Соңғы кезде аудан аумағында жасөспірімдер арасында орын алып жатқан түрлі құқық бұзушылық әрекеттері кім-кімді де бей-жай қалдырмаса керек. Сондықтан аталған өңірде қоғамдық тәртіпті нығайту, оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында аудан көлемінде көптеген жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – қаңтар айының 4-і мен 18-і аралығында өткен «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы. Бұл жөнінде аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған іс-шара құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қала көшелерінде және қоғамдық орындарында тиісті құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында өткізілді. Онда жол қозғалысы ережелеріне байланысты көлік жүргізушілеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Осы «Құқықтық тәртіп» шарасы аясында аудан аумағындағы орта мектептер мен колледждерде онда білім алып жатқан оқушылар мен студенттердің ата-аналарының қатысуымен арнайы жиналыс өткізілді. Аталған басқосудың нәтижесінде Құлсары қаласындағы аудандық мәдениет үйінде қорытынды жиын өтіп, оған Атырау облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Е.Биғамбаевтың өзі арнайы келіп қатысып, арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Онда құқық қорғау органының өкілдері қалада орын алып отырған құқық бұзушылық туралы қынжыла баяндады. Жасөспірімдер арасындағы қоғамға жат, теріс әрекеттің алдын алу мақсатында азаматтық қоғам өкілдері мен тәртіп сақшыларын жұдырықтай жұмылуға шақырды.
Кездесуге қатысқан ауданы әкімінің орынбасары Г.Айшуақова, білім беру ұйымдарының директорлары, оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері өз ой-пікірі мен ұсыныстарын ортаға салды.
Әрине, жасөспірімдер тәрбиесі тек жиын өткізіп, мәселені ауызша талқылағанмен шешілмейтіні анық. Өйткені, кездесулерде айтылған әңгіме көп ретте сол жерде қалып қойып жатады. Қазір заман ағымы ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамып жатқан дәуірде сөзден гөрі нақты іске көшетін кез келген секілді. Мұндайда қазекең «Арық сөйлеп, семіз шық» демей ме?!
Өз тілшімізден