Мұнай

- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 190
Атырауда мұнай-газ саласының көшбасшылары бас қосты. Халықаралық форумда өңірдің экономикалық әлеуеті, инвестициялық мүмкіндіктері мен шетелдік әріптестермен ынтымақтастық мәселелері талқыланды,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өткен жылы өңірге 2,2 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылған. Ал бүгінгі таңда Атырау облысында жалпы саны 740-тай кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 10,5 трлн теңгені көрсетсе, оның 9,5 трлн-ы тау-кен өндірісіне тиесілі. Мұнай өндіру көлемі 50 млн. тонна, ал ілеспе мұнай газы 26,6 млрд. текше метрді құрады.
- Қазақстан мұнайының астанасы саналатын Атырау өңірінің экономикасын дамыту мақсатында бұл форумның өтуі аса маңызға ие. Облысымыз әлемнің 50-ден аса мемлекетімен ынтымақтасып, 1000 шақты біріккен және шетел кәсіпорындары құрылып, жұмыс істеуде. Сонымен қатар аймақтың үлесіне республиканың негізгі капиталының инвестицияларының 12% тиеді. Осы форумды пайдаланып, еліміздің экономикасына қосып жатқан үлесі үшін зор ризашылығымды білдіремін,- деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов.
Форумда өңірдегі мәселелерге үлес қосып жүрген компания директорлары марапатталды.
- Бүгін Энергетика министрлігінің наградасымен марапатталдым. Барлық форум, әсіресе, Казсервис ұйымдастыратын форумдар жалпы мұнай-газ саласында жұмыс істейтін компанияларға бір алаңда жиналып, ақпарат алмасуға, салаға қатысты жаңа мәліметтермен танысуға мүмкіндік берді,- деді Rival Qazaqstan компаниясының директоры Қарлығаш Егізбаева.
2024 жылы өңірде жалпы құны 71 млрд теңге болатын 16 жобаның іске асырылуы нәтижесінде 719 жаңа жұмыс орны құрылды. Одан бөлек Энергетика министрлігі және ҚазМұнайГаз акционерлік қоғамымен бірлесіп, жалпы құны 6,4 трлн. теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.
Форум қорытындысында қатысушылар Атырау облысының экономикасын дамытуға бағытталған ірі жобаларды қолдау қажеттілігі туралы бір ауыздан келісіп, ынтымақтастыққа қатысты өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.

- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 121
Өткен жылдың қараша айында Қарашүңгіл алаңындағы №7 ұңғыдан мұнай бұрқағы атқылағанына 126 жыл толды. Бұл бүгіндері бүкіл дүние жүзіне мәлім болған Қазақстан мұнайының алғашқы тамшылары еді. Тарих қойнауына көз салсақ, сол кезде қазақ жерінде «қара алтынды» игеру жұмысы қалай басталып, кімдер еңбек етіп еді деген ой келеді. Жалпы, елдегі мұнайды ғасырдан астам уақыт бұрын тапқан кімдер, қалай тапты?
«Жер майы»
Мұнай тарихын зерттеуші ғалымдар қазақ мұнайын орыс және шет ел зерттеушілері тауып, кәсіпкерлер игерді деп тұжырымдайды. Бұл пікірге сүйенсек, мамандар зерттеушілерге құрал-саймандарымен еріп келеді де, көрсеткен нүктені қазып, мұнай ала беретін тәрізді. Алайда бұл асығыстау айтылған пікірге ұқсайды. Мұнай және оның қасиеттері адамзатқа ежелден мәлім болулы. Әзірбайжаннан Иранға мұнай тасымалданғаны жөнінде деректер III - IV ғасыр тарихшыларының жазбаларында сақталған екен. 1594 жылы Әзірбайжанда тұңғыш рет мұнай құдығы қазылыпты. Оның тереңдігі 35 метр болса керек. Құдықта өнген мұнай қабырғаларына тас қаланған қамбаға құйылып, сақталатын болған. Мұнайды құдық қазу арқылы өндіру 1872 жылға дейін созылыпты. Ал мұнай және оның қасиетттері жөнінде бұрынғы өткен бабаларымыз білді ме? Еділ - Жайық - Жем алабында қара алтынның барлығы ежелден мәлім болса керек. Мұны Майқұдық, Жақсымай, Майкөмген, Мұнайлы сияқты жер атаулары дәлелдейді. Иә, Жайық - Жем алабында мұнай бары ежелден мәлім болған. Жер бетінде жылғаланып жатқан немесе тайыз құдықтарға жиылған «жер майы» жөнінде деректер де баршылық. Бірақ бабалар оны өндірістік негізде ұқсатуды білмеген. Жер бетінде жылғаланып шығып жатқан сұйықтықты ыдыстарына құйып алып, шырақ болмаса отын ретінде пайдаланып, малдың жарасын емдеуге, сондай-ақ, арбасының дөңгелегіне жағу үшін пайдаланғанға ұқсайды. Мұнайлы өлкенің шежірешісі Қожыбай Әлжанұлы Игілік XVIII ғасырда өмір сүрген Мәтен атты балгердің науқасты мұнаймен емдегені туралы аңыз бар екенін айтады. Сол кезде оның қонысы қазіргі Мәтен кен орнының төңірегінде болса керек. Қызылқоға ауданына қарасты Мәтенқожа әулиенің зираты маңында «жер майының» жер бетіне шығып жатқанын жұртшылық жақсы біледі. Күні