Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» партиясы республикалық штабының мүшелері Тараз қаласының еңбек ұжымдары және тұрғындарымен кездесті.
Басқосу барысында партия мүшелері жергілікті тұрғындарды сайлауалды бағдарламаларымен кеңірек таныстырды. Штаб мүшелері «Тараз КожОбувь» ЖШС-ның былғары өндірісі мен аяқкиім цехтарының жұмысымен танысып, кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті.
Серіктестік – былғарыдан жасалған бұйымдар мен аяқкиім шығаратын ірі өндіруші және тері өңдеуден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар жалғыз отандық кәсіпорын. Екі өндірісте де 500-ден аса қызметкер жұмыс істейді. Компанияның басшысы Бауыржан Найзақұловты «Ақ жол» партиясы Тараз қаласы мәслихаты депутаттығына кандидат ретінде ұсынды.
– Бірнеше жыл бұрын осында келгенде, кәсіпорын негізінен Семейден шикізат сатып алатын, бірақ кейін Семейдегі зауыт банкротқа ұшырады. Сондықтан кәсіпкер былғары өндірісін өзі құрып, дайын өнім шығару үшін терілерді ауылдағы шаруашылықтардан сатып алуға мәжбүр болды. Мұндай кәсіпкерлерді қорғап, қолдау қажет. Сонымен қатар киім-кешек пен аяқкиім инфляцияға және халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін тауарлар, – деді Азат Перуашев.
Жиын барысында зауыт басшылығы бірқатар түйткілді мәселеге тоқталды. Мысалы, ескірген техника, өндіріс іске қосылғанға дейін шегерімі бар инвестициялық несиелендірудің жоқтығы, фермерлер мен ауыл тұрғындарынан тері сатып алуға берілетін субсидияның тоқтап қалуы сияқты проблемалар көтерілді. Кадр мәселесі де өзекті болып тұр. Жұмысшылар несие өсімі, баға тұрақсыздығы, баспананың қолжетімсіздігі туралы ойларын айтты.
А.Перуашев кәсіпорын мен еңбек ұжымын қолдайтынын айтып, парламентте «Ақ жол» фракциясы құрылғаннан кейін бұл мәселелерді Үкімет алдында көтеруге дайын екенін мәлімдеді.
Штаб мүшелері Тараз қаласының тұрғындарымен де кездесті. Партияның саяси бағдарламасы таныстырылғаннан кейін еркін пікіралмасу өрбіп, партия төрағасы жиналған қауымның сұрақтарына жауап берді.