Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына партиялық тізім бойынша кандидаттар – Нұрлан Әуесбаев, Мақсұт Насибулов, Мәкиля Тоқсамбаева «Қарағанды-Нан корпорациясы» ЖШС қызметкерлерімен, сондай-ақ Қарағанды облысы сайлаушыларымен кездесу өткізді.
– Мемлекеттің басқару жүйесінің тиімсіздігіне әкеп соқтырған, шешімін күттірмейтін басты мәселе – сыбайлас жемқорлық. Біз осы бағыттағы жұмысымызды әрі қарай да жалғастырамыз. Халықтың мүддесі біз үшін бірінші орында, – деп атап өтті Мақсұт Насибулов.
Жалпы, партия басшылығы Қазақстандағы басты мәселе адал бизнесті тұншықтыратын, экономиканың дамуына жол бермейтін, халықтың әл-ауқатына кері әсер ететін сыбайлас жемқорлық екенін жиі алға тартады.
«Елде бенефициарлары қайта өңдеу салаларын дамытуға мүдделі емес корпоративтік, олигархиялық экономика қалыптасты. Жекелеген адамдар байып, миллиондаған адам кедейшілік жағдайында өмір сүріп жатыр. Бұл ретте жан-жақты тергеу жүргізіп, ұрланған және оффшорларға шығарылғанның бәрін қазақстандықтарға қайтару қажет. 1990-жылдары көптеген ірі кәсіпорын күлкілі сомаға жекешелендірілді. Осындай компаниялардың акцияларын халыққа өткізу туралы мәселе өте өзекті. Бұған IPO арқылы қол жеткізуге болады. Активтерді ұлттық экономиканың жаңа негізіне айналуға тиіс орта бизнес өкілдері арасында бөлу керек», деп есептейді партия мүшелері.
Тұрғындарды алаңдататын мәселелердің бірі – тығыз құрылыс «жыры». Бұл проблема тек Астана мен Алматы қаласында емес, еліміздің барлық қаласына ортақ мәселе. Оппозициялық партия мүшелерінің пікірінше, тығыз құрылыс қала қасіретіне айналып отыр. Одан бөлек тойымсыз құрылыс салушыларға ең жақсы жер телімдерінің берілетіні тағы бар.
«Әкімдіктер игеруге бас жоспар бойынша мектеп, балабақша мен ауруханалар салынуға тиіс жерлерді үлестіріп отыр. Соның салдарынан тұрғындар әлеуметтік инфрақұрылымның жоқтығынан зардап шегеді», дейді партия өкілдері.