«Жұмысқа кіргіземін» деп тақыршаққа отырғызған...

Cырт көзге алтын көмбенің үстінде отырған атыраулықтар, соның ішінде, Жылыой жұрты аузынан ақ майы ағып отырған бай халық саналады. Құлсары десе, ең алдымен, қазыналы қара алтын, араның ұясындай құжынаған алып Теңіз кеніші мен жұмыс елестейді. Әсіресе, қос қолға бір кәсіп көзін таба алмай жүрген оңтүстік өңірдегі ағайындар Атырау десе, ішкен асын жерге қояды. Зауыттардан будақ-будақ болып ауаға таралып жатқан улы газ бен тынысты тарылтқан түтінге де қарайтын емес.

Әншейінде жұмыртқадан жүн қырқатын жандар «Жалақысы жоғары жұмыс бар» десе, қалтасындағы қара бақырына дейін санап беруге әзір. Бірақ «Ақша жүрген жерде адамның шайтаны жүреді» дегендей, осындай ағайынның аңқаулығын өз мақсатына ұтымды пайдаланып қалғысы келетін алаяқтар да аз емес.

Бұрын алаяқтығымен аты шығып, Түркістан қалалық сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 4) тармағымен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеуге сотталған 45 жастағы әйел бұл әдетін Құлсары қаласына қоныс тепкеннен кейін де қоя алмады. Өткен жылдың күзінде өзі туып-өскен шаһарда жүргенде жұмыссыз жүрген бір әйелмен танысады. Екеуара әңгімеден кейін алаяқ оны мықты бір жерге жұмысқа орналастыратынын айтып, сендіреді. Танысының Құлсары қаласында тұратынын білген соңғысы оған шынымен де сеніп қалған еді.

Әрине, алаяқ әйелдің «жақсылығы» тегін жасалмайтыны анық. «Жұмыс беруші» ретінде ол «еңбегіне» ақы талап етеді. Түркістандық келіншек оның екі араға қатынайтын жол шығынына 9700 теңге, жұмысқа қажетті құжаттарды ресімдеу үшін 13500 теңге, ал қызметке орналастыруға деп 100000 теңге ақша аударады. Сөйтіп, барлығы 123200 теңге қаражатты қалтасына басып алады.

Өкіншке орай, алаяқтың әрекеті жалғыз мұнымен шектелмейді. Әлгі әйелдің аңқаулығын әбден біліп алған ол енді ағасын «жұмысқа кіргіземін» деп алдайды. Оны Теңіз кенішіндегі бір мердігер мекемеге жұмысқа орналастыратынын айтып, әбден сеніміне кіреді. Сол үшін «еңбекақысына» 200 мың теңге сұрайды. «Жұмыс берушінің» мұнысына да көндіккен әйел ол соманы да аударып жібереді.

Жақында танысқан жанның іш-бауырына кіріп, сеніміне мықтап орнығып алған алаяқ көп ұзамай бұрынғы «әніне» қайта басады. Бұл жолы қолында билігі бар адамдай көрініп, қаладан «жер мен үй алып беремін» деп құрғақ уәдені үйіп-төгеді. Бейнебір жанашыр жандай жақын тартып, мәселесіне мән беріп, шешіп беруге уағда беріп жүрген адамға әйел байғұстың, шынымен де, жүрегі жылып қалса керек. Бұл жолы да сөзіне имандай сеніп, алдымен 350 мың теңге, кейін 136 мың тең қаржысын аудартып жібереді. Сөйтіп, аңқау әйелдің барлығы 809 200 теңгесін қағып алып, тайып тұрады.

Өзінің алаяққа алданып, тақыршаққа отырып қалғанын түркістандық әйел кейін біледі. Сөйтіп, құқық қорғау органдарына шағымданады. Бұрын да алаяқтығымен аты шыққан әйелді полиция қызметкерлері алысқа ұзатпады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігімен, 190-бабының 3-бөлігінің 4) тармағымен қылмыстық іс қозғап, ісін сотқа жолдады.

Сот айыпкер әйелдің қылмыстық әрекеті жоғарыдағы баптармен дұрыс дәрежеленген деп тапты. Өйткені, ол «алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену, алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бірнеше рет бөтен мүлiкке құқықты иемдену және алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бірнеше рет бөтен мүлiкке құқықты иемдену болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекетті жасаған».

Бірақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстардың бiрнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы №11 нормативтiк қаулысының 4-тармағын басшылыққа алған сот айыпкердің әрекеттерін Қылмыстық кодекс бабының неғұрлым қатаң жаза белгіленетін бөлігі бойынша саралады. Сондықтан, сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттері 190 баптың 3 бөлігінің 4) тармағымен толық қамтылады деп тапты.

-Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы №4 «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 3-тармағына сай соттар сотталушының жеке басына қатысты мәлiметтердiң жазаның түрi мен мөлшерiн белгiлеу үшiн елеулi мәнi бар екенін назарға ала отырып, оларды жан-жақты, толық және объективтi түрде зерттеуге тиіс. Атап айтқанда, денсаулығын, еңбекке қабiлеттiлiгiн, еңбекке, білімге көзқарасын, соттылығы және отбасылық жағдайы туралы мәлiметтердi анықтау қажет. Соттар жаза тағайындаған кезде ҚК-нің 52-бабының 3-бөлiгiне сәйкес тағайындалған жазаның сотталушының отбасының және оның асырауындағы адамдардың тұрмыс жағдайына ықпалын ескеруі керек,-деді істі қараған сот төрағасы М.Ысқақов.

Алаяқ әйелге үкім шығарарда сот оны сол себепті қоғамнан оқшауламайтын жаза тағайындауды ұйғарды. 2020 жылғы Түркістан қалалық сотының айыптау үкімімен тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосқан аудандық сот айыпкерді 190-баптың 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, түпкілікті жаза ретінде 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, жәбірленушінің талап арызы ішінара қанағаттандырылып, оның пайдасына 801200 теңге өндірілетін болды.

Е.ЕСЕНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT