ЖЕМ: ҮМІТ ПЕН ҮРЕЙ

Сонымен, биыл Жем жақсы тасыды. Арнасынан асып, ен далаға жайылды. Жоғарыдан екпінімен келген қарғын су Құлсарыны басып қалды. Ондаған ғимарат жарамсыздыққа ұшырап, мыңдаған жан баспанадан айырылды. Кінәлі кім? Қазіргі алыпқашпа әңгіменің себебі не, салмағы қандай? Сараптап көрелікші...

СУ ҚОЙМАСЫ ҚАЖЕТ-АҚ

Кейбіреулер қазіргі әкімдіктің аңдамай қалғандығын айтып жатыр. Расында да, солай ма? Мүмкін мәселенің түп төркіні тереңде жатқан шығар? Сан жылдар жетегінде адам- зат табиғатқа тағылық танытып, оның тылсымына қатыгездікпен қол сұққан болар. Тарихты таразылап көрсек, ықылым заманда Жем бойы жеті рудан құралған халыққа жәйлі қоныс екен. Жағалаудағы ел мыңғырған мал ұстаған. Төрт түлік тойып ішкенде деңгейі төмен түспейді екен. Өзен тайдай тулаған балыққа толыпты. ХІХ ғасырдың екінші жартысында мұнда орыс көпестері балық шаруашылығын қалыптастырған. Әсіресе, А.Сидоркин мен Р.Григорьев дегендер шаруасын шалқытып, аулаған өнімін Мәскеуге жөнелткен. Жемнің балығы патшаға ұнаса керек, бұларға ісін ілгері бастыруға пәрмен беріп, қазақтарды жағалаудан жырақ ығыстырған. Жергілікті жұрт жылқысын жетелеп әрірек қоныс аударған немесе көпестерге жалда- нып, жаңа мамандықты меңгерген. Қазан төңкерісінен соң байлар тым- тырақай қашқанда, осылар орнын басып қалған. Жылыойда балық аулау өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін созылды. Содан соң өзен тартылып, бұл шаруашылық та тұралады. Бастапқы балықшылардың немере-шөберелері Жылыойда әлі болуы да ықтимал. Айтпақшы, сол қарсаңда өзі де азайып қалған Жемді Каспийге жеткізбеу үшін алдын бөгегені жөнінде дерек бар. Сондағы мақсат – аз суды ауыл шаруашылығына пайдалану. Солай қалыптасып қалды. Ендеше, сонау уақыттағыдай теңізді толтырып жатқан Жем жоқ. Аз ба, көп пе – аудан территориясында. Қанша келсе де, ешқайда кетпейді.

Жә, мұны жәй ғана тілге тиек етіп отырмыз. Өңірдің өткен тарихына көз жүгірткенде, ауданның бүгінгідей аса шөлейт аймақ болмағанын айтқымыз келді. Қазіргі жағрапиялық жағдайы өзен-көлге тапшы өңір ретінде суреттелсе, бұл бұрынғы арнасынан асқан судың әбден суалғаны. Әсіресе, соңғы уақытта жоғарыдан жететін ылғалдың азайғаны соншалық, үш-төрт жылдың төңірегінде бір топ жылыойлық сол жаққа арнайы барды. Оған себеп – әлдекімдердің бөгет тұрғызып, судың жолына кедергі келтіріп жатқаны жөнінде қауесет тарауы. Барғандар жағдайдың тым нашарлығын көрген. Көрші облыстың өзі ұрттам суға зар болып отыр екен. Барын өздері құйып алады. Сосын төменге қайдан жетсін?