бүгінге дейін дертіне дауа іздеген адамдар әр тараптан келіп, әулиеге тәу етіп, түнейтіні де ақиқат. Қызылқоғаның азаматтары зират жанына түнек үйін тұрғызып, игілікті іс жасағаны да жасырын емес. Мақат кен орнының алғашында «Мақат - балшыкем» деп аталуы да санаға ой тастайды. Ақын Мұрат Мөңкеұлы: Еділдің бойы қанды қиян, Жайықтың бойы майлы қиян, Маңғыстаудың бойы шаңды қиян, Адыра қалғыр, үш қиян! - деп күңіренген ғой. Бір ғажабы, күні бүгінге дейін осы мәліметтерді айта отырып, қазақ жерінде мұнай орыс зерттеушілері мен ғалымдарының еңбегімен табылды деген ұйғарымды көлденең тартамыз. Бұл ертеден қалыптасқан ұлы орыстық шовинизмнің салқыны сияқты. Өйткені, тәуелсіздікке қол жеткіздік, әйтпесе, оңды - солымызды танымаған бейшара едік деп келдік. Сол үрдіспен орыс зерттеушілерінің көрсетуімен мұнай кені табылып, игерілді деген пікірге сендік. Осылай қалыптасқан пікір күні бүгінге дейін де өзгермей келеді. Осы пікірге тоқтасақ, ақиқаттан аттарымыз кәміл екен. Оған көз жеткізу үшін мұрағаттан алынған, А.Елеусінов, Қ.Смадъяров, басқа да осы тақырыпқа қалам тербеген қаламгерлердің кейбір деректерін зерделейік. Петр патшаның тұсында Хиуаға жіберілген әскери экспедиция немесе XIX ғасырда осы өлкені зерттеген орыс саяхатшылары мен оқымыстылары белгілі бір алаңды қазудың нәтижесінде қарап, мұнай көзін анықтаған жоқ. Жер бетіне шығып жатқан жылғаларды көріп, оның мол өнімнің хабаршысы екенін түсінді. Сөйтіп жаңалығын орталыққа жеткізуге асықты. Мәселен, Н.А.Северцев 1860 жылы Мұнайлының маңында қара майдың бір төбенің баурайынан төмен қарай ағып, су бетіне жайылып жатқанын мәлім еткен. Зерттеушілердің еңбектерінде Доссор, Қарашүңгіл, Мақат, Ескене, Новобогат алаңдарында да мұнайдың табиғи түрде жоғары жарып шығып жатқаны айтылған. Түптеп келгенде, олардың ақпарлары жан-жақты зерттеудің қорытындысы емес еді. Тек жол-жөнекей көрген-білгендері жөнінде жазылған үстірт дүниелер болатын. Жер бетінде шығып жатқан мұнай бұлағына алғаш кезіккен жергілікті халықтың өкілі екені дау туғызбаса керек. Өйткені бабаларымыз қысы - жазы малдың соңында жүріп күн кешкен. Жер бедерін жете біліп, шұрайлы жайылым, жайлы қыстақ болатын қоныстарды айтпай таныған. Жазғытұрым Жем - Жайықты жоғарылай көшіп, қоңыр күзде Атырауына оралар жолда әрбір ой - шұқырды жаңылмай жадында сақтаған. Бабалардың осындай құдіреті туралы немістің әйгілі саяхатшысы Свен Гедин өткен ғасырдың аяғында былай деп жазған: «Қазақтардың жер жадын жаңылыспай білетін ерекше қасиеті бар және олар бір көрген мекенін ешқашан ұмытпайды. Бейсауат жолаушыға белгі - бедерсіз мынау даланың барлық тұсы бірдей болып көрінеді, ал қазақтардың қай - қайсысы болсын соқыр түннің өзінде қай жерде келе жатқанын жаңылыспай анықтай алады. Олар, әрине, әр кезде жұлдызға қарап бағдар жасамайды. Қазақтарға бұл өлкенің әрбір бұтасы, әрбір тасы таныс. Ол әрбір жерді сәл ғана өзгешелігіне қарап, анықтай алады. Ал европалық жан арнайы прибордың көмегінсіз ештеңе анықтай алмас еді». Бір кереметі, бабалар сайын даланың ой - шұқырының қасиетін жасырмаған. Елді мекен болсын, сулы не шөлді жер сипаты да құпияда сақталмай, бүкпесіз айтылып, мәлімет қатесіз жеткізілетін. Бұл көшпенділердің айнымайтын қағидасы еді. Жазба-сызбаға дағдыланбаған халықтың арасында қарлығаш хабарды айтқан адамның аты ұмытылса да, жаңалықтың ұмытылмай кең таралуы дағдылы нәрсе. Олай болса мұнайды алғаш тапқан балгер Мәтен, иә Қарашүңгіл әулие, әлде Доссор поселкесінің оңтүстігіне жерленген Дос деп дәл баспасақ та, зерттеушілерді күнде жер майын алып жүрген бұлағына бастап апарған бабамыз қазақ болғаны анық. Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы бір деректерге жүгінейік. Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатында Ембі мұнай кәсіпшіліктерінде жұмыс жасау үшін 1898 жылы Деппельмайер жасақтап жіберген экспедицияның қызметшілері мен жұмысшылары тіркелген журналда үш қазақтың экспедицияның жолбастаушысы болып алынғаны көрсетілген. Олар Қожамбетов Меңдібай, Сексенбаев Базарбай және Байдалиев Игілік. Алғашқысы күніне 3 сом жалақыға шарттасқан екен. Бірақ аттан құлап, басы жарақаттануына байланысты Гурьевте қалуға мәжбүр болыпты. Ал үшіншісі Байдалиев 5 сом жалақы және әрбір көрсеткен кен орны үшін 5 сом сыйлық алуға келісіпті. Ол төрт мұнай көзін көрсетіп беріп, 20 сомды иеленіпті. Сол тұста