«Amanat» партиясы Шымкент қалалық сайлауалды штабының мүшелері Жанар Бектаева, Есімхан Бертаев және Нұрсұлтан Балабиев «Самал» автобекетіне барды.
Аманаттықтар партия алдағы бес жылда шағын және орта бизнесті қолдауға көп көңіл бөлетін жеткізді. Сондай-ақ үміткерлер сайлаушыларды толғандырған түйткілді мәселелерге құлақ түріп, партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. «Шымкентте 107 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі бар. Онда өздеріңіз сияқты 190 мыңға жуық адам жұмыс істейді. «Amanat» партиясының бақылауымен 1,2 мың шағын және орта бизнес өкілін қолдауға жыл сайын бөлінетін қаражатты пайдаланудың тиімділігін қадағалаймыз. 2023-2027 жылдары өз ісін бастаймын деген азаматтарға жеңілдетілген несие мен гранттың ашық және әділ бөлінуіне атсалысамыз», деді Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығынан үміткер Жанар Бектаева. Сондай-ақ «Amanat» партиясының республикалық сайлауалды штабында Talqylau диалог алаңының кезекті отырысында спикерлер еңбек нарығының ертеңін, өңірлерде кадр саясатына қатысты жүйелі жұмыс жүргізілмейтінін, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін талқылады. Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Екатерина Смышляева «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған жұмыссыздық мәселесін шешу, еңбек қауіпсіздігі және оның қорғалуы қағидаларын қатаңдату, «жұмыс істеп тұрған кедейлік» құбылысын жою, т.б. шараларды талдады. Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Динара Сәдуақасова балалар мен жасөспірімдерді еңбекке баулу мәселесін қозғады. Оның айтуынша, сайлауалды уәделерді іске асыру аясында еліміздегі мектептер отбасылық құндылықтарды, еңбекқорлықты, білім алуға деген құштарлықты және патриотизмді қолдап, дамытады. Мектеп ұрпақ тәрбиесіне қатысты жауапкершілікті бөлісіп, балаларымызды құрдастары мен ересектердің әлімжеттігінен қорғайды. Заңгер Әсет Дәуітов фракцияның болашақ шақырылым депутаттары қарастыратын еңбек заңнамасын жетілдіру мәселесі жөнінде өз ұсынысын білдірді. Еске сала кетейік, Talqylau алаңында азаматтарды толғандырған өзекті мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар әзірленеді.