ТШО-МЕН ЖЫЛЫОЙЛЫҚТАР ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Құлсары қаласында «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) әлеуметтік жобаларға және компанияның өңірді дамытуға қосқан үлесіне байланысты туындаған мәселелерге орай Жылыой ауданыныңтұрғындарымен  кездесу өтті. Бұған дейінгі мұндай кездесулер Қоғамдық-Консультативтік кеңестің (ҚКК) отырыстары форматында өткізілген болатын. Алайда биыл бұл кездесулерді барлық тұрғындар үшін ашық етіп өткізу туралы шешім қабылданды.

Кездесуге Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, ауданда өз қызметін жүргізетін үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері мен өкілдері, сондай-ақ Құлсары қаласының тұрғындары қатысты.

ТШО қызметкерлері компанияның «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобалар туралы айтып, тарихи деректерді ұсынды. Мәселен, 1998 жылдан бастап Атырау облысында 110-нан астам нысан бой түзеп, оның 60-ы Жылыой ауданында салынды. ТШО соңғы жылдары ашылған Орталық стадион мен аудандық орталық ауруханадан бөлек, Ақкиізтоғай, Жаңа Қаратон, Тұрғызба ауылдарында 4 спорт кешенін, 4 мектеп пен 8 балабақша, ауылдық амбулаториялар салуға, кәріз жүйесін жаңарту мен Құлсарының сумен жабдықтау желісін толық ауыстыруға, Ақкиізтоғай, Қарағай және Майкөмгенді электрлендіруге, газдандыруға, сондай-ақ, ТШО барлық жолдарды жөндеп, көшелерге жаңа асфальт төсеуге атсалысты.

Айта кететін ақпарат, 24 желтоқсанда Құлсарыдағы «Береке» шағынауданында «Игілік» бағдарламасы аясында салынған 600 орындық жаңа заманауи мектептің ашылуы өткен болатын. Кездесуге келген қатысушыларды бұдан әрі ТШО-ның қандай жобаларды іске асыратындығы қызықтырды. Компания қызметкерлері әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы толықтай айтып берді.

Бір ғана 2024 жылдың өзінде Жылыой ауданында үш негізгі бағыт бойынша 10 жоба іске асырылды. Биылғы жылдың жарқын жобаларының бірі - «50+ ешқашан кеш емес» болды. Соның аясында 50 жастан асқандар ағылшын тілін тегін оқып, би мен ән, йогамен айналысты. Аудан зейнеткерлері осы бастаманы жалғастыруға өздерінің алғыстары мен үміттерін білдірді. «Бұл жоба салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймайды, оның арқасында біз бір-бірімізбен араласамыз, күн сайын жаңа адамдармен танысамыз және жаңа білім аламыз», - деп атап өтті жобаның қатысушылары.

Өз баяндамасында компания өкілдері шағын және орта бизнесті қаржыландыруға бағытталған «Таңдау» жобасы туралы айтып берді. Жылыой ауданының кәсіпкерлеріне арналған пилоттық жоба аясында бизнесті іске асыру мақсатында жабдықтар сатып алуға 2,5 млн теңгеден 4,5 млн теңгеге дейін пайызсыз қарыз бөлінді. Бір жыл ішінде жалпы сомасы 155 миллион теңгеге 44 кәсіпкер грант алды. Сонымен қатар, ТШО өкілдері өңірге көрсетілетін демеушілік көмек туралы да баяндады.

Жылыой ауданының тұрғындарын әлеуметтік жобалардан және олардың бенефициарларынан басқа, аудандағы жұмыс орыны, жергілікті тұрғындардың вахта кестесінің мерзімін қысқарту мәселелері, сондайақ көгалдандыру жөніндегі жобалар да қызықтырды - азаматтар көгалдандыру жөніндегі жобаларға ықтимал тендерлерге қатысуға дайын екендіктерін атап өтті.

ТШО үшін мұндай кездесулер өткен жылы дәстүрге айналған болатын. Олардың негізгі мақсаты - компанияның Жылыой ауданын дамытуға қосқан әлеуметтік үлесі туралы халыққа толыққанды ақпарат беру болып табылады.

 

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT