ТАРЫДАН ТАПҚАН ТАБЫСЫН...

Қолдан дайындалған тарының бұрқыраған иісі кім-кімді де елең еткізбей қоймасы анық. Қазақтың «моторына» айналған қызыл күрең қою шайға ерекше дәм қосып, әр шаңырақтың дастарқанынан ойып тұрып орын алған бұл өнім бүгінде ерекше сұранысқа ие. Өйткені, халық та дүкендегі сырттан келетін түрлі қоспасы бар тағамнан гөрі өзіміздің табиғи құнарлы өнімнің адам ағзасы үшін пайдасы мол екенін біліп алған. Міне, осы тарыны нағыз табыс көзіне айналдырған Шоқпартоғай ауылының келіні Назгүл Тәжиева – ұлттық құндылығымызды жандандырып жүрген жанашыр жанның бірі.

Естеріңізде болса, таяуда Құлсары қаласындағы «Мансап» орталығында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Бастау Бизнес» жобасы қолға алынған еді. Оған аудан бойынша 53 адам қатысып, оның 22-і 400 АЕК көлемінде, яғни 1 млн. 476 мың 800 теңге қайтарымсыз гранттың иегері атанған болатын. Қатысушылар, ең алдымен, өз кәсібін дөңгеленту үшін қажетті білім алып, оқудан өтеді. Содан кейін ғана сертификат иеленіп, өзінің көздеген бизнес-жобасын ары қарай ұсына алады. Мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантқа кез келген адам өтініш білдіре алмайды. Жоба шарты бойынша қаржылай көмек алушылар міндетті түрде атаулы әлеуметтік көмек алушылар, асыраушысынан айырылғандар, көпбалалы отбасылар, «қандас» мәртебесі бар адамдар, мүмкіндігі шектеулі жандар және отбасында мүгедектігі бар бала бағып отырған отбасылардың қатарынан болуы керек. «Бастау Бизнес» жобасының екінші легі шілде айында өтіп, қатысушылар сол айда кәсібіне қажетті қаражатын иеленген еді. 

Аталмыш жобаға көпбалалы ана ретінде қатысқан Назгүл Тәжиева ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында өз бизнес-жобасына «Тары өнімдерін дайындау» тақырыбын таңдап, жолдасы Азамат Ботаевпен бірге сәтті қорғап шықты. Өйткені ол бұл кәсіппен осыған дейін де шұғылданып келген еді. Ісін ілгерілету үшін Жаңақорған ауданынан тары өнімін өңдейтін арнайы қондырғы сатып алуды мақсат тұтты. Себебі, кәсіп иесі тарыны қолмен тазалап, түйіп, қуырып, барлығын қол күшімен атқарып келді. Ал, сұраныс болса күннен күнге артып барады. Алға қарай тарыны қолмен өңдей беруге үлгере алмады. Сондықтан қондырғы алуды көздеген Назгүл грант ұтып алуға бел буады. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, ақыры мақсатына жетті. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша құрылған аудандық комиссия мүшелері оның талабын бірауыздан қолдап, жаңа мүмкіндік сыйлады.

Бүгінде жаңақорғандық қондырғы тарышы келіннің қолын ұзартты. Тары түйіп, дайындау алғашында енесінің күйбең тіршіліктен босай қалса айналысатын шағын шаруасының бірі еді. Бүгінде ол Назгүлдің мол табысқа жол сілтер кәнігі кәсібіне айналды. Келін боп түскен 8 жылдың ішінде енесінің мектебінен өтіп, отбасылық өмірдің тағылымды тәрбиесін санасына сіңірген келін бүгінде тарыға құмар талай тұтынушының қажетін өтеп, Жем бойындағы жұрттың алғысына бөленіп келеді. Олай дейтініміз, Назгүлдің өзі еліміздің оңтүстік өңірінің қызы, Шоқпартоғайдың ғана емес, тұтас Жылыойдың келіні десе де болады. Келін ретінде кәсібін тек тары дайындаумен шектеп қана қоймай, тарыдан жасалатын талқан, жент, тары чизкейк өнімдерін де қатар ұсынады. Назгүлдің өз қолынан шыққан ұлттық дәм жақын өңірлерден бастап, алыс аймақтарға, Маңғыстау, Атырауға дейін, тіпті Меккеге де жөнелтілген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, тапсырыстың тым көп болуына қарай тарыны қолмен тазалап, қуыру көп уақыт алуына және өнімді көптеп шығаруға кедергі келтіруіне байланысты жолдасы Азамат екеуі тары өңдейтін құрал іздейді. Ақыры Жаңақорған қаласынан жақсы ұстаға жолығады. Арнайы сол кісімен кездесіп, гранттан ұтып алған қаржыға қажетті құрал-жабдықтарды қолдан жасатып алған. Оның ішінде талқан тартатын қол диірмені, оны тазалайтын құрал, тары өңдеп шығаратын қондырғы және басқа да керекті құралдары бар. Бүгінде соның арқасында Назгүлдің жанұялық кәсібі ілгері басып, мол қуанышқа бөленіп жүр. Жастайынан көненің көзін көріп өсіп, ұлттық құндылықты жоғары қоятын Назгүл Тәжиева өз кәсібі жөнінде:

- Қазақтың дамымай қалған кәсібін қолға алғым келді. Сондықтан енемнен көрген осы тары өнімін шығаруды таңдадым. Бүгінде кәсібім жүріп тұр және тарыға сұраныс өте жоғары. Әрине, біздің өнімдер басқа жерлермен салыстырғанда баға жағынан қымбаттау. Бірақ соған сәйкес сапасы да жоғары, артық тассыз, таза тары. Ал қазіргі «ақтөбелік» деп базардан жұрт сатып алып жүрген кейбір тары өнімі, шын мәнінде, сөктен жасалған. Нағыз қолдың тарысы - иісі бұрқырап, шайға салғанда кесенің бетінде қалқып жүрмеуі керек. Қазір тұтынушыларды әлеуметтік желі арқылы табамын. Алда басқа да кәсіп түрімен айналысу жоспарымда бар, - дейді. Назгүл – кәсібінен бөлек «инстаграм» әлеуметтік желісінде белсенді блогер. Мың бұралған биімен көпшілікті тәнті етіп, қызықты бейнежазба жүктейтін келіннің жолдасы Азамат та, бүтін бір жанұясы да оның шығармашылығына қолдау білдіріп, түсірілім жұмыстарында төбе көрсетіп жүр. Тары дайындаудан нәсібін тапқан кәсіпкер келіншек – отбасында төрт бала тәрбиелеп отырған аяулы ана, бір шаңырақтың ұйтқысына айналған инабатты келін. Кәсіпте де өз ісін өрге дөңгелетіп жүрген келіншек мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға арналған мүмкіндіктің мол екенін айтады. Бұл ретте осындай мемлекеттік грантты іске қосқан ел басындағы азаматтарға алғысын білдіреді.

Д.ЕЛЕУСІН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521