қойдың құны 5-7 сом. Демек бір жолбастаушыны айына 20 - 25 қойдың құны болатын ақшаға жалдаған. Ал онсыз экспедиция жер бедері зерттеліп, түсірілмеген, шетсіз ен даладағы қай төбенің, не қай жыраның бойында «жер май» өніп жатқанын таба алмайтын еді. Тіпті, әлдекімнің сілтеуімен жолға шықса да ойындағысының орындалуы неғайбыл болатын. Жолдан бұрылса адасады, одан әрі өміріне қауіп. Сондықтан олар жолбасшысыз жолға шықпады. Келімсектер аңғал да аңқау бабамыздың шындықты бүкпей айтатынын малданып, мол олжаға бата берді. Қаратон мен Қарашүңгіл алаңдарында бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатқан Демин деген шебер 1901 жылғы 18 қаңтарда Қаратон мен Прорва арасындағы жол бойында мұнай көзі барлығын қазақтардың айтқанын, ертемен соны көру үшін жолға шыққалы отырғаны туралы жазыпты. Барып келгеннен кейін әлгілер қуанышты хабарын қожайынға жеткізуге асығады. Бұл жолы ол әлгі нүктенің орнын дәл көрсетіп, адаспай табуды қамтамасыз етеді. Жаңағы шебердің 1901 жылы 5 ақпанда жазған мына хаты соны дәлелдейді: «Ақбас болысында Жылойдан 25 шақырым, Ембіден 12 шақырым, Теңізден 10 шақырым, Қаратоннан 30 шақырым жердегі Сары-Төбе деген жерде май шығып жатыр»./ Қазақстан Республикасы Орталық мұрағаты, 680 қор. 1 жазба, 1-іс, 47-48 б./. Қорыта айтсақ, қазақ жеріндегі мұнай көздерін тауып, оны әмбеге әйгілеген біздің бабаларымыз екеніне шүбә жоқ. Қазақ мұнайын қазақ тапқан. Ал аты аталып жүрген оқымыстылар мен кәсіпкерлер зерттеушілер мен игерушілер ғана. Ұрпақ үшін баға жетпес қызмет қылған бабамыздың есімі қағазға түспей қалған сыңайлы. Иә, олардың есімі жазылған құжатты таба алмай жүрміз. Бірақ игілікті ісі өлмек емес. Бабалар тапқан мұнай тамшылары бүгінде теңізге айналып, бір ғасырдан аса ел игілігіне қызмет етіп келеді, келешегі де жарқын. Зиялы мемлекетке зор пайдасы бар жаңалықтар ашқан адам үлкен марапатқа ие болып, материалдық жағынан ұлығыланады. Жайық-Жем аралығында мұнай барлығын хабарлаған саяхатшы Н.А.Северцевке Прага географиялық қоғамы 1-сыныпты алтын медаль тақса, Мәскеу университеті эоология докторы атағын берген екен. 1925 жылы Қосшағыл мұнайын торсыққа құйып әкеліп, табыс еткен Бешім Қызылбасовтың есімі мұнай шежіресінің беттеріне алтын әріппен жазылып, оған өмірлік зейнетақы тағайындалыпты. «Қазақстанда кен орнын алғашқы ашушы» құрметті атағын иеленіп, абыройға бөленгендер ондап саналады. Ендеше Қазақ мұнайын алғаш тапқан біздің бабалар бұдан да зор құрметке әбден лайықты! Өндірістік барлау Ембі өңірін өндірістік негізде барлау Түркістанға теміржол төсеу жұмыстарымен бірге басталады. 1892 жылы Рязань - Орал теміржолы қоғамы және Геологиялық комитет Жайық - Ембі бассейнінің табиғи байлықтарын зерттеу үшін геолог С.Н.Никитиннің басшылығымен экспедиция ұйымдастырады. Ол осы аймақта тұңғыш рет қолмен бұрғылау арқылы барлау жұмыстарын жүргізеді. Доссорда - 6, Ескенеде - 1, Қарашүңгілде 5 ұңғыма қазылады. Олардың тереңдігі 6 - 9 метрден аспапты. Алынған мәліметтерге қызыққан Елецк қаласындағы қорғаушы /адвокат/ Лебедев мұнай барлауға 1892 жылы алғашқы рет тапсырыс жасайды. Ол Дөңгелексор, Ащықұдық, Мұнайлы және Қарашүңгілде барлау жұмыстарын жүргізеді. Бірақ бұл іске өзінің күшін, капиталын жұмсағанымен ешқандай нәтиже шығара алмаған. Қаржысын тауысқан соң әріптестер іздейді. Ақыры барлық құндылықтарын Петербордың кәсіпкерлері Грум-Гружимайло, Деппелмайердің мирасқорлары және Леман дегендердің компаниясына сатып жібереді. Компания құрған «Ембі-Каспий» серіктестігі Доссор, Ескене, Қарашүңгіл және Қаратонда 1898 жылға дейін қолмен бұрғылап 60 ұңғыма қазды. 1899 жылы мұнай барлау жұмыстары Леманның қолына өткен соң жұмыс қыза түсті де, серіктестік Қарашүңгілдің өзінде тереңдігі 38 - ден 275 метрге дейін баратын 21 ұңғыма қазды. Соның бірі - №7 ұңғымадан 1899 жылы 13 қарашада 40 метр тереңдіктен мұнай бұрқағы шапшып, 18 сағатта 25 тоннадай мұнай берген-ді. Қазақ мұнайының шежіресінде «Ембі мұнайының тұңғышы 1899 жылы 13 қарашада мұнай атқылаған №7 ұңғыма» деп көрсетіледі. Мұрағат деректеріне қарағанда, Қарашүңгілден мұнай бұдан бұрынырақ, яғни 1899 жылғы шілдеде алынған екен. Ол туралы Қарашүңгілдегі бұрғылау шебері Демин мен оның көмекшісі Карабатов Гурьевтегі сенімді өкілі А.Ивановқа сол жылғы 10 шілдеде мәлімдепті. Хатта төмендегідей хабарды жеткізіп, оны Петербургке баяндау сұралған екен.