Жалпы, Жем суының 90-95 пайызы қалың қардан құралады. Анау Мұғалжар тауында қыс қарлы болса, көктемде молшылық қалыптасады. Жоғарыдан төменге көп су келеді. Демек, ауа райына тікелей тәуелді. Әйтсе де, сол сапарда ақтөбеліктер өзен бойына реттегіш орнату қажеттігін айтыпты. Өйткені, кей кезде сараңдық танытып жататын Жемнің түбі тасуы ықтималдығын болжаған. Бұл үшін көріпкел болудың да аса қажеті жоқ. Себебі, мұндай ахуал ілгергі жылдары кездесіп отырған. Мәселен, 2010 жылы өзен арнасы 97,1 млн. текше метр болып, әдеттегі мөлшердің небәрі 29 пайызын құраса, келесі жылы 378 миллионға көтеріліп, 116 пайызға бір-ақ секірген. Міне, осылай жоқшылық пен тоқшылық кезектесіп отырған. Бұл табиғаттың мырза-сараңдығына байланысты. Ендеше, оған жергілікті атқарушы биліктің нендей кінәсі бар? Президент климаттың өзгеруі өркениетке қатер төндіріп отырған дағдарыс екендігін айтқан жоқ па? Онымен күресуге адамзаттың қауқары жетпейтін көрінеді.

Әйтсе де, салалас министрлік атқаратын шаруа көп. Өткен жылдар тасасында бұл бағытқа жауап беретін жан қалмаған. Су ресурстары мен ирригация министрлігі былтыр ғана құрылды. Бір жылда түк бітіріп үлгермеді. Жекеменшік жетегінде елдегі су қоймалары әркімге сатылып кетті. Енді біреудің мүлкіне қол сұғуға тыйым салынды. Қараусыз қалды бәрі. Каналдарға құм толды, жағалауын қамыс басты. Жергілікті атқарушы биліктің араласуға құқы жоқ. Бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсауға жатқызылады. Тексеруші органдар «сенің шаруаң емес, неге тұмсығыңды тығасың?» деп жазғырады. Сол жекеге өткен нысандардың қызметін қалыптастыратын мамандары да жеткіліксіз. Анау жылы Қызылағаштағы оқиға біраз былықтың бетін ашып еді, жөнделіп кете қойған жағдай әлі шамалы. Өйткені, маман жоқ, қаржы тапшы. Сонда әкімдікте не жазық бар?

Ілгергі уақытта да Жемнің асау мінез танытқан кезі болған. Қазір сонау 93-тің тасқынын жиі еске аламыз. Өйткені, сол жылы Құлсарыда бес жүз шамалы үй құлап, бірер адам өмірден өтті. Содан жадымызда көбірек жатталған тәрізді. Жылыойлық ақын, марқұм Айтуар Өтегеновтің:

Қамалды да бұзып-жарып өтердей,

Толқынына ағызып-ақ кетердей,

Көктемде тасып едің, ару Жем,

Арнаңнан бір асып едің, ару Жем, - деп жырлауы да сол кезде еді ғой. Содан бергі уақытта біраз тыныштық орнаған.

Әйтпесе, өзен өзге жылдары да тасыды. Тоқсан үштегі тасқында шаһардан 30 шақырым жердегі Қызылжар және 25 шақырым қашықтықтағы Мойнақ бөгеттері бұзылған. Сөйтіп, қала алыстан қорғалған. Төкен Танаұлы аудан тізгінін ұстап тұрған кезде де Жем тосын мінез танытты, бірақ қолдағы бар мүмкіндікпен Құлсарыға су кірмеді. Кейінгі-ілгерілі уақытта да түрлі оқиғалар орын алды. Мұның бәрі нендей ойға жетелейді? Жылыойға су қоймасы қажет-ақ. Бұл – әбден толғағы жеткен мәселе.

Сонау 93-тің тасқынында бүгінде облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің бас инженері екен. Кәсіпорын техникасын жұмылдырып, ортақ іске үлес қосқан. Кейін аудан әкімі болғанда Жем мәселесімен шындап шұғылдануға мүмкіндік тапты. Міне, осы азамат Жылыойда су қоймасы салынғанын қалайды. Тіпті қолайлы орын ретінде Бақашы мен Қарағайдың арасындағы 19 шақырымдық ен даланы атайды. Егер күрделі құрылыс жүзеге асса, мұнда егіншілікпен шұғылданып, әсіресе, тары егуге де мүмкіндік бар. Үш-төрт, тіпті одан да көп шаруашылықты қоныстандыруға жағдай жасалмақ. Жер емшегін емуге немесе төрт түлікті өргізуге ынта танытқандар өздері-ақ жетеді. Тек су болсын. Кезінде мұнда ел қоныстанған көрінеді. Соны неге жандандырмасқа? Бұл үшін, әрине, су қоймасы қажет.

