«Ақ жол» партиясы республикалық штабының мүшелері Павлодар қаласына барды. Штаб мүшелері Берік Дүйсембинов, Дмитрий Васильев, «Ақ жол» демпартиясынан бірмандатты округ бойынша кандидат Фуат Сатыбаев, жергілікті мәслихат депутаттығына кандидаттар Павлодар облысындағы «Мерусарии және К» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.
Ақжолдықтар партияның саяси бағдарламасын таныстырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, парламенттік республикаға көшу мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ, ипотекалық несиенің жоғары пайыздық мөлшерлемелері, жұмыссыздық, салалық қосымша құн салығы мөлшерлемелері, оффшорлардағы қаржыны қайтару, инфляциямен күрес және тұрғын үй бағасының қымбаттауына қатысты мәселелер көтерілді.
Партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырған соң кандидаттар Парламентте атқарылған жұмыстар жайлы айтты. Жұмысшылар көкейдегі сұрақтарын қойды. Көпшілікті әлеуметтік әділеттілік, «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң мен әділ сайлау мәселелері қызықтырды. Жұмысшылардың бірі тәуелсіз бақылаушылар санының жеткіліксіздігін айтып, халықтың сайлаудың әділ өтетініне сенуден қалғанын, тәжірибе көрсеткендей, сайлау учаскелеріне келмеген адамдардың орнына бюллетеньдер толтырылатынына назар аударды.
«Сайлау үдерісінің ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз ету мақсатында біз дауыс беру күні сайлау учаскелеріндегі барлық рәсімдерге бейнебақылау енгізуді ұсынамыз. Сондай-ақ, электронды дауыс беруді енгізуді қарастыру қажет. Қазір барлығын телефон арқылы жасаймыз. Көптеген сайлаушылар дауыс беру күні кезекте тұрғысы келмей, дауыс беру құқығын пайдаланбайды. Бұл тармақтарды енгізбейінше, дауыс бергендердің нақты санын біле алмаймыз», деді Берік Дүйсембинов.
Жиын барысында ұжым қызметкерлері бірқатар түйткілді мәселеге тоқталды. Мысалы, несие өсімі, баға тұрақсыздығы, баспананың қолжетімсіздігі туралы ойларын айтты. Кандидаттар кәсіпорын мен еңбек ұжымын қолдайтынын айтып, Парламентте «Ақ жол» фракциясы құрылғаннан кейін бұл мәселелерді Үкімет алдында көтеруге дайын екенін мәлімдеді.