Жаңа жыл қарсаңында аудан аумағындағы Морское кен орнында жерге мұнай аралас сұйықтық төгіліп, топырақтың бүлінгендігі жөнінде ақпарат тарады. Аталған өндіріс ошағы «ҚоЖан» акционерлік қоғамына қарасты мұнай алаңына тиесілі болып шықты.
Нақтырақ айтқанда, апаттық жағдай ондағы №56 ұңғыда орын алған екен. Абырой болғанда оқиға орнында ешкім зардап шеккен жоқ. Бір қызығы, аталған компания басшылары болған жайды жауапты органдарға дер кезінде хабарламай, қоршаған ортаға келтірілген залалды жасырып қалғысы келген. Бірақ «Ұрлықтың құйрығы бір тұтам» дегендей, табиғат қорғау прокурорларының қырағылығының арқасында әрекеті әшкереленіп, заңдылықты қадағалушы органның талабы негізінде жергілікті экологтар экологиялық заңдылықтың сақталуына жоспардан тыс тексеріс жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде шынымен де апаттық жағдайдың орын алғандығы туралы хабарлама расталды.
- Тексеру кезінде қоршаған ортаға келтірілген залал мөлшері анықталды. «ҚоЖан» АҚ-ның басшылары да аталған заң бұзушылықпен келісіп, мойындады. Экологиялық талаптарға сәйкес, компанияға 393 200 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, заңды тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Бұдан басқа, жерге мұнай араласқан сұйықтық төгіліп, топырақтың бүлінуі себепті полицейлерге де тиісті құжат жолданды, - дейді облыстық экология департаментінің хабарламасында.
«ORDA» сайтының хабарлауынша, «ҚоЖан» - еліміздегі көмірсутегі шикізатын барлау-бұрғылау және игерумен айналысып келе жатқан іргелі компания. Өткен 2024 жылдың қорытындысымен акционерлік қоғамның активтері 126 миллиард теңгені құраған. Компания «Матен Петролиум» АҚ-ның құрылымына кіреді. Оның негізгі акционері «SINO-SCIENCE NETHERLANDS ENERGY GROUP B.V». Бүгінде қытайлық компания 97,7 пайыз акцияға иелік етеді.
Мұндай жағдайда салынған айыппұл компанияға шыбын шаққан құрлы әсер етпегені белгілі. Ал осындай топыраққа келтірілген залалдан бәрінен де бұрын қоршаған орта орасан зор зардап шегіп жатқаны анық.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