Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат, ҚХП Атырау облыстық филиалының төрағасы Балжан Досмұхамбетова Атырау қалалық перзентхана ұжымымен кездесті.
Балжан Досмұхамбетова ең әуелі перзентхана дәрігерлеріне партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
– Әділетті Қазақстанға – жалдамалы қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек құқығын тиісінше қорғайтын жаңа Еңбек кодексі қажет. Халық партиясы әрбір азаматтың медицинаға, білімге қол жетімділігі бар, оның құқығы толық қорғалатын әділ Қазақстанды қалайды. Денсаулық саласына МӘМС енгізу үмітті ақтамады. Еліміздің көп тұрғыны жаппай «Damumed»-ке тіркелу мен дәрігердің қабылдауына жазылу мүмкін емес деп шағымданып жатыр, – деді Балжан Досмұхамбетова.
Сондай-ақ ол қабылданып жатқан шаралар мен заңдарға қарамастан, еліміздегі дәрігерлердің жалақысын көбейтіп, әлеуметтік мәртебесін қорғауды қажет етіп отырғанын тілге тиек етті.
– Біз осы білім мен денсаулық саласына инвестиция құйып, жалақыны есептеуді түбегейлі қайта қарауды ұсынамыз. Өйткені бюджеттік салада әлі күнге дейін есептеу тарифі бұрынғы жүйемен тұр. Базалық жалақы 10 жылдан астам уақыт бойы өзгермеген, – деді ол. Кейіннен спикер білім саласындағы қордаланған мәселелерге тоқталып өтті. Ал ҚХП Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Қайрат Мусин Өскемендегі балалар ауруханасының ұжымымен кездесті. – Халық партиясы балабақшалардан бастап халыққа тегін медициналық қызмет көрсетуді және тегін білім беруді қолдайды. Сондай-ақ біз дәрігерлер мен медбикелердің, балабақша тәрбиешілері мен күтушілердің, мұғалімдер мен жаттықтырушылардың мәртебесін көтереміз. Балалардың өмірін құтқаратын және тәрбиелейтін барлық мамандарға лайықты жалақы төленуі қажет, – деді Қ.Мусин.
Сонымен қатар ол мемлекет 1-3 бала тәрбиелеп отырған аналар үшін қолжетімді баспана, ал көпбалалы аналарға тегін баспана беруі керек деді. Бұл ұсыныс партияның сайлауалды бағдарламасында нақты көрсетілген.