Жылыойлықтар да дүбірлі додадан қалыс қалмады.
Махамбет ауданында сол ауданның Құрметті азаматы, ардагер журналист Сайлаубай Тәжбентайдың рухына арналып волейболдан ашық турнир ұйымдастырылды. Бір ерекшелігі - жанкүйерлерге жар салынған жарысқа тек 40 жастан асқан ерлер қатысты. Сонысымен де сайысты бұқаралық спортты дамытуға қосылған үлес деп тануға болады. Өйткені салауатты өмір салтын ұстану үшін жас шектеудің қажеті жоқ. Спортпен үлкен де, кіші де айналысуы керек.
Жылыой ауданының да спорт ардагерлері осы дүбірлі додадан қалыс қалмай, қатысып келді. Қатысып қана келген жоқ, жүлделі І орынды жеңіп қайтты. Олар №4 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жұмабай Құдайберген бастаған Қазбек Исабаев, Жұмабай Молдашұлы, Қайырбек Молдағалиев, Азат Ментаев және Жаңабай Жолданбаевтар. Қызу ойын өрнегін көрсеткен топтар ішінен Жұмабай Молдашұлы «Үздік ойыншы» номинациясын жеңіп алды. Сөйтіп, жылыойлық жеңімпаздар Махамбет ауданының І орын жүлдесін қанжығаларына байлап қайтты.
С.ӘЛИ