Жыл сайын жұбайлардың 25 пайызы некесін бұзады

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Серік Қамидолланың келтірген дерегіне сүйенсек, онда жыл сайын некеге отырған жас жұбайлардың 25 пайызға жуығы ажырасып кетіп жатады екен.

Өкінішке орай, уақыт өткен сайын бұл көрсеткіш көбейе түспесе, азаймай отыр. Сондықтан қоғамда белең алған бұл дерт қазір ел болашағына бейжай қарай алмайтын азаматтарды қатты алаңдатпай қоймайды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен «Шырайлы шаңырақ» атты дөңгелек үстел дәл осы өзекті мәселеге арналды. Оған отасқанына жарты ғасыр болған Амандық Сасаев пен Шамсия Бисенбаева, аналар кеңесінің мүшелері, мешіт имамдары мен теологтар, жаңадан некеге отырған жас жұбайлар, керісінше, ажырасуға өтініш берген ерлі-зайыптылар да шақырылды.

Алғаш сөз кезегін алған ақын Амандық Сасаев мына бір әңгімені мысалға келтірді:

-Іссапармен Қадыр Мырзалиев бір замандасының үйіне қонады. Кешкісін әңгіме-дүкен құрып отырғанда ыдыс-аяқ жуып жатқан әйелдің ас бөлмесінен тарсылдаған дыбыстар шығып жатады. Қонағынан қатты қысылған үй иесі «Қап, Қадеке, ұят болды-ау!» дегенде, «Ыдыс-аяқ сылдыры ештеңе емес, біздің үйде жанартаулар да атқылап жатады» деп басу айтқан екен. Ақсақалдың жастарға арналған осындай ұлағатты әңгімесінен кейін сөз алған Мұстахима Малашқызы:

-Атақты «Нұрикамал» әнін білмейтін жан жоқ. Ақын Ханбибі Есенқарақызының күйеуі Тұрдықылыш Нұрикамал атты аруға ғашық болады. Шымкенттің таулы аймағының тамылжыған табиғаты аясында бойын ерекше бір сезім билеген қырықтағы қылыштай қылшылдаған жігіт жүрек түкпіріндегі тебіренісін жасыра алмады. Кешке үйге келісімен пианиноның пернетақтасына қол салады. Түнімен көз ілмей сезімін саз сиқыры арқылы жеткізіп, өмірге керемет әуен туады. Мұны келесі бөлмеде естіп жатқан жары болса Тұрдықылыштың Нұрикамалға ғашық болып қалғанын сезеді. Қызғанудың орнына, керісінше, сол түні-ақ әлгі әсем әннің сөзін жазып береді. Егер сол жерде Ханбибі қызғанышқа бой алдырып, күйеуіне қарсы шықса, не болар еді? Онда шаңырағы шайқалып, төрт баласы тірілей жетім қалар еді. Бұл қызғаныштың буымен ажырасып кетіп жатқан қазіргі жастарға үлгі-өнеге болса керек....Бірде Бейімбет Майлиннің жары базардан тамақ алып, «арқаланып» келе жатқанда жолшыбай бір жазушының әйелі кезігеді.Сонда соңғысы «Сен секілді атақты азаматтың әйелі бұлай жүрмеуі керек. Неге үй күтушісін ұстамайсың?» демесі бар ма? Осы бір ауыз сөзден ішіне жел біткен ақынның келіншегі табалдырықтан кіре сала «ұрыс» бастайды. Әншейінде байсалды, сабырлы қалпын сақтайтын жазушы орнынан ұшып түрегеліп, күтпеген жерден «төтеп» береді. Сөйтіп, ұрыс-керіс, айтыс басталып кетеді. Кенет жазушы «Тоқтат, болды! Маған керегі осы еді» дейді де, бөлмесіне кіріп, үнсіз қалады. Сөйтсе Бейімбет ағамыз сол күні жазып отырған өз шығармасында ұрысқан екі адамның диалогына сәйкес келетін сөз таппай отыр екен. Шығармасын жазып болған соң алаш арысы жарынан кешірім сұраған. Жазушының жарымен арадағы бұл «ұрыс-керіс» осылайша оның бір кітабының ішіндегі шағын эпизодының жазылуына арқау болды. Бұл да - қазіргі қоғамда өмір сүріп жатқан ерлі-зайыптыларға өнеге боларлық мысал.

