Жол ережесін бұзу азаймай тұр

Ауданда жол-көлік оқиғаларының алдын алу, апаттық деңгейді төмендету және тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында «Қауіпсіз жол» атты ауқымды профилактикалық іс-шара өткізілді. Аталған рейд аудан аумағында бірнеше күн бойы жүргізіліп, жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталды. 

Іс-шара барысында тәртіп сақшылары жылдамдық режимін сақтау, қарсы бағытқа шығу, қауіпті маневрлер жасау сынды жол-көлік оқиғаларына жиі себеп болатын әрекеттерге ерекше назар аударды. Нәтижесінде үш күн ішінде 200-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелді. Атап айтқанда, қарсы қозғалыс жолағына шыққан 3 жүргізуші анықталды. Сонымен қатар жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған 5 адам, заңсыз жолаушы тасымалдаумен айналысқан 1 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Техникалық байқаудан өтпеген 14 көлік құралы тіркелсе, міндетті сақтандыру полисінсіз жүрген 17 жүргізуші анықталған. 

Жиі кездескен құқық бұзушылықтардың қатарында қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалану фактілері тіркелген. Рейд барысында қауіпсіздік белдігін тақпаған 96 жүргізуші мен жолаушы, сондай-ақ көлік жүргізу кезінде телефон қолданған 96 жүргізуші анықталды. Бұл көрсеткіштер жол қозғалысы мәдениетінің әлі де жеткілікті деңгейде қалыптаспағанын аңғартады.

 Ең алаңдатарлық жағдайлардың бірі – көлік құралын мас күйде басқару. Профилактикалық іс-шара барысында алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік жүргізудің 3 фактісі тіркелді. Мұндай өрескел заң бұзушылықтар адам өміріне тікелей қауіп төндіріп, ауыр жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, мұндай рейдтердің басты мақсаты жүргізушілерді жазалау емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қоғамда жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру. Құқық қорғау органдары жолдағы қауіпсіздік әрбір азаматтың жеке жауапкершілігінен басталатынын атап өтеді. «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы арқылы тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға, өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады. Жолдағы тәртіп пен жауапкершілік – адам өмірін сақтаудың басты кепілі.

А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT