Жылыойда зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған семинар-тренинг өтті

Жылыой ауданында Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күніне орай «Зорлық-зомбылыққа жол бермейік!» атты семинар-тренинг өтті.

Шара «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылып, оған 50-ге жуық әйел қатысты. Қатысушылар отбасылық дау-жанжалдың алдын алу, құқықтық сауаттылық және психологиялық қолдау бағытында кең көлемді ақпарат алды. Аудандық «Отбасын қолдау» орталығының дерегінше, жыл басынан бері мұнда 12 әйел мен 36 бала орналастырылған. Бұл – отбасылық-тұрмыстық жанжалдан зардап шеккендер санының әлі де өзекті екенін көрсетеді.

Жылыой аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің аға инспекторы Рысты Мұханованың айтуынша, отбасылық-тұрмыстық оқиғалар бойынша тіркелетін хабарламалар жылдан жылға өсіп отыр. «Биыл тұрмыстық құқықбұзушылық бойынша 440 хабарлама тіркелді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 305 болған. Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы 242 қорғау нұсқамасы берілсе, биыл олардың саны 360-қа жетті», – деді ол. Семинар соңында «Қабілет» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Көшбасшы әйел: қоғамдағы белсенді рөлі» атты тренинг өтті. Тренингте әйелдердің көшбасшылық қасиеттерін дамыту, олардың қоғамдағы белсенді рөлін нығайту мәселелері талқыланды. Қор директоры Алтынгүл Атабаева әйелдің тек отбасында ғана емес, қоғамдық өмірде де әлеуеті зор екенін атап өтті. «Бүгінгі тренингтің мақсаты – әйелдердің көшбасшы ретінде қалыптасуына ықпал ету. Әйелдің білімді, өзін-өзі дамытатын, жеке тұлға ретінде қалыптасуы маңызды», – деді ол.
    Ұйымдастырушылардың айтуынша, әйелдердің құқықтық сауатын арттырып, олардың қоғамдағы белсенділігін күшейтуге бағытталған мұндай семинар-тренингтер алдағы уақытта да жалғасын табады.

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT