ЖАСӨСПІРІМНІҢ ҚОЙНЫНДА ТАПАНША ҚАЙДАН ЖҮР?

Бұл оқиға биылғы жылдың 25 мамыры күні Р. есімді жасөспірім Соңғы қоңырау салтанатына қатысу үшін үйінен 8:30-да шығып, өзі оқитын мектепке бет алған. Шара аяқталған соң сыныптастарымен бірге естелік суретке түсіп, бәрі бірге саябаққа жаяу бет алған. Құрдастарымен бірге көңіл көтеріп жүргенде, сағат 11:30 шамасында, саябақ маңынан мопед айдап жүрген екі баланы көрген. Оның бірі сырттай таныс Қ.-ның өзіне қарай келе жатқанын байқайды. Ал, мопед жүргізуші М.-ға полиция қызметкерлері келгенін көрген.

Содан М. мектеп бітірген Р.-ға «Мынаны салып алшы» деп қара барсеткасынан бір затты шығарып, костюмінің астына қарай ұстатқан. Сол уақытта полиция қызметкерлері екеуіне келіп, тексеріс жүргізеді. Қ-дан ештеңе табылмаған соң, Р.- ға жақындағанда ол қаша жөнелген. Артынан қуған полиция қызметкерлері оны ұстап, бөлімге алып кетеді де, ата-анасын шақыртып, түсініктеме жұмысын жүргізген. Тінту барысында костюмінің астынан тапанша тәріздес зат табылады. Ал Р.-ны ұстап алып кеткенін көрген Қ. өзінің үйіне қарай кетіп қалады.

Р.-ның сөздерінен кейін Қ.-ны да шақырып, түсініктеме алынады. Оның сөзінше, 25 мамыр күні сағат 10:00 шамасында үйінен шыққан Қ. өзінің жақсы араласатын достарымен бірге саябаққа қарай бағыт алады. Бірге көңіл көтеріп жүргенде, кіші дәрет қысқан. Қажеттілігін өтеу үшін мейрамхананың артына барады. Сол жерде тапаншаға ұқсас затты көріп қалады. Қызығушылығы оянған ол әлгі затты барсеткасына салып алып, кері қайтады. Саябақтың сыртынан М. есімді мопед айдап жүрген танысын көріп қалып, оған сол аумақты бір айналдырып келуді өтінген. Екеуі сол төңіректі 5-7 минут аралап жүргеннен кейін, саябақтың қарсы бетіне келіп тұрады. Сол кездегі полиция қызметкерлерінің өздеріне жақындап келе жатқанын көріп, саябақ жақтан Р. есімді танысын көріп, тапаншаға ұқсас затты соған берген беті екен. Жоғарыда айтылғандай, ол полиция қызметкерлері жақындағанда, әлгі тапаншаға ұқсас затпен бірге қаша жөнелген.

Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс тіркеледі. Маркасы «PM-X» заводтық нөмірі «22M071557» пневмат тапаншасына ұқсайтын заттың хаттамасы жасақталады. Дегенмен, оқиға бойынша қылмыстық құқық-бұзушылық құрамының жоқ болуына байланысты іс тоқталады. Тек қана кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің заңды өкілдеріне Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы 1-бөлігі бойынша 18 460 теңге көлемінде айыппұл салынды. Айта кететін жайт, еліміздің заңына сәйкес пневматикалық тапаншаларға тыйым салынбаған. Яғни, ашық интернет сатылымынан-ақ өзіңізге алуыңызға болады.

Міне, осы оқиғаға орай, өткен аптада аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрайымы Гүлнафис Айшуақова, аудандық полиция бөлімінің өкілдері және комиссия мүшелері қатысты.

Аудан әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында өткен отырыста Гүлнафис Аязберікқызы бүгін тек екі жасөспірімнің мәселесі қаралатынын хабарлады. Себебі, тасқынға дейінгі болған құқық бұзушылықтың көбі қазіргі сәтте өз актуальдылығын жойған және табиғи апаттан кейін тәртіп бұзушылар да азайған. Ал жасөспірімдердің басынан өткен жоғарыдағы оқиғаны комиссия мүшелеріне полиция қызметкері Жанаргүл Жолдасқалиқызы өз баяндамасы негізінде хабарлады.

Комиссия отырысында бұл оқиға бойынша әртүрлі пікірлер айтылып, сарапқа салынды. Аудандық мәслихат депутаты, комиссия мүшесі Сәуле Мәмбетова істің толық зерттелмегенін айтты. Себебі, Қ.-ның тапаншаны шынымен мейрамхананың артынан тауып алғандығы туралы нақты дәлел жоқ. Бақылау камералары қаралмаған. Сондықтан, дұрыстап зерттелу керектігі ескертіліп, бүгін пневматикалық тапанша ұстаған баланың ертеңгі күні соғыс қаруын қолға алуы мүмкін деген ойын жеткізді. Ал комиссия мүшесі, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров:

-Бұл балалар әлі жас. Ер бала болғасын, ондай нәрселерге қызығатыны рас. Бірақ, бұл жерде заң бойынша тыйым салынбағандығын ескергеніміз жөн. Оған дәлел, смартфонды бір шертіп-ақ, мұндай пневматикалық тапаншаға тапсырыс беруге болады. Менің пайымымша, дәл осындай жағдайда қару тауып алғанды емес, қару сатқан адамды жазалау керек,-деді өз сөзінде.

Жылыой аудандық әкімшілік полиция бөлімінің басшысы Аманкелді Мұқашов:

-Негізі, бір жақты қарауға немесе біреуге кінә артуға болмайды. Жүйелі жұмыс жүруі үшін ата-ана мен мектеп бірігуі керек. Себебі, бала алғашқы тәрбиені отбасынан алса, мектеп табалдырығын аттағаннан кейін қоршаған ортасынан үлгі алады,-дей келіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» шақырды.

Бір қынжыларлығы, комиссия отырысы өтетіні жайлы бірнеше рет ескертілсе де, Р. есімді жасөспірімнің өзі де, ата-анасы да келмеді. Ал, Қ. өз жауабында жай ғана қызығушылықпен жерде жатқан тапанша тәріздес затты көтергендігін, ендігәрі күдікті зат көрсе, бірден полиция қызметкерлеріне хабарлайтынын айтып ақталды. Анасының айтуынша, жасөспірім баласы қазір үйден де көп шықпайды. Жіті бақылауда ұстап отырғанын, оның үстіне, алдағы жаз айында он сегіз жасқа толғаннан кейін, Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге жіберуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Комиссия мүшелері де жас балаға өздерінің ақылын айтып, болашақта күмәнді заттарға, жалпы теріс әрекетке жоламауын тапсырды. Материалдың толық дайын болмауы себепті нақты шешім шығарылмады. Келесі кездесуде екінші жасөспірімнің комиссия отырысына міндетті түрде келуі керектігін полиция өкілдеріне қатаң ескертті. Ал, Қ.-ның сағын сындырмай, оның үстіне ел алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанғалы тұрған қарсаңында, керісінше, қолдау көрсетіп, үлкен өмірде қателікке қайта жол бермеу керектігін түсіндірді.

Иә, «Отан – отбасынан басталады». Бала – сол отбасының ажырамас бір бөлшегі. Барлық ата-ана Қ.-ның анасы секілді өткеннен ащы сабақ алып, ұрпақ тәрбиесін түзу жолға салса, қоғамда жасөспірімдер мәселесі түбегейлі шешімін тапқан болар еді.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521