- №1 мұнара маңында қазылып жатқан скважинаның ремені үзіліп кетіпті. Төмен құлаған штанг ойған жерден мұнай шапшыды. Содан кейін оның қуатын білу үшін күндізгі 11 - ден түнгі 11 - ге дейін сорғымен айдадық. 15 сағаттан кем емес уақыттың ішінде 6 мың пұт қоспасыз су араласпаған таза мұнай алдық. Түнгі 2 сағаттан бастап су араласқан мұнай құйыла бастады. 48 сағат бойы ауысыммен жұмыс жасап, дамылсыз сұйықтықты айдаумен болдық. Барлық уақытта да су араласқан мұнай құйылып тұрды. Сұйықтың құрамындағы мұнайдың мөлшері 12 пайыздан көп емес. Жалпы алғанда тәулігіне 1500 пұт мұнай алынады. Содан соң мұнай айдауды тоқтатып, тағы 52 пұт тереңдедік. 109 футте озокрит бар қабатқа кездестік те, 139 футқа жеткен соң бұл скважинадағы жұмысты тоқтаттық. Бірақ та басқа нүктелердегі қазу жұмыстары тоқтатылған жоқ. Соның жемістісі мұнай бұрқағы атқан №7 ұңғыма болғаны белгілі. Көрсетілген жылдардағы жұмыстың қаншалықты қиыншылықпен ұйымдастырылғанын көз алдымыздан өткеру үшін мұрағатта сақталған сол Деминнің хаттарынан үзінді келтірейік.
-13 қазақ есеп айырысты. Жалақыны өсіруді талап етеді...
-Бұларға татарлар қосылды...
-Қаратонда 8 адам жұмыс жасаудан бас тартты.
-«Жақында Адайлар жұмыс жасауға келеді» деп отырмыз.
-Қырғыз Құрманғазыға 75 сом 20 тиын беруіңізді сұраймын. Одан сою үшін 8 қой және бір сиыр алдым.
-Мен Қарабайлы болысы 1 - ауылдың қазағы Құрманғазы Жаманов 75 сом 20 тиынды алдым.
-Сауатсыз болғандықтан және жеке өзінің өтініші бойынша ол үшін мен Сімбірті болысы №9 ауылының қазағы қол қойдым.
-Тағысын тағы... Қарашүңгіл мұнайы өзінің химиялық құрамы, сапасы жағынан Баку мұнайынан әлдеқайда сапалы болып шықты. Оның салмағы жеңіл, майы көптеп есептелді. Бұрғылау жұмыстарының нәтижесінде №7, №109, №126, №148 ұңғымалардан мұнай көріне бастады. Әрі тайыз, әрі сапалы мұнайдың табылуы туралы хабар талай байлыққұмар капиталистердің назарын аударады. «Новое время» газетінің Қарашүңгіл мұнайы туралы сенсациялық мақаласын бүкіл Ресей газеттері көшіріп басады. Оның өзі Ембі өңірінің болашағына деген көзқарасты өзгертіп, барлау жұмыстарын жеделдетіп жүргізуге үлкен ықпалын тигізеді. Қарашүңгіл Жайық-Ембі ауданындағы ең бай және жұмысы көп кәсіпшілік болып табылды. Мұнай бұрқағы атқылаған кезде Н.Н.Леманның қарамағында 89 адам еңбек етсе, оның 40 - ы қазақ еді. Алғашқы қазақ мұнайшылары Көккөз Бегимов, Өтебай Баймағамбетов осы бұрқақ атқылаған айда 50 сомдай табыс тауыпты. Леман серіктестігі Қаратон мен Доссордан, Ескенеден бірнеше онша терең емес ұңғылар қазып, аздаған өнім алады. Бірақ жұмысты одан әрі жалғастыра беруге қаражаты таусылады да, барлық жерде барлау-бұрғылауды тоқтатады. Алайда болашағынан үмітін үзбейді. Концессия мерзімін тағы да үш жылға ұзартып, серіктестікке кісі іздейді. Пайда табу үмітімен 1908 жылы Қазанның бай саудагері Стахеевты іске тартады. Екеуара келісімде Леман Стахеевке 20 мұнай учаскесін /12-сін ақысыз/ береді. Ол үшін өнімнің 10 пайызы Леманның меншігіне берілетін болады. Олар шетел капиталына Ембі ауданындағы барланған жер учаскелерін бірігіп игеруді ұсынады.
Бағыт Сматуллин,
ардагер - мұнайшы
«Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы

- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 187
Жаңа жыл қарсаңында аудан аумағындағы Морское кен орнында жерге мұнай аралас сұйықтық төгіліп, топырақтың бүлінгендігі жөнінде ақпарат тарады. Аталған өндіріс ошағы «ҚоЖан» акционерлік қоғамына қарасты мұнай алаңына тиесілі болып шықты.
Нақтырақ айтқанда, апаттық жағдай ондағы №56 ұңғыда орын алған екен. Абырой болғанда оқиға орнында ешкім зардап шеккен жоқ. Бір қызығы, аталған компания басшылары болған жайды жауапты органдарға дер кезінде хабарламай, қоршаған ортаға келтірілген залалды жасырып қалғысы келген. Бірақ «Ұрлықтың құйрығы бір тұтам» дегендей, табиғат қорғау прокурорларының қырағылығының арқасында әрекеті әшкереленіп, заңдылықты қадағалушы органның талабы негізінде жергілікті экологтар экологиялық заңдылықтың сақталуына жоспардан тыс тексеріс жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде шынымен де апаттық жағдайдың орын алғандығы туралы хабарлама расталды.
- Тексеру кезінде қоршаған ортаға келтірілген залал мөлшері анықталды. «ҚоЖан» АҚ-ның басшылары да аталған заң бұзушылықпен келісіп, мойындады. Экологиялық талаптарға сәйкес, компанияға 393 200 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, заңды тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Бұдан басқа, жерге мұнай араласқан сұйықтық төгіліп, топырақтың бүлінуі себепті полицейлерге де тиісті құжат жолданды, - дейді облыстық экология департаментінің хабарламасында.
