Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат, партияның Астана филиалының төрағасы Нұрдәулет Оразханов «Қамқор» сауда үйін жалға алушылармен экспромт-кездесу өткізді.
Кездесу барысында қатысушыларға үгіт-насихат материалдарды таратылды, сондай-ақ елде орта тап құру және кедейлікті жою міндеті қойылған партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары түсіндірілді. Партияластардың пікірінше, бұған кедейлікке қарсы заң қабылдау, сондай-ақ салық саясатына дұрыс көзқарасты қалыптастыру арқылы қол жеткізуге болады. Атап айтқанда, отандастар өнімі мен қызметтерінен қосымша құн салығын алып тастау, ірі компанияларға қатысты прогрессивті салық салу шкаласын енгізу, шағын және орта бизнесті кредиттеу кезінде делдалдарды жою, сондай-ақ кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін несие тәртібін айқындау қажет.
«Бағдарламаның негізгі мақсаты – елдің билігі мен байлығы халыққа тиесілі болуы керек, яғни сайлаудан кейін Қазақстанда халықтық үкімет, ықпалды Парламент, тәуелсіз соттар және халық сайлаған әкімдер сайлаушыларға қызмет етуі қажет. Ол үшін сайлауға келіңіз, дауыс беріңіз! Жаңа Қазақстанды құруға белсенді қатысыңыз», деді Нұрдәулет Оразханов.
Ал Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат, партия төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков Атырау қаласындағы «Көктем» базарында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Партия өкілі Атырау жұртымен жүздескенде Халық партиясы әйелдерді 58 жаста зейнетке шығуды қолдап бастама көтергенін айтты. Нәтижесінде Үкімет зейнет жасын көтеруге 5 жылға мораторий енгізді. Сондай-ақ партия АӘК-тен бас тартып, оның орнына балалар жәрдемақысының мөлшерін 70 000 теңгеге дейін көбейту керек деп есептейді.
Қазақстандағы әлеуметтік теңсіздік салдарынан бүгінде 3 миллионға жуық адам кедейлікте өмір сүріп отыр. Сондықтан ҚХП «Кедейлікпен күрес туралы» заңның қабылдануын талап етеді және бүгінгі күнге ең төменгі жалақы 140 мың теңге болуы керек деп санайды. Кездесуде көтерілген тағы бір мәселе – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту.
«Бұл – әлеуметтің әлеуетін арттыруға үлкен мүмкіндік. Сондықтан мемлекет жаңа салық саясатын енгізуі керек», деді кандидат.