Ертеректе «Беломорканал» шылымын үзбестен 40 жыл тартқан бір көкеміздің денсаулығына байланысты одан бас тартуына тура келді. Бірден қойып кету оңай ма, бастапқыда қатты қиналды. Бірақ, «батырға да жан керек», сонда да шыдап бақты. «Қиналғаным соншалық, бұл пәлекет қайта-қайта түнімен түсіме кірді ғой. Ұйықтап кетсем болды, көк түтіннің ішінде қалқып жүремін, айнала ұшып жүрген «пачка-пачка» темекілер. «Тағы тартып кеттім бе» деп кейде шошып оянамын» деп сол қиналған сәттерін қазір күлімсіреп еске алады ақсақал. Сөйткен көкеміздің ұл-қыздары жақында әкесінің 80 жасқа, анасының 75-ке толған тойын дүркіретіп жасады. Егер баяғыдай шылым шегіп жүре берсе, бұл күнге жетер ме еді, жоқ па еді?
Иә, темекі адам жасын едәуір қысқартады. «Шылым шекпейтіндердің өмірі ұзақ» деп қорабының сыртында жазулы тұрса да, тіпті «азапты өлім», «шала туылуды» бейнелейтін қорқынышты суреттер тұрса да, жұрт осы никотинге құмар-ақ. Шылым тұтатқандар өзіне ғана кесел келтірмейді, айналасындағы адамдарға заһарын шашады. Елімізде, соның ішінде, Атырау аумағы мен Жылыой өңірінде де темекі шегетіндердің саны соңғы жылдары күрт көбеюде. Неге? Тіпті кәмелеттік жасқа толмаған бала- ларды да көріп жүргеніміз жасырын емес.
Темекі тарту – бұл әдет. Мұны айтып отырған мамандар. Ал қазақта «Ауру қалса да, әдет қалмайды" деген сөз бар. Демек, бұл аурудан да жаман кесел болып тұр. Міне, осы әдетпен күресудің бір шарасы ретінде биылғы шілде айынан бастап темекінің бағасы тағы да қымбаттады. Естеріңізде болса, өткен жылдары да зиянды заттың бағасы әрбір екі ай сайын 30 теңгеге көтеріліп тұрған болатын. Бірақ сонда да темекі шегушілер азайған жоқ. Бұл жерде мәселе ақшада емес, адам үшін бәрінен де қымбат байлық – денсаулықта екені белгілі. Десек те, бұл өнімнің жылдан жылға қымбаттай түсуі, оған деген сұраныстың азаюына да әкеп соқтыруы мүмкін.
Мұны реттеу үшін мемлекетіміз оңтайлы шешім шығарып жатыр деп есептейміз. Себебі, осындай тәжірибе шет мемлекеттерде де қолданылған. Және ол оң нәтижесін де беріп жатыр. Есімізге бірден Австралия түседі. Түгелдей бір материк атанып отырған бұл елде шылымның орташа бағасы 15,9 АҚШ доллары, теңгеге шақсақ, шамамен 7500 теңгені құрайды. Бұл жай ғана орташа баға болса, көз көріп үйренген Marlboro – 30$, Winston – 28,3$, Vogue – 29$ тұрады. Қарап тұрсақ, шынымен-ақ, қалтаға күш түсіреді. Және бір қызығы, бұл елде сырттан келген адамдар тек 50 грамм ғана табак өнімін кіргізе алады, қалған бөлігі заңмен тәркіленеді. Және шылымды да кез келген жерде тұтата ал- майсыз, арнайы орындарда ғана рұқсат. Заңға бағынбасаң, ауызды аштырар айыппұл арқалатып жібереді.
Біздің елде де арнайы орындар бекіту керек секілді. Себебі, күнделікті көзіміз көріп жүргендей, балалар көп жүретін жерлерде де, көпқабатты тұрғын үйлерде де тек өзіне ғана емес, өзгелерге кеселін тигізетіндер көп. Тіпті заң болса да, қоғамдық жердің де ауасын ластайтындар жетерлік. Бұларға заң жеңіл қарай ма, әлде құзырлы органдар мардымды қызмет жасамай ма? Ол жағын түсіне алмадық.
ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев темекіге ең төменгі бағаны көтеруді көздейтін «сүзгісі бар, сүзгісі жоқ темекілерге, папиростар мен сигариллаға және қыздырылатын темекі бұйымдарына ең төменгі бөлшек бағаны белгілеу туралы» №196 бұйрыққа түзетулер енгізді. Бұйрық құжатына сәйкес, фильтрлі, фильтрсіз 20 темекіге, папирос пен сигариллаға және қыздырылатын темекі бұйымдарына ең төменгі бөлшек сауда бағаларын 2024 жылғы 1 шілдесінен бастап 31 желтоқсанға дейін 770 теңгеден 820 теңгеге дейін бекіту жоспарланды. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 870 теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Бұл тек қана шекті баға екенін естен шығармауымыз керек. Белгілі брендтердің нарықтағы бағасы бұл бәстен жоғары. Негізінен, шылымның құнын тіптен қымбаттату керек. Себебі, никотинге тәуелді болып қалғандар өте көп. Күніне екі қорап темекіні аздық ететіндерді де көріп жүрміз. Мына мәселе денсаулыққа ғана орасан зор зиян келтірмей, қалтаға да кып-қызыл шығын әкеледі.
Табактардың бағасының көтерілуі де тегін емес. Темекі бұйымдарының ең төменгі бөлшек сауда бағасының көтерілуінің себебі, темекі өнімдеріне акциз ставкасының өткен жылмен салыстырғанда 12,8%-ға артуы болды (сүзгіден өткен және сүзгісіз темекіге, темекіге акциз ставкасы: 2023 жылы – 14100 теңге/1000 дана, 2024 жылы – 15 900 теңге/1000 дана).
Өткен жыл аяғында облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті рейдтік іс-шаралар өткізіп, бір ғана Атырау қаласының өзінен 67 млн.178 мың 454 теңгенің заңсыз сатылып жатқан 96 069 қорап темекі бұйымдарын анықтады. Ал өзге өңірлерді қоссақ, мұндай заңсыздықтар қаншама?! Бірақ соған қарамастан, нашақорлық секілді темекіге құмартушылар қатары азаяр емес.
Қорыта келе, жерлестерімізге айтарымыз: шылым шегу – сән емес, ол кесел. Қорабының сыртында-ақ қандай кесапатқа апарары көрсетілген. Темекі бірден сұлата салатын ин- сульт болмағанымен, бірте-бірте денсаулығыңды құртатын жегі құрт. Ол тек қана өлімге қарай тура жетелейді. Сондықтан, салауатты өмір салтын ұстанып, өзімізге де, өзгеге де зиянымызды тигізбейік. Ол үшін сөз басында мысал ретінде келтірген 80- нің сеңгіріне шыққан көкемізден үлгі- өнеге алайық! Осы бір жаман әдетті жасы келген қариялар жеңіп жатқанда, бойында жастық қайраты тасыған жастар неге жеңілуге тиісті?
Е.АЛТАЙҰЛЫ