АБАЙ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН БОКС КЕШІ

Атырауда бокс кеші өтті

5 жекпе-жектен тұратын кәсіпқой бокс кеші  "ХАБАР" телеарнасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді.

"Атырауда шетелдік және қазақстандық боксшылардың қатысуымен ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған жарыс өтті", - деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі. ⠀

Спорттық шара Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен және «SULEIMEN Promotions» проумоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен өтті. ⠀

5 жекпе-жектен тұратын кәсіпқой бокс кеші санитарлық нормаларға сай көрерменсіз өтіп, жұртшылыққа "ХАБАР" телеарнасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді. ⠀

Додада қазақстандық 22 жасар Бекзат Нұрдәулетовтің қарсыласы танзаниялық 28 жастағы Ибрахим Маокала болды. Алты раундқа жоспарланған жекпе-жек екінші раундта нокаутпен аяқталды. Осылайша қазақстандық боксшы Бекзат Нұрдәулетов кәсіпқой бокстағы дебютін сәтті бастады. ⠀

Ал Данила Семенов танзаниялық қарсыласы Мусса Аджибуды төртінші раундта техникалық нокаутқа жіберді. Бұл ауыр салмақтағы жекпе-жек алты раундқа жоспарланған. ⠀

Кештің үшінші жекпе-жегі қазақстандық Евгений Павлов пен Танзаниядан келген тәжірибелі Гудлак Мреманың арасында өтті. Екінші жеңіл салмақтағы бұл жекпе-жек екінші раундта аяқталды. Евгений Павлов қарсыласын нокаутқа түсіріп, жеңіске жетті. ⠀

Абылайхан Жүсіпов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін танзаниялық Мешак Мванкемвамен өткізді. Бірінші орта салмақтағы айқас алты раундқа созылып, төрешілер шешімімен жекпе-жек Жүсіповтің жеңісімен аяқталды. ⠀

Басты айқас қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет пен танзаниялық Абдалах Пазимен арасында ұйымдастырылды. Жартылай ауыр салмақтағы жекпе-жек алты раундқа созылып, шешім бойынша Нұрмағанбеттің жеңісімен аяқталды. ⠀

Айта кетейік, аталған спорттық додада қазақстандық үш бірдей спортшы кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізді. Олар Данила Семенов, Абылайхан Жүсіпов, Бекзат Нұрдәулетов.

Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT