ЖҮГЕНСІЗ ЖАСӨСПІРІМ ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

2007 жылы туған Р. есімді жасөспірім қаладағы «Беркад» сауда орталығында екі рет ұрлық жасаған. Біріншісінде киім дүкенінде тұрған әйел адамның сөмкесінен 50 мың теңгені алып, қашып кеткен. Аталған қылмыстық іс бойынша 2-ықшамауданның тұрғыны осы Р. екені анықталып, ол өзінің қылмысын мойындаған. Соған сәйкес ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігімен полиция бөліміне есепке алынды. Жәбірленуші материалдық шығынын өңдірген соң, кәмелеттік жасқа толмаған балаға қатысты қылмыстық істі тоқтату жөнінде қолхатын берген. Бұл жөнінде аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөнінде комиссия отырысында аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің аға учаскелік полиция инспекторы Марина Айтжанова хабарлады.

Өкінішке орай, жасөспірімнің құқық бұзушылығы жалғыз мұнымен шектелмейді. Алғаш рет жазадан құтқарған қылмысы оған ащысабақ бола алмаған секілді. Көп ұзамай ол «Беркад» сауда орталығына тағы да ұрлыққа түседі. Бұл жолы жасөспірім әтір сататын саудагердің жұмыс үстелінде тұрған 15 мың теңге ақша мен 2 дана әтірді қалтасына басып, тайып тұрады. Көп ұзамай сауда үйінің алдында полиция қызметкерлеріне ұсталып, анасымен бірге бөлімшеге жеткізілді. Анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы 3-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, Атырау облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

Мұның барлығы аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың төрағалығымен өткен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөнінде комиссия отырысында қаралып, қызу талқыға түсті. Комиссия мүшелері алдында баяндама жасап, кәмелетке толмаған балалардың құқық бұзушылығына байланысты мәселенің мән-жайын жеткізген бөлімшенің аға учаскелік полиция инспекторы Марина Айтжанова Р-ға тиісті шара қолдануды сұрады.

Комиссия отырысына әкесімен бірге келген Р.-дың денсаулығында ақау бар екені анықталды. Ол отбасында 5 баланың бірі болса, әкесі – мүмкіндігі шектеулі жан. Ал анасы жұмыссыз. Комиссия төрағасы Г.Айшуақова оны медициналық тексеруден өткізіп, мүгедектігін растайтын құжаттарды дайындауды тапсырды. Ал жасөспірімнің өзі бұдан былай ешқандай құқық бұзушылық жасамайтынын айтып, комиссия мүшелеріне уәдесін берді.

Бұдан соң аудандағы Т.Байсырымов атындағы колледж студенттерінің мәселесі қаралды. «Соққыға жықты» деп үстерінен арыз түскен жасөсіпірімдер полиция бөлімшесінің ювеналды полиция тобының профилактикалық есебіне алынған. Күдікті деп танылған студенттер мен жәбірленушілердің өзара ымыраға келуіне байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылады. Аналарына аталған іс бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, істері мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып, әкімшілік айыппұл салынды. Комиссия отырысында бұзық жасаған жастардың колледжде үлгілі студенттер екені айтылды. Сабақтан қалмайтын, қоғамдық шараларға белсене қатысатын балалардың білім ордасындағы директоры мен кураторы сөз сөйлеп, студенттерінің үстінен шағым түсіп, олардың есепке алынғанын естігенде таң қалғанын жасырмады. Мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынына сенімді екендерін айтып, шәкірттеріне беймезгіл уақытта көшеге шықпай, тәртіпті болуға шақырды. Ал білім саласының ардагері, комиссия мүшесі Наурызбай Төлеуов қателігін мойындап, ұяттан қызарып тұрған жастарға ақылын айтып, өмірде дұрыс азамат болуды мақсат ету керектігін ескертті.

Келесі А. есімді жасөспірім қыз туралы баяндалғанда комиссия мүшелері шу ете қалды. Бұған дейін де мәселесі бірнеше мәрте көтерілген «тентек» қыздың үстінен жиналған хаттама том болды деп ренжіді отырғандар. Күн демей, түн демей сытылып үйінен қашып кететін, біресе ұрлық жасап, біресе бөтен адамның үйіне түнейтін, тіпті ешкімге ескертусіз достарымен Атырау қаласына қыдырып кететін оның анасына қаншама әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынып жатса да «баяғы жартас сол жартас» болып тұр. Әкесі қызынан бас тартса, анасы баласының тәрбиеге көнбейтінін айтып, шаршағанын жеткізді. Комиссия мүшелері А.- ны дер кезінде Атырау облыстық отбасы үлгісіндегі және балалар үйіне орналастыру қажет екенін бір кісідей қолдады.

Отырыста қаралған басқа да мәселелерге орай комиссия мүшелері өздерінің ұсыныспікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында комиссия төрағасы Гүлнафис Аязберікқызы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, жат әдет-қылықтан аулақ болуы, қажетті деңгейде білім мен тәрбие алуы, олардың құқықтарының қорғалуы жауапты мекемелердің ұдайы назарында болуы қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Перизат ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521