Жастайынан малшының келіні болып, ошаққа қазан асып, шоққа нан пісірген Ұлмекен Сұлтанкереева - тұрмыс тауқыметін көп тартқан жалғызбасты ана. Қырда құрт қайнатып, ауыз су үшін жер қазып, құдықтан қауға тартқан, иінағашпен су тасып, мал да баққан оның қалаға көшіп келгеннен кейін де шекесі шылқып кете қойған жоқ. 35 жасында жесір қалып, бала-шағасын жалғыз жүріп жеткізді. Керек кезінде екі жерде жұмыс жасап, ұл-қыздарына тұрмыс тауқыметін сездірген жоқ. Күйеуімен отау құрған азғана жұбайлық өмірінде олардың да отбасында «ыдыс-аяқ сылдырламай» тұрмады. Бірақ жастайынан қиындыққа ысылып өскен қос жүрек шаңырағын шайқалтқан жоқ. Ғұмыр бойына азаматына адал болған ананың өмірі кейінгі толқын жастарға өнеге боларлықтай-ақ. Мүмкіндігі шектеулі баласын бағып, 85-тегі енесінің ақылы мен ісінен үлгі алған ол ақсақалды атасы мен ақжаулықты әжелердің ақ батасымен көсегесі көгеріп, үрім-бұтағы жайылды:

-Күйеуге шығатын қыз - ертеңгі күні күйеуінің әке-шешесінің керегесін кеңейтетін келін. Келіншектік өмірге бейімделу үшін, ең алдымен, үлкен әзірліктен өтуі керек. Мәселен, мен білетін бір сіңлім тұрмысқа шығар алдында үш ай дайындалды. Бір ай тігін курсынан өтті. Келесіде түрлі тағамдар пісіруді үйренді. Өзге де үйірмелерге қатысып, үй болудың қыр-сырын меңгерді. Қазір қолынан келмейтіні жоқ. Бір шаңырақтың құтты келіні болып отыр. Сондықтан бүгінгі кыздарыма айтарым, тұрмысқа шығу үшін бір күндік тойға емес, таңдаған теңіңе ғұмырлық серік болуға осы бастан қамданыңдар,-деді Ұлмекен ана.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылды «Ислам және отбасы жылы» деп жариялады. Сондықтан мешіттерде өтіп жататын түрлі уағыз әңгімелер де жұбайлық өмірдің жақсылығына арналуда. Пайғамбарымыздың өзі «Үйленіңдер, көбейіңдер, сонда мен ахыретте үмбеттерімнің көптігімен мақтанамын» деп өсиет айтқан еді. Олай болса, «Үйлену – сүннет, отбасын сақтау – міндет» деген ислам ғұламалары ажырасуды құптамайды. Өйткені оның артында ел ертеңі саналатын балалар тағдыры жатыр. Осындай елдің, ұрпағының болашағын ойламай, азғана қиындыққа бола бір-бірімен бет жыртысып, айрылып кетіп жататын жастарды жанұя жарасымдығын сақтауға шақырған Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің бас имамы Арман Исаев әйелдің жұмағы күйеуінің разылығында екенін еске салды. Әрине, көптеген келіншектер ажырасуға бұрынғы күйеуінің арақ ішетіндігі себеп болғанын айтады екен. Бірақ жарын шын жақсы көрген жан оны маскүнемдіктің құлдығында тастап кетпей, қайта оны бұл дерттен айықтырып, Құдай алдындағы құлшылыққа шақырары сөзсіз. Ал Атырау облысы Дін істері басқармасы «Ақпараттық-талдау орталығының» аудандық бөлімінің теологі Нұрсұлтан Беков өзінің нағашысының өмірінен мысал келтірді. Бала кезінде әке-шешесі ажырасып, тірі жетімдіктің дәмін татқан оның алғаны жақсы әйел болмай шықты. Мінезі қатал, ашушаң еді. Бірақ балаларының өзі секілді жартылай жетім қалғанын қаламаған азамат әлі күнге дейін отбасын сақтап келеді екен.

Осындай жастарға ой саларлық әсерлі әңгімеден кейін некеге жаңадан отырған жас жұбайларға неке куәлігі табыс етілді. Бұл рәсімді өткізуді бөлім басшысы С.Қамидолла ырым қылып, Амандық ағай мен Шәмсия апайларға ұсынды. Қос қария туымыз түстес куәлікті табыс етіп тұрып, жас жұбайларға ақ батасын берді. Мағыналы да мәнді өткен дөңгелек үстелден жастар «Үйлену – оңай, үй болу - қиын» екендігін ұғынып қайтты. Ал ажырасудың алдында тұрған ерлі-зайыптыларға терең ой салды.

Е.Қошақанов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521