Кейде көңіл толқынына берілген сәтте көрнекті мемлекет қайраткері Саламат Мұқашевтің «Таңбалы таңдар» атты кітабын парақтайтыным бар. Міне, осы шығармада Жылыойда қойма тұрғызу мәселесі айтылады. «Жылыой халқы, - депті ол, – көптен армандап жүрген Аралтөбе су қоймасын салу туралы үкімет қаулысы шықты. Жоспарға сәйкес бірнеше үй тұрғызылды, жол төселінді, ауызсу құбыры қатарға қосылды, болашақ бөгет құрылысына қажетті ірілі-ұсақты тас кендері іздестірілді. Өкініштісі, бұл күрделі құрылыс бастала түсті де тоқтатылды». Одан әрі абзал азамат осы қоймаға Жем суын жинап, шлюзбен табиғи саласы арқылы кішігірім көлдерді толтыру көзделгенін тілге тиек етеді. Сөйтіп, мал өсіретін, егін егетін бірнеше шаруашылық ұйымдастыру қолға алынбақ екен. Кейін министрліктер таратылып, бұл жұмыс жергілікті атқарушы билікке берілген. Ал, бұлардың қажетті қаражаты да, қуатты құрылыс кәсіпорындары да жоқ-ты. Әйтсе де, кеңестік кезде Теңіз кенішін игеруге қатысты шешім қабылданғанда, Аралтөбе су қоймасын мұнайшылардың қажетіне жарату жәйі тағы қозғалған. Алайда, «ғасыр жобасы» аталып, кен орны шетелдіктердің қолына көшкен соң, Аралтөбе мүлдем ұмыт қалған. Инвестор оған қомақты қаржы жұмсауды қажет етпеген.

Айтпақшы, осы су қоймасы туралы «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісіне берген сұхбатында мемлекет және қоғам қайраткері Нариман Қыпшақбайұлы да тілге тиек етеді. Кеңестік кезде министрдің міндетін, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы қызметін атқарған белгілі тұлға «Су тасқыны кезінде Жем өзенінің бойындағы Құлсарының құты қашты. Өткен ғасырдың 60- шы жылдары Жем өзені бойындағы Аралтөбеде су қоймасын салу мақсатында құрылыс жұмыстарын ба- стау туралы шешім қабылданған болатын. Мамандар үшін тұрғын үйлердің де іргетасы қаланған еді. Қазір оның қирандысы қалды. Уақытында сол су қоймасы салынғанда, елге жеткен алапат су тасқынына тосқауыл болар еді» деп пікірін білдірген. Жақында ғана 90 жасқа толуына орай «Отан» орденімен марапатталған белгілі су маманы сол жоба мәреге сәтті жеткізілгенде, бүгінде осы тұста суармалы егістік, малға дайын жем мен шөптің мекені боларына күмән келтірмейді. Ендеше, биыл арнасынан аса тасыған судың түпкі себебін тағы да сонау жылдарғы қателіктен іздеу қажет.

«Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, жаны қиналып, жүрегі ауырған жұрт барлық кінәні жергілікті әкімдерге артып отыр. Солар дер кезінде шара алмағандай, халықты құлағдар етпегендей. Шындығы солай ма? Әлеуметтік желіде республикалық «Байтақ» партиясының мүшесі Дайрабай Елдесбаевтың айтуынша, сәуірдің басында Мұғалжарда үш плотина жарылыпты. Бұл туралы төмендегілерге айтылмаған. Яғни облыс пен аудан әкімдері бейхабар. Жылыойға жедел жеткен су соның салдары. Бүгінде Құлсары тұрғыны Д.Елдесбаевтың туған жері Ақтөбе екен, сол жақтағы таныстарынан естіген. Егер рас болса, бұл жәйдің соңынан сұрауы болады.