«ORDA» сайтының хабарлауынша, «ҚоЖан» - еліміздегі көмірсутегі шикізатын барлау-бұрғылау және игерумен айналысып келе жатқан іргелі компания. Өткен 2024 жылдың қорытындысымен акционерлік қоғамның активтері 126 миллиард теңгені құраған. Компания «Матен Петролиум» АҚ-ның құрылымына кіреді. Оның негізгі акционері «SINO-SCIENCE NETHERLANDS ENERGY GROUP B.V». Бүгінде қытайлық компания 97,7 пайыз акцияға иелік етеді.
Мұндай жағдайда салынған айыппұл компанияға шыбын шаққан құрлы әсер етпегені белгілі. Ал осындай топыраққа келтірілген залалдан бәрінен де бұрын қоршаған орта орасан зор зардап шегіп жатқаны анық.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 200
Еліміздегі мұнай өндірісі рекордтық көрсеткішке жетті. Энергетика министрлігі жанындағы ахуалдық-талдау орталығының мәліметі бойынша, биыл 25 қаңтарда орташа тәуліктік мұнай өндірісі тарихи рекорд орнатты – 278,4 мың тонна. Бұл 2024 жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 10,5%-ға артық. Былтыр 251,9 мың тонна өндірілген.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бұл бірінші кезекте Теңіз келешек кеңею жобасының маңызды кезеңдерінің аяқталуымен, Теңіз кен орнындағы үшінші буын зауытының пайдалануға берілуімен байланысты. Осының нәтижесінде биыл Теңіздегі өндіріс деңгейі 25%-ға, 27,8 млн тоннадан 34,7 млн тоннаға дейін артпақ. Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай экспорттық табыстың, оған жалғас салық түсімінің және Ұлттық қор түсімінің ұлғаюына жол ашады.
Жоспар бойынша еліміз осы жылы 96,2 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр (былтырғы деңгей – 87,8 млн тонна).
«Теңізшевройлдың» хабарлауынша, барлық өндіріс нысандары толық қуатқа көшкеннен кейін Теңіздегі шикі мұнайдың жылдық өндірісі 40 млн тоннаға жетпек.
ТШО 2024 жылы қаңтар-қыркүйекте 21,4 млн тонна мұнай өндірді. Кен орнындағы жалпы барланған қор көлемі – 3,1 млрд тонна (25 млрд баррель).

- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 191
Локомотив шаруашылығында пойыздар тартымына қажетті дизельдік отынды үнемдеу – маңызды мәселе. Өткен жылы Атырау жүк тасымалы бөлімшесінде отын-энергетикалық ресурстарды тұтыну бойынша дизельдік отынның артық шығыны 912 тонна 469 кг құраған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі «Қазақстан теміржолшысы» газетіне сілтеме жасап.
Ал нақты үлесті тұтыну 20,24 кг/өлшемді құрады. Бірақ өткен жылдың үлестік шығыны 21,01 кг/өлшемімен салыстырғанда 1289 тонна 232 кг дизель отыны үнемделіпті.
«Жалпы, жанармайды үнемдей білу керек, ал оның шығынын арттыратын бірнеше фактор бар десек, олар жүк пойыздарының орташа салмағының төмендеуі (жоспар 4092 тонна, нақты 4040 тонна), вагондардың жалпы бос жүрісінің көбеюі, (шығын – 132 тонна), телім жылдамдығының коэффициентінің кем болуы, т.б. Соңғы 10 айда дизель отынын шамадан тыс тұтынудың тағы бір маңызды себебі Батыс өңірінде желдің екпіні 15–20 м/сек-қа дейін күшейіп, ауа-райының нашарлауы болып табылады, бұл дизель отынының өзіндік шығынын 15%-ға артуына әкелді» дейді өндірістік-техникалық бөлім бастығы Әзиз Айжарықов.
Локомотив бригадаларымен дизель отынын тұтыну бойынша өңірде отын-энергетика комиссиясының 72 отырысы өткізілген. Сондай-ақ жанармай жағатын машинистермен отын-энергетикалық ресурсты тиімді пайдалана отырып, пойызды ұтымды жүргізуді үйрету бойынша 140 нысаналы сапар өткізіліпті. Нәтижесінде, пойыздардың тартымында дизель отынының артық жұмсалуына жол бергені үшін тепловоздың 53 машинисіне ескерту, 5 машиниске сөгіс, 8 машиниске қатаң сөгіс жарияланып, 1 тепловоз машинисі жазбаша өтінішіне сәйкес тепловоз машинисінің көмекшісі қызметіне ауыстырылған.
Сәуле МАҒАУ
Фото: «Қазақстан теміржолшысы» газеті

- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 268
Қашанда, ашықтық пен әділдікті басты ұстаным еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын заңды әзірлеу және қабылдауды тапсырған еді. Осыдан екі жыл бұрын «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа заң нормасы күшіне енді. Содан бері қоғам белсенділері еліміздегі түрлі жобалардың заң аясында жүзеге асуына бақылау орнатуды қолға алды.
Ал ауданда қоғамдық бақылау орнатуға негіз болған өткен жылдың ең даулы оқиғасына айналған Тайсойған жобасы екендігі белгілі. Халық қарсылығына қарамастан жобаны ұсынушы «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы Тайсойған жерінен мұнай барлау жұмысына рұқсатын алып, былтыр желтоқсан айының аяғынан бастап іске кірісіп кетті. Комиссияда кімдер бар? Әрине, бұл жер қойнауын игеруге қатысты аса маңызды жоба болғандықтан қоғамдық бақылау орнату қажет-ақ. Себебі, барлау жұмыстарын жүргізетін жерлер тұщы су қорына жақын орналасқан шөбі шүйгін, малға жайлы аумақ. Ауаның ластанып, далалық жолдардың бүлінбеуі де аса маңызды мәселе. Соған сай, таяуда барлаушы компанияның жұмысын қадағалау әрі экологиялық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқалидың өкімімен арнайы комиссия құрылды.
