғанын Мемлекет басшысы да айтты. Еліміздің он облысында төтенше жағдай жариялануы тегін емес. Аудан әкімінің қызметін облыс басшысы Серік Шәпкенов те оң бағалап отыр. Орнын ауыстыру ойында жоқ екенін ашық білдірді. Өзіне тіке сауал қойған тілшіге осылай деп тура жауап қайтарды. Қазіргі мақсат – білек сыбанып, тасқынның салдарын жою. Аймақ басшысы соны меңзеді. Жылыойлықтар да жерлес жігіттен құтылуға асық емес. Кейбір желауыздар болмаса, дені қолдайды. Ендеше, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ортақ шаруада бір жағадан бас шығарған жөн.
P.S. Жақында Құлсарыға бардым. Халық қалыпты тұрмыста. Жоспарлы жұмыстар жүріп жатыр. Жолдар жөнделуде, үйлер қалпына келтіріліп жатыр. Тірлік жалғасуда. Ау- данды басқарған жылдары облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов қалаға кірер маңдайшаға Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзін жаздырған екен. Шынында солай емес пе, аққу көлге, шаян жерге тартса, не болмақ? Атырауда кезінде қызмет бабымен келіп қалған бір топ жылыойлық тұрамыз. Бәріміздің де Құлсарыда туысқандарымыз, дос-жарандарымыз, бауырларымыз бар. Солардың да бірқатары зардап шекті. Тіпті туған жеріміз емес пе, жанымыз қатты ашыды. Осы жолдардың авторы Өзбек еліндегі демалысын үзіп, елге жеткенше асықты. Сырттай қолдау көрсеттік, іштей аманшылығын тіледік. Жерлестеріміздің сын сағатынан шыңдалып шығарына сендік. Енді апаттың қайталанбауын қаладық. Ылайымда, солай болсын!
Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
«Еңбек ардагері» медалінің иегері,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Атырау қаласы
Еще материалы
- «Азаматтарға арналған үкіметтің» құрылғанына 8 жыл: цифрландыру мемлекеттік қызметтер саласын қалай өзгертті
- Үй жалдау ақысының жартысын мемлекет төлейді: Жаңа бағдарлама қашан іске қосылады?
- Атыраулық полицейлер өрт шыққан пәтерден 30-ға жуық тұрғындарды құтқарды
- Қазақстанда Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде азық-түлік бағасы қалай өзгерді?