Президент еліміздегі су тасқынына орай халыққа жолдаған үндеуінде мұндай сұрапыл соққының соңғы 80 жылда болып тұрған ірі апат екендігін айтты. Республиканың он облысында бір-ақ сәтте төтенше жағдай жариялануы, расында да, жадымызда жоқ. Мемлекет басшысы оған «табиғи апат» деп баға берді. Барлық құтқару жұмыстары өзінің тікелей бақылауында екенін ескертті. Ендеше, жергілікті атқарушы билікке кінә артудың нендей қажеті бар?

«БІЗ БІРГЕМІЗ», ДЕСЕК ТЕ...

Осындай сын шақта алғы шепке әртүрлі адамдардың шығатыны белгілі. Олар әкімдікпен бірлесіп, қиындықты қатар көтерсе жақсы ғой, ал ортаға от тастаса ше? Президент мұның да алдын алуға шақырған. «Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды та- ратпау қажет. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын» деді ол.

Өкінішке орай, атқарушы биліктің беделін түсіруге, оның жасап жатқан жұмыстарын жоққа шығаруға бағытталған әрекеттер орын алды. Қазір де әкімдікке жөнсіз талаптар қойылуда. Ортақ істе күш біріктірудің орнына жеке бастың қамы көбірек айтылуда. Аз ғана уақыт ішінде Құлсарыға Парламент депутаттары да, түрлі журналистер де келді. Олардың зардап шеккендермен жүздесуі, әрине, жөн. Бірақ ешқайсысы халықты әкімдікпен ақылдасып іс істеуге үндеген жоқ. Жұртқа жаны ашыған шығар, бірақ әкімдік атқарып жатқан жұмыстарды да айтуы қажет қой. Қайткенде де, әлеуметтік желіден мұндай әңгіме кездестірмедім. Жылыойға жеткен мәжілісмендердің Дүйсенбай Тұрғановтан басқасы бұл өңірді жете білмейді. Сонда ахуалды қалай бағалады екен? Рас, Парламент қабырғасында кейбір мәселелер көтерілді. Егер сол жөнімен жүзеге асырылса, Астанадан ат арытып келгендерден қайтарым болар.

Сайып келгенде, көп про- блема түйінінің тарқатылуы заң шығарушы органның, яғни Парламент депутаттарының, қабылдаған құжаттарына байланысты. Дәлірек айтқанда, сол заңдылықтардың орындалу тетігіне қатысты. Әйтпесе, құлсарылықтар сұраған әр отбасы- на – 50, тіпті 100 млн. теңге беру қазіргі ережеге сай келе ме? Осындай қаражат табылған жағдайда да оны таратуға атқарушы биліктің құқы бар ма? Мәжілісмендер халыққа соны неге айтпады? Әлде облыстық мәслихат қаржы бөле ме? Халық қалаулылары өздері қабылдаған қолданыстағы заңдылықтарды сол халыққа түсіндіргені дұрыс еді.