Комиссияның төрағасы болып «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Альберт Аққайнанов бекітілсе, комиссия құрамына облыстық мәслихат депутаты Қайырбек Баймұратов, аудандық мәслихат депутаты, қоғамдық кеңес мүшесі Есенбай Нұров, аудандық мәслихат депутаты Венера Мырзағали, жеке кәсіпкер Октябрь Нұрадинов, Тайсойған ауылдық округінің әкімі Төреш Қозбақов, «Қызылқоға» газетінің тілшісі Дулат Ғұбайдуллин, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы геология және барлау департаментінің директоры Ернұр Тасеменов, аталмыш компанияның еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Ануарбек Каримовтар енді.
«Жол қайда, бас директор?»
Таяуда аталмыш комиссия мүшелері аудан орталығына жиналып, алғашқы отырысын өткізді. Оған комиссия мүшелерінен бөлек аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының жауапты мамандары қатысты. Жиын барысында «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы геология және барлау департаментінің директоры Ернұр Тасеменов:
«Барлау жұмыстарын «МұнайСервис ЛТД» компаниясы жүргізеді. Қазіргі таңда қазылуға тиіс сегіз ұңғыманың үшеуінде көшу, монтаждау, бұрғылау жұмыстары жүруде. Ол жерлерге техникалар арнайы бекітілген жолмен ғана барады» деп, комиссия мүшелерін далалық жолдардың сызбасымен таныстырды.
Жолдардың сызбасымен танысқан біз:
– Былтырғы желтоқсан айында мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин осы Тайсойған жобасы бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырғаны белгілі. Оған барлық тараптың өкілдері қатысты. Аталмыш жиында ғалым Жәнібек Аралбаев: «Бұрғылау жұмыстары кезінде ауыр техникалар үшін қиыршық тас (щебень) төселген жолдар салына ма?» деген сұрағын қойды. Сол кезде «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Ринат Ізмұханбет «Ол тәжірибеде бар технология. Ауыр техникалар үшін асфальт емес ПГС және қиыршық тас (щебень) төселген жол салынады» деген болатын.
Оған мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин: «Жолдар қашан дайын болады?» деп тағы пысықтап сұрады. Сол кезде бас директор: «Жолдар 10-15 күнде дайын болады» деп жауап берді. Сол жолдар салынды ма? - деген сауал қойдық.
(Бас директордың бұл сөзі «Ютуб» желісіндегі «Esenbai Nurov» каналында 14.12.2024 жылғы «Тайсойғаннан мұнай барлау, өндіру туралы Парламент мәжілісі депутаттарының онлаин жиыны» деген тақырыппен жүктелген бейнебаянның 1 сағат 18 минутында айтылады)
Бұл сауалға аталмыш акционерлік қоғам өкілі Ернұр Тасеменов: «Ол жиында бас директор қателесіп кеткен болуы мүмкін. Барлау жұмыстары кезінде қиыршық таспен жол салынбайды. Тек далалық жолдар арнайы техникамен қырылып, тегістеледі» деп жауап берді. Бұл жауапқа біз айран-асыр қалдық. Сонда облыстағы ең іргелі акционерлік қоғамының басшысы мәжіліс депутаты мен халықты алдағаны ма?!
Бұдан соң комиссия мүшесі Есенбай Нұров:
«Бұрғылау жұмыстары кезінде «Мұнай және газ өнеркәсібі салаларындағы қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы №355 бұйрығы сақталып жатыр ма?» деді.
Оған жауап берген «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының өкілі ол бұйрықтың бұрғылау кезеңіне қатысы жоқтығын алға тартты. Сол сияқты аталмыш басқосуда комиссия мүшелері:
«Бұрғылау жұмыстары басталып жатқаны белгілі. Осы орайда «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы мен бұрғылаушы мердігер мекеме арасында қандай міндеттемелер мен шарттар жасалды?» деген сауал жолдады.
Алайда, акционерлік қоғам өкілдері оның ішкі құпия екендігін алға тартып, міндеттемелер мен шарттарды айтудан қашқақтады.
Сонда халықтың алдындағы ашықтық қайда?
Бұқпантайлап, қашқақтайтындай міндеттемелер мен шарттарда не көрсетілген? Қандай жұмыстар болмасын жергілікті тұрғындар алдында жасалуы тиіс емес пе?! Осылайша, қоғамдық бақылаушылардың көкейдегі көп сұрағы мен негізгі сауалы ақыры жауапсыз қалды. Кен алаңындағы кеңес Басқосудың ертеңіне комиссия мүшелері болып бұрғылау жұмыстары басталып жатқан «СТ-1», «ОТ-3», «ОТ-2» кен орындарындағы жұмыспен танысу мақсатында жолға шықтық. Жолай Дәукен ата қорымына аялдап, құран бағыштап, бет сипадық. Одан әрі Миялы ауылынан 25 шақырымдай жол жүріп, «СТ-1» кен орнына маңдай тіредік. Осыдан бір-екі ай бұрын ғана бұйығы жатқан сары далаға құдды жаңа ауыл көшіп келгендей. Алып техникалар, толған контейнер вагондар мен қадау-қадау ұзын темірлер жуық арада бұл маңда маңызды жұмыстар жасалатындығын айшықтап тұрғандай. Бізді бұрғылаушы «МұнайСервис ЛТД» компаниясының өкілі, жоба жетекшісі Серікжан Дәрібаев қарсы алды. Аталмыш кен орны 200х200 метр алаңқайда орналасқан. Кен орнының жан-жағы бөгетпен қоршалып, тек көлік кіретін ғана жер ашық тұр. Барған сәтте комиссия мүшелеріне қорғаныш киімдері үлестіріліп, техникалық қауіпсіздік журналына қол қойдық. Бұдан әрі кен орнындағы жұмыс барысымен таныстық. Бұл сәтте бұрғылау жұмыстары әлі басталмаған. Кен орнында бұрғылау қондырғысын орнату, монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатты. Жоба жетекшісінің айтуынша, монтаж жұмыстары аяқталған соң қондырғының орналасуын арнайы комиссия тексеріп, бәрі талапқа сай болса бұрғылау жұмысына рұқсат береді. Аталмыш «СТ-1» кен орны 3800 метрге дейін қазылады. Яғни, бұрғыланатын сегіз ұңғыманың ішіндегі ең тереңі осы кен орны болмақ. Аталмыш кен орнында қазіргі таңда 29 адам жұмыс жасауда. Жұмысшылардың жатын орны, асханасы, жуыну бөлмесі бәрі де көшпелі контейнер ішінде орналасыпты. Бұдан бөлек, әкімшілік басқару штабы, медициналық қызмет көрсетушілерге арналған контейнерлер бар. Бәрінің іші жылы, таза. Кен орнының аумағында әжетхана, күл-қоқыс төгетін арнайы орын, кәріз құдығы бар. Барлығы да белгіленген аумақ ішінде орналасқан.
