Жуырда «Ембімұнайгаз» АҚ жылдың үздік қызметкерлерін анықтап, конкурста жеңіске жеткен мамандарға «Жыл үздігі» атағын берді. Компанияның жыл сайын корпоративтік дәстүріне айналған қызметкерлерді қолдау және дамыту бағытындағы маңызды шара биыл да жоғары деңгейде өтіп, жылыойлықтар да үздіктер қатарынан көрінді. Байқау қызметкерлер үшін ынталандырушы фактор болып табылып, адал еңбек атқарып жүрген мұнайшылардың өндірістік көрсеткіштерін жақсартуда маңызды рөл атқарады. Және азаматтардың қауіпсіздік ережелерін қатаң орындауына мән беріп, олардың қоғамдық іс-шараларда белсенділік танытып, жеке бастамаларын қолға алуына мүмкіндік береді.
Марапатқа ие болу үшін қызметкерлердің барлығы да конкурсқа қатысып, бақ сынай алады. Дегенмен сайыстың шартына сәйкес оза шапқан жүйріктерді іріктегенде қатысушылардың әртүрлі салалардағы жетістіктері мен қоғаммен қарым-қатынасы есепке алынған. Бұл тұста өндірістік табыстар мен тәртіп алғашқы орында тұрғанымен, байқауға қатысушы қызметкерлердің көшбасшылық қасиеттері, даму мен оқуға дайындығы, ағымдағы жылы атқарған еңбегі, сондай-ақ шеберлікті арттыру мен позитивті жеке қасиеттері де сарапқа салынды. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, қай номинацияны алсақ та, қатысушылар үшін жеңіс тұғырынан көріну оңай болған жоқ. Салтанатты шарада «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының міндетін атқарушы Рысты Тасмағамбетова құттықтау сөз сөйлеп, ақжарма тілегін жеткізді:
- «Жыл үздігі» марапаты – бұл жыл бойы табысты еңбек етіп, үлгі болуға жұмыстанған әрбір азаматқа лайықты жеңіс. Алайда өз ісінің мамандары мен кіл мықтылар өздерінің ұзақ жылдар бойы жасаған еңбегіне сәйкес кәсіби жұмыс үлгісін көрсетіп, бір бас жоғары шықты. Бұл жандар 2024 жылды сәтті аяқтап, еңбектерінің лайықты жемісіне қол жеткізді. Олардың биылғы жылы жұмыла жасаған жұмыстары мен жеке жетістіктеріне қарап компаниямыздың одан әрі дамитынына көз жеткіздік.
Байқау нәтижесі бойынша алты номинацияның жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен ұлығыланып, әр аталым бойынша жүзден жүйрік шыққан қызметкерлерге «Жыл үздігі» марапаты табысталды. Оның ішінде «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Зерттеу жұмыстар цехы бастығының орынбасары Білімпаз Қабдолов «Жыл цех бастығы», «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Құлсарыдағы өндірістік құралдарды жөндеу және пайдалану учаскесінің шебері Алшын Тлеубаев «Жыл шебері» және «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бас инженері Ерлан Қондыбаев «Жыл басшысы» марапаттарына ие болды.