Немесе кейбір журналистер оқыс оқиғадан өзіндік түйін түйген тәрізді. Қазір бізде түрлі телеарналар толып жатыр. Жә, заң шеңберінде ашылған шығар, өздерінің көрермендері бар болар. Әйтсе де, сабырлық сақтауы қажет еді ғой. Олар жасалып жатқан жұмыстардан гөрі бұқара мен биліктің арасына сына қаққандай әсер қалдырды. Іс басында жүрген әкімді «қызметінде неге жоқ?» деп кінәлаудың нендей жөні бар? Ал, ол кабинетінде болса, «жұмсақ креслода отыр» деп айып тағуы мүмкін ғой. «Тырнақ астынан кір іздеу» деген осы емес пе? Өзі де блогер, тәуелсіз экономист Дәулет Мұқаев «Блогер – арнайы мәртебесі жоқ, әлеуметтік желіде пост жазатын адам» дейді. Оның пікірінше, кез келген адам блогер бола алады. Тағы да «Әлеуметтік желідегі көрсеткішін арттыру үшін көпе-көрнеу жалған ақпараттармен бөлісіп, ел арасында іріткі салудың соңы жақсылыққа апармайды» деп түйіндейді ол. Расында да, солай емес пе? Ашулы жұрттың қолтығына су бүркіп, атқарушы билікке айдап салу бастапқыда біраз шаруаны жүйелі атқаруға кедергі келтіріпті. Өзін түтіп қоя жаздаған жерлестерінің алдында салқынқандылық танытқан жас әкімге қайран қалғандайсың. «Сабыр түбі – сары алтын» дегенді санасына әбден түйген екен. Жүйкені жұқартатын жаланы да өзіне қабылдай білу – оңай нәрсе емес.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазіргі заманда блогерлер көбейіп кетті. Олардың кейбір әрекеттері кері әсер етеді. Мәселенің байыбына бармай, зерттемей, үстірт қарайды» деген. Турасында солай. Әдістері әдейі арандату. Әйтпесе, Атырау- да сот ғимаратының дәлізінде төрағамен тәжікелесу кімге қызық? Балалар ауруханасының бас дәрігерін аңдып, беделіне нұқсан түсіруге тырысу нендей қажеттіліктен туды? Жылыойдағы тасқын кезінде де өздерінше халық қамын жоқтағансып, әкімге маза бермегендер жұрттың жәйін ойлағандар емес, жеке басының қамын көздегендер. Солай жасап, жалған бедел жинағандар. Расында да біреулер «бәленше қорықпайды, бәрін бетке айтады» деуі мүмкін ғой. Ал, содан кімге пайда, кімге зиян?

Әйтпесе, әкімге «Енді жұмыстан кетесіз бе?» деп сауал тастауы ешқандай әдепке жатпайды. Қазақстан Журналистер Одағы этиканы сақтауды, артық әрекетке бармауды үнемі айтып келеді. Одақ бұл ретте «Өкінішке орай, Журналистер одағына мүшелікке өткен кейбір әріптестеріміз заңға да, әдепке де қайшы әдеттерге барып жүргені жасырын емес» деп мәлімдеме жасады. Осы талапты сақтамаған оңтүстік өңірдегі бір журналист одақ қатарынан шығарылды. Байыптап қарасақ, әлі де тазартатын дүние жеткілікті. Бәле іздеген блогерлердің алды сотталып жатыр. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты жаңа заңнама бар. Ендеше, соны ұстанған жөн. Сонда жауапкершілік жүгі артар.

Мемлекет басшысы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновпен тікелей телефон арқылы сөйлескенінде қарғын судан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетілетіні, материалдық шығындары өтелетіні айтылды. Президент ешқандай отбасы, бірде-бір тұрғын назардан тыс қалмайтынын мәлімдеп, оларға жылы лебізін білдірді. Әрдайым қолдайтынын жеткізуді тапсырды. Бұл сөздің құлсарылықтарға тура қатысы бар. Мұны жылыойлықтар сезінуі тиіс. Бүгінде тасқын салдарын жоюға бағытталған шаралар жүріп жатыр. Әрине, зардап шеккендерді түсіну керек, олардың жанайқайын тыңдау шарт. Бірақ аудан әкімі солардың ортасында жүр. Ешқайда кетіп қалған жоқ. Тұрғындарға шығынды өтеудің үш жолы ұсынылды. Қайсысын қалайды – ерік өздерінде. Алдымен, үйін жөндеп алғысы келетіндердің барлық қажеті өтеледі. Қанша қаражат қажет, сонша ұсынылады. Рас, комиссия арқылы қаншалықты зиян шеккені анықталады. Одан әрі, жаңа үй сатып алушыларға облыс өңірінде баспана таңдау құқы беріледі. Қалаған үйінің бағасына келіседі. Рас, ақша алушының қолына емес, сатушының есебіне аударылады. Тәртіп солай. Демек, кейбіреулердің «қаражатты қалтама сал» деуі қате. Ақырында, қауіпсіз жерден тың баспана тұрғызушыларға жер телімі бар. Тек Құлсарыда барлық инфрақұрылыммен қамтылған орын тапшы. «Болашақ» ықшамауданы таңдалды. Жаңа Қаратонда жер телімі бар. Соны пайдалануға болады. Атқарушы билік мүмкін шаралардың бәрін алып жатыр.

