Велосипедпен Оғыландыдан Ақмешітке дейін...

велосаяхатшы

Бүгінде көздеген мақсаты орындалып, өзгелерге үлгі болып, жастарға жаңа серпін берді.

Маңғыстаулық Раббым Борашев Бекет ата Мырзағұлұлының туғанына 270 жылдық мерейтойына байланысты жаңа бастаманы қолға алыпты. Ол атаның 4 жерасты мешітін велосипедпен жүріп аралап шығуды мақсат тұтыпты. Осы игі бастамасын мықтап қолға алуға бекінген азаматты біз қасиетті Ақмешітке барып тәу етіп, кері оралып келе жатқан сапары үстінде Құлсары қаласында жолықтырдық.

Иә, есімі талай аңыз-әңгімелерге арқау болған әулие, абыз, халық батыры, діни ағартушы Бекет ата Мырзағұлұлының дүниеге келгеніне биыл 270 жыл толды. Өкінішке орай, бұрын-соңды ел ішінде болып көрмеген ерекше жағдай - пандемияға байланысты рух алыбы атанған рухани ұстаз Пір Бекеттің мерейтойын кең көлемде атап өту мүмкін болмады. Алайда бейнеулік тұрғынның бүгінде көздеген мақсаты орындалып, өзгелерге үлгі болып, жастарға жаңа серпін берді.

sayakhatshy1

60 жастағы өңірге белгілі кәсіпкер, құрылысшы, сәулетші, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Раббым Борашев 18 қазанда өзінің туған жері Бейнеу ауданынан велосипедпен қара жол арқылы сапарға шығады. Жол сапарын Маңғыстау түбегінің шекарасынан бастаған ол ең әуелі Бекет атаның «Тобықты» және «Оғыланды» деп аталатын екі мешітіне ат басын тіреп, Құран бағыштап, дұға етеді. Жеті күн ішінде 500 шақырым жолды бағындырған саяхатшы сегізінші күн дегенде қасиетті Жылыой өңіріне табан тіреп, атаның кіндік қаны тамған Ақмешіт жеріне келіп бір-ақ тоқтайды. Киелі жер, тарихи орын Ақмешітте мешіт шырақшысы Ислам қажының ата жөніндегі ақиқат пен аңызға негізделген әңгімелеріне әбден қанығып, Құлсарыға қарай жолға шығады. Біз, тілшілер алпыс жасында велосипедпен соншама шақырымды алқынбай басып өткен ақсақалмен кездесуге асықтық. 600 шақырымға жуық жерді бір өзі жүріп өткен ер-азаматтың жүзінен шаршаған кейіп байқамадық. Керісінше, көңілі жайдары, жүзі нұрлы, құдды атаның рухы қолдағандай күй кешкенін дидарынан аңғардық.

-Осы жақында асқаралы 60 жасқа толдым. Бүгінгі таңда өмірімнің бір бөлшегіне айналған ата кәсібімді соңымнан ерген ұрпағым, ұлдарым жалғастыруда. Үйде алаңдайтын артық шаруам болмаған соң, балаларымның, жарымның қолдауымен іштей жақсы ойға бекініп, жолға шыққан жайым бар. Әр қазақ өзінің тарихымен мақтанады, оны терең тани білуімен, ұғынуымен құнды. Мен де тарихта аты қалған ата-бабамның әруағына арнаған бір үлгілі ісім болсын деп осы бастаманы қолға алған болатынмын. Жылыой өңірі мен Маңғыстау жерінің халқы ертеден бір-біріне бауыр, ағайын саналады, Өзім де жас күнімде осы араның арқа тұтар азаматтарымен қызметтес болғанмын. Сол себепті де Кең Жылыойдың орталығы атанған Құлсары шаһарына әдейілеп табан тіреп келдім. Артымнан ерген буын, келешек ұрпақ осы бір ісімнен титтей де болса сабақ алып, әрі қарай жалғастырса мен үшін одан асқан бақыт жоқ. Басында бұл бастамам жайында дабыра етіп, жар салуды жөн көрмедім. Себебі, қасымда жолсерік болар қосшым болмады. «Бұл сапарым туралы алдымен «Кең Жылой» газетінің тілшілері - сіздер біліп хабарластыңыздар. Оның үстіне, жолда бір нәрсеге ұшырап, мақсатыма қол жеткізе алмай қалсам, ел-жұрттың алдында ұятқа қалармын деп, жақ ашпадым. Дегенмен ниетіме қарай ата рухының қолдағаны болар, жоспарлы 800 шақырым жолымның, 600 шақырымға жуығын жүріп өттім. Жолда көптеген көліктер тоқтап, жастар жағы нөмерімді алып қалып жатты. Осылай жүріп ел-жер көргісі келетіндерін, бірақ жол білмей, адасып кете беретінін айтты. Мен де бұған іштей риза болып жатырмын, – деп бірауыз көңілге қонымды әңгімесін айтып, сапарын жалғастырған Раббым аға велосипедімен туған жеріне қарай бет алып бара жатты.

sayakhatshy2

Өзі айтып өткендей, Раббым Борашевтың бұл ойына басынан-ақ қос қолын көтеріп, қолдау көрсеткен оның ұлдары мен жары болатын. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Бір ұлы талай мәрте жаяу жүру, веложарыстарда бәсекелестерін шаң қаптырған спортқа бейім азамат болып шықты. Әкесіне де өз білгенін үйретіп, денсаулығын сақтаудың қағидаларын баяндаған. Бұдан бұрын да әртүрлі экспедициялық топтармен бірлесіп, тарихи орындарды тамашалауды әдетке айналдырған ел азаматы бұл жолғы сапардан алған әсерінің бұрынғыдан да ерекше екенін айтады. Қасиетті жерге еліміздің ұшы-қиырынан арнайы ат терлетіп келген қонақтардың есебінде шек жоқ дейді ол.

Ата жолында тәуекелге бел байлап, арнайы алыс жолға шыққан азаматтың бас амандығына алаңдаған оның жары Айзада Борашева мен бауыры бірге көлікпен ере шығыпты. Жол азығын, киім-кешегін әзірлеп, сапар басталғалы межелі жерге одан бұрын жетіп отырады. Сөйтіп, 1-2 сағат бұрын, ерте келіп, жолдасының жолын тосумен болады. Бұл жолы да дәл солай, Құлсарыға кірер ауызда жолдасының келер уақытын күтіп тұр екен...

Бекет атаның мерейлі 270 жылдығында жастарға үлгі-өнеге боларлық игі бастаманы қолға алып, тәуекелге бел буған Раббым ағамызға біз де сәт-сапар тілеп, қош айтыстық.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT