Бұл жолы киім сататын сауда үйін тонауға бел буады.
Өткен жазғы мезгілде елімізде тәж тажалының қаупі сейілмей, әсіресе аудан аумағындағы ауру ошағы мен науқас жандардың саны артып, қарайған халық қиындықты бастан кешкені белгілі. Бұл жағдай Құлсары қаласындағы кәсіпкерлерге де оңай соқпағаны анық. Көптеген сауда-саттық нүктелері жабылып, азық-түлік дүкені мен шағын маркеттердің жұмыс уақыты шектеліп, саудасы жүрмей қойды.
Міне, осындай қиын кезде 33 жастағы тепсе темір үзер жас жігіт қаладағы бірқатар дүкендерді тонауға бел буады. Арам ойлы қылмыскердің бұл заңсыз әрекеті онсыз да ісі ілгерілемей тұрған кәсіпкерлерге «жығылған үстіне жұдырық» болды. Оқиға өткен маусым айының ішінде орын алды. Абырой болғанда ұрылар құқық қорғау органы қызметкерлерінің қырағылығының арқасында дер кезінде қолға түсті.
2015 жылы дәл осы тектес жасаған қылмысы үшін айыпталып, 4 жыл жарымға бас бостандығынан айрылып, темір тордың арғы жағының дәмін татып келген ол бұрынғы қателігінен еш нәтиже шығармағанын көрсетті. Елде пандемия дерті күшейіп, қарапайым халықтың жұмыссыз қалып, аурумен арпалысып жатқан ауыр халін көрсе де, көз жұма қараған ол сол күні батылдық үшін кешкісін ішімдікті біраз сілтеп алады. Сөйтіп, түнгі сағат 3-тер шамасында мас күйінде мысықтабандап қаланың бір учаскесінде орналасқан азық-түлік дүкеніне қарай беттеді. Оның терезесінде тұрған салқындатқышты аяғымен теуіп түсірген ұры ішіне еніп арам ойын іске асыруға кірісті. Сөреден бірнеше дана әртүрлі маркадағы арақ-шарап, сыра, түрлі сусын мен «закускаға» арналған қатты тамақ өнімдерін, тіпті киім-кешектерді де ұрлап, дүкен иесіне 101250 теңге көлемінде материалдық шығын келтіреді.
Алғашқы түнгі жортуылдан олжалы оралған ұры келесі күні де үйінде қарап жата алмады. Тағы да «ахаңның» буына қызып алып, түнгі сағат 3-тер шамасында сол учаскедегі өзге бір дүкеннің алдын торуылдады. Терезе торын қайырып ашып, ішке түскен ұры бұл жолы бірден темекі өнімдеріне қол салды. Одан басқа шоколад, өзге де тамақ өнімдері мен киім-кешектермен дорбасын толтырып алған қылмыскер кәсіпкерді 62830 теңгеге «отырғызып» кетті.
«Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, өкінішке орай ұры жалғыз мұнымен де шектеліп қалған жоқ. Бұл жолы киім сататын сауда үйін тонауға бел буады. Бірақ арақ-шарап, тамақтай емес, қарайған киімді алып жүру жалғыз адамға оңай тимесі белгілі. Арам ойлы ұрыға өзі секілді жұмыссыз, некеден ажырасқан, бұрын сотталған серік те табыла кетті. Ұрлық жасау үшін алдын ала сөз байласқан екеу көп ұзамай түн жамылып қаланың орталық ықшамауданында орналасқан сауда нүктесіне бет алады. Бірақ терезе торын темір құралмен ашып, сауда үйінің ішінде «сайран салып» жүрген ұрылардың арам ойлары іске аспай қалды. Қырағы полиция қызметкерлері қос күдіктіні қылмыс үстінде қолға түсірді. Қолын қайырып, кісен салып, полиция бөлімінің уақытша тергеу абақтысына қамады.
Алдын ала тергеу амалдары кезінде орда бұзар отыздан асқан жігіттің азық-түлік дүкенін тонағаны да әшкереленіп, бұлтартпас дәлелдемелер мен айғақты заттармен, куәлардың көрсетуімен қылмысы мойнына тағылды. Алдын ала тергеу амалдары арқылы қылмыстық іс сотқа жолданып, қаралды.
Сот бастап дүкен тонаған сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігінің 2),3)-тармақтарымен және 24-бабының 3-бөлігімен дұрыс сараланған деп есептеді. Өйткені ол, заң тілімен айтқанда, «Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін бірнеше рет, өндірістік үй-жайға немесе қоймаға заңсыз кіріп, жасырын түрде жымқыру» және «Ұрлық», яғни бөтеннің мүлкін адамдар тобының алдын-ала сөз байласуымен, бірнеше рет, өндірістік үй-жайға немесе қоймаға заңсыз кіріп, жасырын түрде жымқыру, қылмыс жасауға тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасалған әрекеттер, егер бұл ретте қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмей, қылмысқа оқталу қылмыстық құқық бұзушылық әрекетті жасаған». Ал серігінің қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті 24-баптың 3-бөлігі, 188 баптың 3-бөлігінің 3-тармағымен сараланды.
Аудандық соттың үкімімен өзі дүкен тонағанымен қоймай, серігін де ұрлыққа бастап барып, ауыр қылмыс жасаған 33 жастағы айыпкер жоғарыдағы баптармен айыпты деп танылып, түпкілікті жаза ретінде 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Ал серігі осыншама мерзімге бас бостандығынан шектеуге кесіліп, пробациялық бақылау белгіленді.
Е.Бисекенұлы