Асан қайғы халқына жұмақ жер іздеп, осы өңірге де ат басын бұрған ғой. Сонда арнасынан асып жатқан айдынға тамсана қарап, «Өзеннің аты Жем болсын, Етек-жеңі кең бол - сын, Еркектері ер болсын, Әйелдері тең болсын» деген екен. Мүмкін Кең Жылыой атауы да содан қалған шығар? Әз Жәнібек ханға қазақтың ордасын осында тігуді ұсыныпты. Сөзіне құлақ аспаған билеушіге өкпесін де жасырмаған. Оның

Қырында қырық киік жайлаған,

Суында балық ойнаған,

Оймауыттай тоғай егіннің

Ойына келген асын жейтұғын

Жемде кеңес қылмадың,

Жемнен де елді көшірдің, - деп ренішін білдіруі де содан.

Жылыойдың бұдан басқа да жадыға жатталған шежіресі аз ба? Міне, осындай қасиетті мекеннің адамдары ұсақталып кеткен бе, әлде әлдекімдердің айтқанына еріп жүр ме? Әлеуметтік желіде әкімді жасқа теңеп, мұндай қызметті атқаруға ерте екендігін жазып жатқандар да бар. Ау, отызда орда бұзып, қырықта қамал қиратпаса, елуде еңсе көтерер ме? «Жас келсе – іске» демей ме халқымыз? Ендеше, тізгін ұстайтын солар тұрғанда, аяқтан шалып қайтеміз? Жұмабек Қаражанов Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметінде де өзін көрсете білді. Шаһар басшысы іссапарға аттанғанда соның орнын басты. Енді туған жерге келген екен, құшақ жайып қарсы алған абзал. Мынадай ауыр сынға тап болған шағында қолдаған дұрыс.

Жалпы, соңғы жылдары Құлсары қаласының шөгіп бара жатқандығы жөнінде әңгіме көп. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бүркіт Базарбаевтың айтуынша, қала біртіндеп төмен түсіп келеді. Мәселен, бұрын Ақкиізтоғайда тұрып, түн ортасында аудан орталығының самаладай жарқыраған шамдарын анық көруге болады екен. Енді мұндай мүмкіндік жоқ. Сонау жылдары Теңіздегі көкке тік шаншылған тұрбалардан шыққан түтін ашық күндері Құлсарыдан қол бұлғап көзге шалынатын. Бүгінде ол да бұлыңғыр тартып, сағымға айналып кеткендей. Солай. Құлсарының асты қазылып жатыр. Демек, соған сәйкес республикалық деңгейде шара керек.

ҚАЗІРГІ ҚАРАКЕТ – КЕЛЕШЕК ҚАМЫ

Тағы да Саламат Мұқашевтің сөзін қайталасақ, кейбір газет әкімнің кемшілігін айтсам ғана оқушыларының алдында беделім өседі деп білетін сияқты. Ал, халық атқарушы биліктің тындырып жүрген ісін де білгісі келеді. Мемлекет басшысының «Біз ақпарат еркіндігін барынша қамтамасыз етіп жатырмыз» дегені бар. Қазір Құлсары қалыпты тірлігіне көшкен. Зардап шегушілерге түгел жәрдем жеткізілді. Бірі баспана сатып алса, кейбірі бұрынғы үйін жөндеуге кірісті. «Болашақ» ықшам ауданы құрылыс аймағына айналды. Бұл жер сонау жылы-ақ жеке үй салушыларға арналған. Солардың балалары үшін, алдымен, орта мектеп тұрғызылған. Өкінішке орай, бастама жоғарыдан қолдау таппай, одан әрі жалғаспай қалды. Дегенмен, сол кездегі аудан басшылығының тың орыннан жаңа елді мекен салу ниеті дұрыстығын дәлелдегендей. Енді аты айтып тұрғанындай, «Болашақ» болашақта көрікті ме кен болғалы тұр.

