Халықты жұмыспен қамту – басты мәселе

Атырау облысының 2025 жылға арналған Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында аймақта 31 мыңға жуық жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Оның 23 мыңы тұрақты жұмыс орындары саналады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды, деп жазады atpress.kz сайты.

11 244 жұмыс орны құрылды

Расында да, Теңіз кенішіндегі Келешек кеңею жобасы аяқталғалы аймақтағы, соның ішіндегі аудандағы жұмыссыздық мәселесі өткір тұр. Облыстық ақпарат көздерінен жаңадан ашылатын жұмыс орындары туралы мәлімет жарияланса жылыойлықтардың елең ете түсетіні сондықтан. Хош, сонымен, Өңірлік коммуникациялар қызметінің дерегіне арқа сүйеп, atpress.kz таратқан ақпаратына кезек берелік.

Жыл басынан бергі 1 шілдеге дейін ақпаратқа көз салсақ, онда облыста 11 244 жұмыс орны құрылып, оның 5 мыңға жуығы тұрақты түрде қамтылған екен. Ұлттық жобалар мен даму тұжырымдамалары шеңберінде 2 531 жұмыс орнын ашу жоспарланып, қазіргі таңда 56 жоба аясында 1 163 жұмыс орны құрылған көрінеді. Бұл мәліметтер «Интеграциялық жұмыс орындарын құру» ақпараттық жүйесі арқылы еңбек биржасына тіркелген.

- Биыл әлеуметтік қолдау шараларымен 42 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Оның 10 мыңнан астамы ваканттық жұмыс орнына, 2 639 адам қоғамдық жұмысқа, 2 283 жас маман «Жастар тәжірибесіне», 478 қыз-жігіт «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 1 500 адам «Күміс жас» жобасына бағытталады. Сондай-ақ 230 жұмыссыз грантқа, 220 жас шағын несиеге, 1 880 адам онлайн оқуға жіберіледі,-дейді облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасанов.

Жыл басынан бері 35 мыңға жуық адам «Мансап» орталықтарына жүгініп, 20 244 адам әлеуметтік қолдаумен қамтылды. 8 237 тұрғын жұмысқа орналасып, оның 2 984-і тұрақты, 5 253-і субсидияланатын жұмыс орындарына тартылды.

Онлайн оқудан 2 153 жұмыссыз өтіп, 1 893-і сертификат алды. «Бастау-Бизнес» жобасына 1 331 адам қатысып, 98 адам жұмысқа орналасты, 58-і грант, 96-сы жеке кәсіпкер мәртебесін алды. Ал маусым айында 144 адам 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант иегері атанды.

Жалпы биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін 13 401 жас қос қолға бір кәсіп көзін іздеп хабарласқан. Оның 3 083-ін жұмысқа орналастырып, 6 515-і кәсіптік бағдармен қамтылды. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 2 344 адам қатысып, 587-сі жұмыс тапты.

Орталықтағы оралымды істер

Әрине, мұндай жұмыспен қамту іс-шаралары мұнайлы өңірде де аз жасалып жатқан жоқ. Бұл ретте біз аудандық «Мансап» орталығының директоры Бауыржан Садықовқа хабарласып, мәселенің мән-жайын білген едік.

- Биылғы жыл басынан бергі алты айдың ішінде «Мансап» орталығына жұмыссыз ретінде 5934 адам тіркеліп, 1504-і жұмыспен қамтылды. Оның 875-і тұрақты, ал 629-ы уақытша жұмыспен қамтылды. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 58 жас маман тәжірибе жинақтауға жолданса, ақылы қоғамдық жұмысқа 429 жұмыссыз жіберілді. «Күміс жас»-пен 81 адам жұмысқа орналасып, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына сәйкес тәжірибесі жоқ 35 жасқа толмаған және мүлдем жұмыс жасамаған 17 жас қызметке жолданып отыр. Сондай-ақ «Әлеуметтік жұмыс орнына» нысаналы топқа жататын, яғни көп балалы ата-ана, мүгедектер, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар, 7 жасқа дейінгі бала күтуші, басқа да 44 жұмыссыз жұмысқа орналасты,-дейді орталық басшысы Бауыржан Төлегенұлы.

Әрине, жұмыссыз жандардың қос қолына бір кәсіп көзін тауып беру үшін орталық аудандық әкімдікпен бірлесіп, көптеген жұмыстарды жүзеге асырып жатыр. Соның бірі – іргелі компаниялармен жасалған меморандум.