Сапар барысында жоғарыда айтқан «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының өкілі Ернұр Тасеменов әрбір ұңғыманың төрт жағында тереңдігі 10 метр болатын төрт мониторингтік су ұңғымасы қазылғандығын комиссия мүшелеріне көрсетті. Бұрғылау жұмысы басталған сәтте аталмыш төрт ұңғымадан су сынамасы алынып, оны мердігер компания келісімшартқа отырған арнайы зертханаға жібереді екен. Өз кезегінде комиссия мүшелері:
«Қазіргі таңда, халық тұщы су мәселесіне қатты алаңдап отыр. Сондықтан алынған су сынамасын тағы бір тәуелсіз зертханаға жіберіп, тексерткен абзал. Содан кейін екі зертханадан шыққан қорытындыны алып, егер екеуі де шыққан судың ішуге жарамсыз екендігін көрсетсе, халықтың да күмәні сейіледі» деген ұсынысын білдірді.
Мердігер компания өкілі Серікжан Дәрібаев тек бір зертханамен келісімшартқа отырғандығын тілге тиек еткенімен, тапсырыс беруші «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының өкілі Ернұр Тасеменов комиссия ұсынысын қолдайтындығын жеткізді.
Қырылған жол, батқан «КамАЗ»...
Бұдан кейін комиссия мүшелері мінген жол талғамайтын көліктер зулап отырып, «ОТ-3» кен алаңына келді. Бұл жерде әлі көшу, орналасу жұмыстары жүріп жатыр. Кен алаңына қажетті жүктер, жатын орын контейнерлері мен қажетті құрал-жабдықтар 60 шақырым жердегі «Уаз» кен алаңынан тасымалданып жатыр. Біз барған сәтте жұмысшылар жүктерді түсіріп, орналастырып жатса, ДТ тракторы кен алаңын қоршай бөгет салу жұмыстарын жүргізуде. Бұл кен орнында бұрғылау жұмыстары әлі басталмағандықтан комиссия мүшелері көп аялдамады. Қайтадан жолға шығып 10-15 шақырымдай жүргенімізде алдымызда мердігер компанияға тиесілі «КамАЗ» жүк көлігі жолдан шығып, қалың қарға батып жатыр. Жүк көлігі қырылған жолдан 2-3 метрдей қиыс кетіп, ескі жолдан шыға алмай қалғаны көрініп тұр. Мердігер компания өкілінен «Бұл жүк көлігі неге бекітілген жолдан ауытқып кетті?» деп сұрағанымызда «Қырылған жолға қарсы көлік келіп қалып, соған жол берген кезде батып қалуы мүмкін» деп жауап берді. Сонда компания арнайы жолды бекіткенде екі көліктің қарсы келіп қалуы мүмкіндігін ескермеген бе?!
Дәл осындай сылтаумен ауыр жүк көліктері өздері қалаған жолмен жүре берсе, топырақ қабатына кері әсер етпей ме? Бір қызығы бекітілген жолдар тек трактормен қырылғаны болмаса, басқа ешқандай жол белгілері орнатылмаған. Айтпақшы, қазір қыста жер қатқыл болғанымен көктем мен жазда жұмсарып, босайды. Сол кезде жолдарда қиыршық тас (щебень) төселмегендіктен далалық жолдың өзі езіліп кететіні анық. Бұл өз кезегінде жердің беткі қабатын зақымдап, бірнеше шақырым жерімізді бүлдіруі ықтимал. Бұл мәселе алдағы уақытта да комиссия мүшелерінің басты назарында бола береді. Бұрғы тескен қара жер «Тайсойған-1», «Тайсойған-2» участоктеріндегі сегіз ұңғыманың бесеуі Миялы ауылдық округіне қарасты болса, үшеуі Мұқыр ауылдық округінің аумағында орналасқан. Комиссия мүшелері «ОТ-3» кен орнынан шыққан соң Темір алқабы арқылы далалық жолмен Жамансор елді мекеніне жетті. Одан әрі «Атырау-Ақтөбе» тасжолымен Жантерек елді мекеніне жетіп, сол жерден арнайы бекітілген жолмен «ОТ-2» кен орнына табан тіредік. Аталмыш кен орнында бұрғылау жұмыстары басталып кеткен. Бүгінде бұрғылануға тиіс 650 метр жердің 538 метрі қазылыпты. Жоба жетекшісі Серікжан Дәрібаевтың түсіндіруінше, жоспарланған қашықтық бір аптаның ішінде түгел қазылып, одан мұнай өнімдері шыққан кезде арнайы зертханаға жіберіледі. Содан соң аталмыш кен орны жұмысын тоқтатып, бұрғылау қондырғысы «ОТ-5» кен орнына көшіріледі. Осылай жыл аяғына дейін сегіз ұңғыма түгелдей қазылып бітеді. Бұл кен алаңында қызу жұмыс жүріп жатқандықтан комиссия мүшелері жұмысшыларды мазалап, артық сауалдар қоюды жөн көрмеді.