Қазіргі заман талабына сай мектеп пен балабақша, өзге де тұрмысқа қажетті нысандар бой көтереді. Келешекте мұнда да кәсіпкерлік өрістейді. Күзде қоныс тойлары аталып өтері кәміл. Қазіргі жоспарланған жүз үйдің құрылысын жергілікті мамандардың жүргізуі жылыойлық кәсіп иелеріне жұмыс көлемін ұсынды. Ондаған, тіпті жүздеген жан қызметпен қамтылады. Соның құрамынан зардап шегушілер де табылса, тіпті құба-құп. Өз баспанасын өзі салып алар еді. Атқарушы биліктің ақылды ісі емес пе? Сонау 93-тің тасқынында мұндай мүмкіндік болған жоқ. ТШО ғана жиырма үй тұрғызып берді. Ол кімге жетер? Сондықтан, зардап шегушілерге жер телімі берілді де, қалған шаруаны өздері тындырды. «Әуежай» ықшам ауданы солай пайда болған-ды. Енді бәрін билік өзі жасап жатыр. Көзді ашып-жұмғанша шаһар сыртынан ақ шағаладай әдемі үйлер бой көтермек. Жоғары жақтан жағдайға жедел назар аударылды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов 4 сәуірде-ақ Қарағайға қатер төнгенде ауданға жетті. Қалыптасқан қауіпті жете сезінген аймақ басшысы сол күні-ақ төтенше жағдай жариялады. Бұл қысқа мерзімде қажетті күш пен техника жинап алуға мүмкіндік берді. Жедел штаб құрылды. Мұның бәрі «атқарушы билік не тындырды?» деген сауалға жауап. Бастапқыда шыдамсыздық танытқандар да қазір сабасына түскен. Мәселен, Тұрсынгүл Жатақбаева, Нәсіпбай Сағынбаев секілді зардап шегушілер көрсетілген көмекке көңілдері толатынын айтады. Жоғарыдай айтқан Дайрабай Елдесбаев бөлінген ақшаға разы болып, енді бұрынғы баспанасын бұзып, орнына жаңасын салмақ ойы бар екенін жеткізді. Ал, «Болашақ» ықшам ауданында салынып жатқан үйлер қыркүйекте есігін айқара ашпақ. Президенттің берген тапсырмасы да - осы айға дейін тасқын салдарын түгелімен жою. Сөйтіп, қалыпты өмірді қалыптастыру. Қазір барлық шаруа соған жұмылдырылған. Тіпті соған дейін төтенше жағдайды сақтаған да жөн секілді. Бұл қолдағы бар мүмкіндікті сарқа пайдалануға жағдай жасайды.

Ендігі мақсат – алдағы уақытта мұндай апатты болдырмау. Қанша қиындық болса да, Жылыой халқы да, оның жас әкімі да алғашқы ауыр сынды бастан өткерді. Сонау тоқсан үштің тауқыметінен бері отыз жыл өтті десек, жаңа ұрпақ қалыптасты. Олар да тосын қиыншылықты бастан кешірді. Енді соның салдарын жоюға кіріскен. Халықтың күші араздықта емес, ауызбірлікте екенін ұғынған болар. Әйтсе де, о баста эмоцияға беріліп, әкімнің жағасына жармасуға шақ қалғандар енді сол ісіне ұялатындар да шығар. «Ашу – дұшпан» дегендей, нендей сөздер айтылмады?! Осы орайда соларды сабасына түсіретін ақсақалдардың көрінбегені таң қалдырды. Ауданда солардың басын біріктіріп отырған ұйым бар емес пе? Солардың мүшелері «Ау, ағайын, сабыр сақтайық» деп жұртты сабасына түсірді ме? Немесе қоғамдық кеңес көсем сөзін айтты ма? Аналар кеңесі, жастар бірлестігі жақсылыққа шақырды ма? Ал, Құлсары қаласының әкімі ше? Шаһар тірлігі соның шаруасы ғой. Әлеуметтік желіде оның бейнесін көре алмадық. Атырауды қос қапталдан Жайық қысқанда, жерлесіміз, облыс орталығының басшысы Шәкір Кейкін ұйқыны да, күлкіні де қойған. Күні-түні бөгет басынан табылған.

