Жол апатынан басталған дау татуласумен аяқталды

Бірақ қазан айында болған осы оқиғадан кейін біраз уақыт өтсе де, мәселе тез шешімін таба қоймады.

Оқиға өткен жылдың қазан айында орын алған еді. Қаладағы көшелердің бірінде «Hyundai Accent»-ке «Mercedes-Benz» шетелдік автокөлігі келіп соқтығысты. Осы жол апатына соңғы көлік иесінің кінәлі екендігі белгілі болды. Соққының кесірінен ерлі-зайыптылар отырған алғашқы темір тұлпар едәуір зардап шеккен-ді.

Арадағы келісім бойынша жолдағы қауіпсіздікті сақтамаған жүргізуші жол оқиғасынан келген залалдың орнын толтыруға тиіс еді. Бірақ қазан айында болған осы оқиғадан кейін біраз уақыт өтсе де, мәселе тез шешімін таба қоймады. Сондықтан ерлі-зайыптылар амалсыздан сотқа шағымдануға мәжбүр болды. Ал оқиғаға кінәлі жүргізуші болса, өзінің ағайынының темір тұлпарын мініп жүрген еді. Сол себепті сотқа олар ағайыны екеуі бірге келді. Ерлі-зайыпты талап қоюшылар болса жауапкерлерден материалдық залал ретінде 1 067 640 теңге, сонымен бірге 41 530 теңге сот шығыны мен мемлекеттік бажды қайтаруды сұрады.

Сот табалдырығын қызуқандылықпен аттаған жұбайлардың ашуын кәсіпқой емес медиатор Ж.Байжанов басты. Ол ерлі-зайыпты жандарды сабыр мен ақылға шақырып, екі жақтың татуласуына дәнекер болды. Сөйтіп, мәселе «Медиация туралы» заңның 26-бабының 1-бөлігі бойынша оңай шешілді. Қазан айынан бермен қарай дауласып, жанжалдасып жүрген талапкер мен жауапкерлер бір-ақ күнде бітімгершілікке келді.

Соған сәйкес аудандық соттың судьясы Ш.Исмағамбетова ұйғарым шығарды. Онда жауапкер жақтың талапкерлерге белгілі бір мерзім ішінде 1 млн. 500 мың теңге төлеуі міндеттелетіндігі көрсетілген. Есесіне ерлі-зайыптылар талап арыздан бас тартып, азаматтық іс тоқтатылды.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521