Жарнама беріп, жапа шекті

Таяуда аудандық сотта алаяқтықтың жаңа түріне қатысты іс қаралды.

Оқиға өткен қазан айының ішінде орын алған еді. OLX жарнама желісіне 250 мың теңгеге өзінің жылқысын сатамын деп жарнама берген бір азамат, әрине, ақ адал малынан тапа тал түсте айрылып, санын соғып қаламын деп әсте ойлаған жоқ.

Хабарландыру берілген соң, көп кешікпей оның телефон нөміріне бір келіншек қоңырау шалады. Келісілген түстен кейінгі уақытта ол жылқыны қарауға келеді. Малды көзбен көрген соң ұнатып, саудаласуға көшеді де, сатып алушы өз бұйымтайын айта бастайды. Келіншек өзінің әке-шешесіз жетім өскен қайнысының бар екендігін, ол жақында үйленгелі жатқандығын, сондықтан оның тойына сою үшін жылқының аса қажет болып тұрғанын айтады. Тойдың екі күннен кейін өтетіндігін, бірақ мал алуға ақшасының жетпей тұрғанын жеткізіп, мал иесін келісімге келуге шақырады. Жылқының бәсін той шашуынан түскен қаржыдан толықтай жинап беретіндігіне уәде береді. Тіпті сол жерде қолхат та жазып, үйінің құжатын кепілдікке тастап кетеді.

Келіншектің сөзіне сенген ер-азамат ойлана келіп, өз келісімін береді. Сол жерде жылқысын тиетіп жібереді. Көп ұзамай межелі мерзім де келіп жетеді. Бірақ келісілген күні келіншек келмей қояды. Амалы таусылған мал иесі сатып алушыны іздестіруге көшеді. Ақыры табады да. Сонда барып азамат басымен алданып қалғанын бір-ақ біледі.

Сөйтсе әлгі келіншектің үйінде ешқандай да той өтпеген, бұрыннан да алаяқтықпен аты шыққан айыпкер екенін анықтайды. Санын бір-ақ соққан жәбірленуші көп ойланып жатпастан аудандық сот табалдырығынан аттайды. Жәбірленуші сотқа талап-арыз жазып, жауапкер келіншектен өз жылқысының құны – 250 мың теңгені талап етеді. Судья жауапкерге белгілі бір уақыт беріп, талапкердің келтірген дәлелді деректерін теріске шығаратын құжаттар мен пікірді жолдауды сұрайды. Бірақ алаяқ келіншек оған қарсы уәж айта алмайды. Сондықтан сот талапкердің арызы қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келеді.

Жақында азаматтық істі қараған аудандық соттың судьясы талапкердің пайдасына 250 мың теңге және 2500 теңге сот шығынын өндіру туралы шешім етті. Өкінішке орай, жұрттың ақ адал малын алдап алған келіншекке қатысты іс жалғыз мұнымен шектелмейді. Оның осыдан кейін де бірқатар малбегіні тақыршаққа отырғызып кеткені белгілі болып отыр. Сол себепті мал сатуға бел буған жандар аса абай болғаны абзал!

Ш.Исмағамбетова,

аудандық соттың судьясы,

Е.Бисекенұлы,

өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521