Міндеттемелер орындалуда ма?
Комиссия мүшелері кен орындарын аралап болған соң, «ОТ-2» кен алаңында бір күндік жұмысын қорытындылады. Аралау барысында, комиссия жергілікті жерден жұмысшы алу мәселесіне де баса назар аударды. Нәтижесінде «СТ-1» кен орнында - 6, «ОТ-2» кен орнында - 2 жергілікті тұрғын жұмыс жасап жатқандығына куә болдық. Олар Тайсойған, Миялы, Жангелдин ауылдық округтерінің тұрғындары. Десе де, бұл өте аз. Үш ұңғымада барлығын қосқанда сексеннің үстінде қызметкер бар десек, жұмыспен қамтылған жергілікті тұрғындар саны он пайыздың шамасында. Бұған назар аударған комиссия мүшесі Венера Мырзағали Мұқыр ауылдық округінен де жұмысшыларды алу жөнінде ұсыныс білдірді. Сонымен қатар, тағы бір комиссия мүшесі, Тайсойған ауылдық округінің әкімі Төреш Қозбақов мұнайшылар жазда дала өртіне аса мұқият болу керектігін түсіндірді. Өз кезегінде «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы геология және барлау департаментінің директоры Ернұр Тасеменов компанияның аудан халқы алдындағы әлеуметтік міндеттемелері кезең-кезеңімен орындалып жатқандығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша компания ауданнан жоғарғы оқу орындарына түскен 10 студенттің оқу ақысын төлеп берген. Сол сияқты, бұрғыланатын ұңғыма аумағында орналасқан «Жандос» шаруа қожалығының иесі Темір Құбановпен келісімшарт жасалып, жері үшін өтемақы төленеді. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында да жұмыстар жүре береді. Сапар соңында, комиссия мүшелері алдағы айларда да келіп, бақылау жұмыстарын жиі жүргізіп тұру керектігін уағдаласып тарқасты.
Түйін. Бұл алғашқы сапар комиссия мүшелері үшін кен алаңдарымен және жұмыс барысымен танысу ғана болды. Өйткені үш ұңғыманың тек біреуінде ғана бұрғылау жұмысы жүріп жатса, екеуі әлі көшіп-қону, монтаждау жұмысын жасап жатты. Әлі толыққанды іске қосылмаған кен алаңдарын сырттай бақылаудан басқа амал болмады. Десе де, мұнайшыларға ауданда табиғат жанашырлары бар екендігі ескертіліп, экологиялық талаптардың қатаң сақталуы аса маңызды мәселе екендігі түсіндірілді. Бастысы – бұрғылау қаншалықты қарқын алған сайын бақылау да қатаң болады.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 383
*Атырау облысына жұмыс сапары барысында «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау мұнай өңдеу зауытында болды*.
ҚМГ басшысы зауыттың өндіріс нысандарының техникалық жай-күйімен танысып, кәсіпорынның 2024 жылғы қорытындысы мен 2025 жылдың міндеттеріне арналған жиын өткізді.
А.Хасенов өндірістік және экологиялық жобаларды жүзеге асыруды, сондай-ақ зауыттың кеңейтілген жөндеу аралық кезеңге көшуіне дайындықты жалғастырудың маңызын атап өтті. Жиында Атырау мұнай өңдеу зауытының шығынын азайту, өндіріс тиімділігін арттыру және тұрақты, қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету шаралары талқыланды.
Қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға және алдағы он жылда зауыттың инфрақұрылымын, соның ішінде әкімшілік-тұрмыстық кешендерді дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді.
Жиын соңында ҚМГ басшысы зауыт басшылығына жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемін ұлғайтып, процестердің сенімділігі мен энергия тиімділігін арттыру бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Жалпы, 2024 жылы АМӨЗ 5,5 млн тоннадан астам мұнай өңдеді, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 70 мың тоннаға артық.
2024 жылдың 12 айындағы өндірістік көрсеткіштер:
•автобензин — 1,65 млн тоннаға жуық өндірілді, жоспардан 120 мың тоннаға артық;
•дизель отыны — 1,66 млн тоннаға дейін, 2023 жылмен салыстырғанда 50 мың тоннаға артық;
•авиаотын — 188 мың тоннаға жуық, өсім 63 мың тонна;
•сұйытылған мұнай газы — 213 мың тоннадан астам, 2023 жылғы көрсеткіштен 20 мың тоннаға артық.
Жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі артып, 69,2%-ды құрады, ал өңдеу тереңдігі 85,1%-ға дейін жетті. Технологиялық отын мен шығын көрсеткіші 0,8%-ға төмендеп, 10,9%-ды құрады.
«Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңының талаптарына және Энергетика министрлігі бекіткен жоспар-кестеге сәйкес АМӨЗ-де 2025 жылы жоспарлы алдын-алу жұмыстары 1-25 қазан аралығына жоспарланған, ал ЭЛОУ АТ-2 технологиялық қондырғысында профилактикалық жұмыстар 31 қыркүйек пен 5 қараша аралығында жүргізілмек.
2025 жылы Атырау мұнай өңдеу зауыты 80 жылдығын атап өтеді. Бұл мерейтой Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылымен» тұспа-тұс келді. Зауыт қолайлы жұмыс жағдайын жасауға бағытталған іс-шараларды жалғастырады, сондай-ақ кадрлардың біліктілігін арттыруға және өңір жастары арасында жұмысшы мамандықтарды насихаттауға ерекше көңіл бөлетін болады.