- Айталық, биылғы жылдың наурыз айының 7-сі күні аудан тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында "Теңізшевройл" компаниясына қарасты 37 мердігер мекемемен үш жақты меморандумға қол қойылды. Меморандумның нәтижесінде 174 жергілікті азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Ал ағымдағы жылдың наурыз айының 17-сі мен мамыр айының 30-ы күні Теңіз қалашығы мен Құлсары қаласында орналасқан мекеме-кәсіпорындармен бос жұмыс орындары жәрменкесі өткізілді. Жәрменкені өткізудің басты мақсаты - Жылыой халқын тұрақты жұмыспен қамту. Оған барлығы 25 мекеме, 425 жұмыссыз қатысты. Соның арқасында күні бүгінге дейін 81 адам жұмыспен қамтылып отыр.

«Мансап» орталығының Теңіз қалашығындағы кәсіпорындар мен мердігер мекемелермен жасалған өзара іс – қимыл алгоритмі бойынша 2023 жылдың 18-ші қазанынан бастап күні бүгінге дейін 76 мекемемен келісім орнатылды. Өзара әрекеттесу алгоритмінің нәтижесінде бос жұмыс орындары саны 2426 болса, тұрақты жұмыспен 1135 (2023 жылы - 206, 2024 жылы - 849, 2025 жылы -80) тұрғын жұмыспен қамтылды,-дейді Б.Садықов.

Бұдан басқа, атқарылып жатқан іс-шаралар жоспары аз емес. Орталық директорының айтуынша, мүгедектігі бар жандарды да жұмысқа орналастыру мақсатында арнайы жұмыс орындарын құру бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Айталық, орталыққа жүгінген 124 мүмкіндігі шектеулі жандар ішінен 36-ы жұмыспен қамтылған. Атап айтқанда 4-еуі тұрақты, 20 адам қоғамдық жұмысқа, біреуі «Жастар тәжірибесіне», бір азамат «Күміс жас» жобасына жолданып, бір адам мемлекеттік грант алса, тоғыз тұрғын «Бизнес бастау» оқуына жіберілді. Мәселен, «Идрис» жеке кәсіпкерлігіне мүмкіндігі шектеулі жанды жұмысқа орналастыру мақсатында арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 1 035 000 теңге бөлінді. Қазіргі таңда ол жұмысқа қабылданып, орталық тарапынан ай сайын 62 275 теңге көлемінде жалақы төленіп отыр. Сонымен қатар «Нүркенқызы-Ай» жеке кәсіпкеріне 1 107 600 теңге бөлініп, тиісті құрал-жабдықпен қамтылып, бүгінде 1 мүмкіндігі шектеулі бір адам жұмыс жасап жатыр. Оған да орталық тарапынан ай сайын 103 500 теңге көлемінде жалақысы төленеді.

«Ұлттық жоба» шеңберінде өңірдегі жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант та қарастырылған. Бұл қаражат әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындардың өз кәсібін бастап, өзін өзі жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Оның көлемі 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни бір адамға 1 572 800 теңге көлемінде бөлінеді. Оны 50 адамға беру жоспарланған еді. Ағымдағы жылдың маусым айында өткен бірінші лекке 56 үміткер қатысып, оның 25-і арнайы комиссия алдында өз жобаларын сәтті қорғап, әрқайсысы 400 АЕК-тен грант иегері атанды.

Кәсіптік оқыту бағытында да біраз жұмыстар жасалды. «АЛМАЗ ЖК»-імен келісім шарт жасалып, «Тігінші» мамандығына оқу үшін 20 жұмыссыз екі айлық оқуға жіберілді.

Орталық мамандары жаза басқан жандарды да назардан тыс қалдырмайды. Айталық, жеке бағдарлама бойынша биылғы жылы аудандық пробация бөлімінен жіберілген 24 сотталған жұмыссыз ретінде тіркелді. Бүгінде бір адам «Күміс жас» бағдарламасымен уақытша, ал бір азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.

«2023-2029 жылдарға арналған ҚР мәдениет саясатының концепсиясы» тұжырымдамасы аясында «Кең Жылыой» мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарын атқарып жатқан мекемеге 3 жұмыссыз жолданып, жұмысқа орналасты. Ал «ҚР мемлекеттік жастар саясатының концепсиясы» тұжырымдамасы аясында «Жасыл ел» бағдарламасына 35 жұмыссыз жіберілді. «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» тұжырымдамасының аясында Құлсары қаласындағы №20 орта мектепке қосымша 180 орындық кеңейту құрылыс нысанына да 5 жұмыссыз жолданып, тұрақты жұмыспен қамтылды.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT