«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ»

Қазақта «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген нақылды сөз бар. Расында да қоғамда жазатайым жаза баспайтын жан бар ма?! Десек те, еліміздегі заң азаматтардың бәрін бірдей шетінен соттап, темір торға тоғытуды мақсат тұтпайды. Қылмыстық кодекстің өзінде айыпкерге соңғы мүмкіндік беріп, кешіріммен қарайтын баптар да бар. Ондайда шартты түрде жаза тағайындалып, әлгі шалыс басқан жанды пробация қызметі бақылауға алады.

«Тәртіпке бағынған құл болмайды...»

Әрине, мұнда да ол сотталушы ретінде есепте болғанымен, заң алдында жазасын өтеп, жауапкершілікті жеңілдетуге мүмкіндігі мол. Егер жазасын өтеуші жақсы тәртібімен көзге түсіп, пробация қызметінің барлық талабын орындаса, онда белгілі мерзімінен бұрынырақ босап шығуына толық құқығы бар. Ал керісінше жағдайда, яғни, пробация инспекторы тексеруге келгенде үйінде болмай, немесе түрлі құқық бұзушылыққа барып, заңның ала жібінен аттап, өткеннен ащы сабақ алмаса, онда сот арқылы шартты жазаны бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруға әбден болады. Бұл ретте төмендегідей заң талаптары қарастырылған.

Айталық Қылмыстық кодекстің 72-бабының 3-бөлігінің 1) тармағына сәйкес, жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату - сотталған азамат онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасап, соған сай тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн өтесе, қолданылуы мүмкін. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының 2015 жылғы 2 қазандағы «Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудың және тағайындалған жаза мерзімін қысқартудың сот практикасы туралы» №6 нормативтік қаулысының 2-тармағында: «Егер сот сотталған адамның жазаның заңмен көзделген мерзімін нақтылы өтеумен қатар жазаны өтеу режимін қаскөйлікпен бұзбағанын және қылмыспен келтірілген залалды толық көлемде өтегенін анықтаса, онда ол ҚК-нің 72-бабы бірінші бөлігінің екінші абзацына сәйкес, қандайда бір қосымша шарттарсыз шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға жатады» - делінген. Таяуда аудандық сотта қаралған іс – соның айғағы. Онда сотталушы А. есімді азамат сотқа өтініш жазып, өзінің өтеп жүрген бас бостандығынан шектеу жазасынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұраған. Ол сотта өз өтінішін қуаттап, жанұясында жалғыз асыраушы екенін, тұрақты жұмысы барын, алдағы уақытта өзі табыс табу мақсатында оқуға, басқа елдерге барғысы келетінін көрсетіп, өтінішін қанағаттандыруды өтінді.

Аудандық пробация қызметі бөлімінің өкілі Ж.Алпысбаева өтінішін қолдап, жаза өтеу кезеңінде А. өзін тек ұнамды жағынан көрсете білгенін, жазасының жартысынан көбін өтегенін, қылмыстық іс бойынша көрсетілген шығындар толықтай өтелгенін көрсетті. Өтінішхатты, оған қоса тіркелген құжаттарды зерттеп, сотталушының түсініктемесін, аудандық пробация қызметі бөлімінің өкілін, қорғаушының, прокурордың ұсынысты қанағаттандыру жөніндегі қорытындысын тыңдап, сот өтініш иесінің талабын қанағаттандырды. Сөйтіп аудандық соттың 2023 жылғы 20 желтоқсандағы үкімімен Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-бөлігімен айыпты деп танылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған азамат А.-ның өтелмеген жазасының қалған алты айы мен он тоғыз күні кешіріліп, ол жаза өтеуден мерзімінен бұрын босатылды.

«Бостандықтың қадірін...»

Өкінішке орай, сот тәжірибесінде керісінше жағдай да орын алып жатады. Айталық О.есімді азамат 2022 жылғы 31 қазандағы аудандық соттың үкімімен Қылмыстық кодекстің 188-бабының 3-бөлігінің 3) тармағымен 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге және жаза өтеу барысында жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту жазасына сотталған-ды. Бірақ ол соттың берген соңғы мүмкіндігін жете түсінбеді. Жазасын өтеу кезінде бірнеше рет тәртіп бұзып көзге түсті. Амалы таусылған пробация қызметінің инспекторлары оған тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы сотқа ұсыным береді. Бірақ сот алғашқыда оны қанағаттандырмайды.

Бұл әрине, пробация тарапынан сотталушыға жасалған бірнеше рет ескерту еді. Бірақ О. бұдан қорытынды шығаруға асықпайды. Мәселен, биылғы жылғы 21 ақпанда сағат 22:23 шамасында тұрғылықты мекен-жайын тексерген кезде ол пәтердің есігін ашпаған. Пробация қызметкері ұялы телефонына хабарласқанда Каратон кентінде жүргенін айтқан және өзінің тұрақты мекен-жайын сол поселкеге ауыстыруға хабарлама жазады. Бірақ арада он бес шақты күн өткеннен кейін сол кенттегі үйге іздеп барған пробация инспекторы сотталушыны ол жақтан да таппай қалады. Аталған баспанада тұратын туысы О-ның бұл мекен-жайда мүлдем тұрмайтынын айтып, жазбаша түсініктеме береді.

«Сасқан үйрек артымен жүзеді» дегендей, кейін айыпкер өзге бір мекен-жайды көрсетеді. Пробация қызметкерлері онда да бас сұғады. Телефонмен сөйлескен анасы ұлының жарты жылға тарта уақыт өзімен араласпайтынын, қайда жүргенінен де бейхабар екенін жасырмай айтып салады. Пробациялық бақылаушы органмен «жасырынбақ» ойнауға кіріскен сабаздың сырын жақсы түсінген инспекторлар мәселені әрмен қарай созғылай бергенді жөн көрмейді. Ақыры шұғыл шара қолдануға мәжбүр болады. Өйткені айыпкер О.-ға соттың үкімімен жүктелген жылына 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекті орындату мақсатында жолдама – анықтама да жіберілген-ді. Бірақ ол да орындалмаған. Оның үстіне, пробация қызметіне өзінің мінез-құлқы бойынша есеп беруге келмегені үшін жазбаша түсініктеме алуға да тура келген. Әрине, осындай тәртіп бұзушылық үшін бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы жазбаша ескертулер берілген. Бірақ сотталушы оған пысқырып та қарамады.

Пробация қызметінің есебінде тұрып, тәрбиелік мәні бар профилактикалық іс-шаралар жүргізілсе де, түзелу жолына түсе қоймады. Сондықтан аудандық пробация қызметінің басшылығы О-ның үстінен тағы да сотқа ұсыным берді. Аудандық сот бұл жолы ұсынымды қанағаттандырды. Өйткені Қылмыстық кодекстің 44-бабының 3-бөлігінің талабына сәйкес, «бас бостандығын шектеуге сотталған адам жазаны өтеуден қаскөйлікпен жалтарса, бас бостандығын шектеудiң өтелмеген мерзiмi дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаға ауыстырылатыны көзделген». Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 67-бабы 2-бөлігінің 1), 3), 6) тармақтарында: «Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзу бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеуді қаскөйлікпен бұзушылықтар болып табылатыны» белгіленген.

Сотта азамат О.-ның тәртіп бұзушылық әрекеті соттағы іс материалдарындағы құжаттармен, пробация қызметкерінің куәлік етуімен расталды. Сондықтан аудандық сот пробация қызметі бөлімінің сотталған О-ға қатысты жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсынымын қанағаттандырды. Сот үкімімен белгіленген жазаның өтелмеген қалған бес ай, 20 күнгі бөлігі нақ сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды. Осылайша бостандықтың қадірін білмеген сабаз сол жерден күзетпен ұсталып, қамауға алынып, темір торға тоғытылып кете барды.

Ақтолқын Елеукенова,

аудандық сот әкімшісінің бас маманы,

сот отырысының хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT