Марихуана сатып «байымақшы» болды

Оқиға өткен жазға салым уақытта орын алған еді.

Таяуда аудандық полиция бөлімінің есірткі бизнесіне қарсы күрес тобының қызметкерлері аудан аумағында марихуана сатумен айналысып жүрген бір қылмыскерді құрықтады. Тексере келгенде, ол еш жерде жұмыс жасамайтын, 50-ден асқан азамат екендігі анықталды. Ел ағасы жасына жеткенде заңға қайшы қадамға барып, есірткіні табыс көзіне айналдырған сабаз қоғамға қауіпті осы ісімен талай жастың санасын уламақшы болды.

Оқиға өткен жазға салым уақытта орын алған еді. Әдеттегідей кезекті тауарын сатуға дайындап қойған наркосатушы оларды екіге бөліп, жақсылап тұрып ақ қағазға орап қояды. Сатып алушы да ұзақ күттірмеді. Көп кешікпей кешкісін үйінің есігін қаққан бір «нашақор» 4000 теңгеге бірден екі орамын алатынын айтады. Қуанып кеткен сатушы еш ойланып жатпастан оған сұраған есірткі затын заңсыз өткізіп жібереді.

Бірақ бұл «сауда-саттық» арқылы қылмыскер өзіне үкім жариялап алғанын білмеді. Өйткені бөлімнің есірткі бизнесіне қарсы күрес тобының жедел уәкілдері жасы 50-ден әлдеқашан асса да, ақыл тісі шықпаған бұл азаматтың заңға қайшы әрекеті туралы естіп-біліп, оның жолын кесу мақсатында көптен бері жасырын тергеу жұмыстарын жүргізіп, ізіне түсіп жүрген еді. Ақыры ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған полиция қызметкерлерінн қоғамға қауіпті қылмыскердің қылмысын ашудың сәті түсті. Сол күні оны айғақты заттарымен бірге қолға түсірді.

Есірткі құралдарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді зерттеу сараптамасының қорытындысына сәйкес, есірткі сатушының 4000 теңгеге сатқан соңғы есірткі заты 5,68 грамм кептірілген марихуана екені анықталды. Осының өзі күдіктіні темір торға тоғытуға жеткілікті болатын. Жасаған қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті үшін оның үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс көтерілді. Алдын ала тергеу амалдары арқылы күдіктінің барлық қылмыстық әрекеттері толықтай өз дәлелін тауып, аудандық сотқа жолданды.

Басты сот талқылауында айыпкер өзіне тағылған айыпты мойындамауға тырысып бақты. Бірақ оның қоғамға қарсы жасаған қауіпті қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті тергеу материалдарының бұлтартпас айғақтарымен, куәлардың тікелей көрсетуімен толықтай дәлелденді. Сондықтан сот оның қылмысын жоғарыдағы баппен дұрыс дәрежеленген деп тапты. Өйткені ол заң тілімен айтқанда, «есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтап, өткізу болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған».

Ел ағасы жасына жеткенде есірткі сатып, заңсыз жолмен пайда табуды көздеген қылмыскер Қылмыстық кодекстің 297-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, аудандық соттың үкімімен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.

Осылайша есірткіге еліткен нашақорларды өзіне тәуелді етіп, талай жастың санасын улаған сабаз заң алдында жақсылап тұрып сазайын тартты.

М.Ысқақов,

аудандық соттың судьясы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521