Әйтпесе, аудан әкімі мен оның орынбасарларын шырылдатып қойып, ашынған адамдардың алдына шығарған жарасымды ма? Бүгінде Құлсарыны қаржыландыру жақсы жүргізілді. «Самұрық-Қазына» өзінің еншілес кәсіпорындары арқылы жеті миллиард теңге бөлді. Өзге де қаражат көздері табылды. Бұрын-соңды мұндай құйылым болмаған. Енді суға кеткен қаланы қалпына келтіру өз алдына, оны келешекте қорғауға да мүмкіндік туғандай. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов оны әріден қоршап, қорған салуды ұсынады. Шаһар ішінде қалған Орта Азия-Орталық газ құбырын сыртқа шығару қажеттігін айтады. Бұл мәселе бұрын да көтерілген екен, бірақ шешімін таппаған. Егер енді жүзеге асырылса, онда орнына құрылыс жүргізуге болар еді. Басқа да бастамалар бар. Соның ең тиімдісі таңдалғаны дұрыс. Осы қомақты қызмет қолға алынса, ауқымды іс біткелі тұр. Сонда Жемді жылда үреймен емес, үмітпен күтетін боламыз. Оның мол суын аудан қажетіне жұмсаймыз.

Міне, осы жұмысты аудан тұрғындары әкіммен бірге атқаруы қажет. Бұл жолғы апаттың адам қолымен емес, табиғаттың тарпаң мінезімен жасалғанын Мемлекет басшысы да айтты. Еліміздің он облысында төтенше жағдай жариялануы тегін емес. Аудан әкімінің қызметін облыс басшысы Серік Шәпкенов те оң бағалап отыр. Орнын ауыстыру ойында жоқ екенін ашық білдірді. Өзіне тіке сауал қойған тілшіге осылай деп тура жауап қайтарды. Қазіргі мақсат – білек сыбанып, тасқынның салдарын жою. Аймақ басшысы соны меңзеді. Жылыойлықтар да жерлес жігіттен құтылуға асық емес. Кейбір желауыздар болмаса, дені қолдайды. Ендеше, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ортақ шаруада бір жағадан бас шығарған жөн.

P.S. Жақында Құлсарыға бардым. Халық қалыпты тұрмыста. Жоспарлы жұмыстар жүріп жатыр. Жолдар жөнделуде, үйлер қалпына келтіріліп жатыр. Тірлік жалғасуда. Ау- данды басқарған жылдары облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов қалаға кірер маңдайшаға Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзін жаздырған екен. Шынында солай емес пе, аққу көлге, шаян жерге тартса, не болмақ? Атырауда кезінде қызмет бабымен келіп қалған бір топ жылыойлық тұрамыз. Бәріміздің де Құлсарыда туысқандарымыз, дос-жарандарымыз, бауырларымыз бар. Солардың да бірқатары зардап шекті. Тіпті туған жеріміз емес пе, жанымыз қатты ашыды. Осы жолдардың авторы Өзбек еліндегі демалысын үзіп, елге жеткенше асықты. Сырттай қолдау көрсеттік, іштей аманшылығын тіледік. Жерлестеріміздің сын сағатынан шыңдалып шығарына сендік. Енді апаттың қайталанбауын қаладық. Ылайымда, солай болсын!

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,

«Еңбек ардагері» медалінің иегері,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Атырау қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521