ЖАҢА ЖҮЙЕ ЖАРҒА ЖЫҚПАСЫН

Инвестиция саласына қатысы бар алаяқтық схемалар пайда болды. Қаскөйлер түрлі сайттар мен мобильді қосымшаларды қолдан жасап, Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсының интерфейсін көшіріп жүр. Сондай-ақ лауазымды тұлғалардың суретін пайдаланып, салынған ақшаның қайтарылатынын немесе инвестиция арқылы жоғары табысқа кенелуге болатынын айтып, құрғақ уәдені үйіп-төгіп береді. Бұл жөнінде хабарлама таратқан Қазақстан Ұлттық Банкі еліміздің тұрғындарын алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады.Әрине, азаматтарды көптеп тарту үшін алаяқтар неше түрлі қулық-сұмдыққа барады. Мәселен, өздерінің жалған сайттары мен мобильді қосымшаларын әлеуметтік желілер мен YouTube арқылы жарнамалайды. Сондықтан Ұлттық Банк қазақстандықтарды әртүрлі әлеуметтік платформалардағы жарнамалық хабарламаларға өтер кезде барынша сақ болуға шақырады. Өзін Ұлттық банктің өкілімін немесе құқық қорғау органының қызметкерімін деп таныстырған телефон тұтқасының арғы жағындағы белгісіз біреулерден күмәнді хабарлама немесе электрондық хаттар алған кезде аса абай болған жөн. Осы жерде Қазақстан Ұлттық Банкі жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейтінін және телефон, электрондық пошта немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы жеке мәліметтер сұратпайтынын еске саламыз. Жоғарыда айтылған жайттарды тағы да ескерте отырып, «Ұлттық Банк қаражатты қайтарып береді» деп ақпарат таратқан сайттардың артында таза алаяқтардың тұрғанын мықтап қаперде ұстауды сұрайды. Бұл - алаяқтық алдап-арбаудың айқын белгілері. Өйткені: *Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді, жеке тұлғалармен ақшалай есеп айырысулар мен мәмілелер жүргізбейді; *Қазақстан Республикасы азаматтарының активтерін инвестициялық басқаруға арналған өзекті лицензиялары бар ұйымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында жарияланған. Ұлттық Банк сондай-ақ, жарнаманың әсерімен мобильді қосымшаларды орнатпауға, дербес деректерді жария етпеуге, әлдекімнің ұялы телефоныңызды қашықтан басқаруына мүмкіндік бермеуге және телефонмен әңгіме барысында бейтаныс адамның нұсқауымен қандай да бір қаражатты өзге бір үшінші тұлғаның шотына аудармауға шақырады. Егер сіз немесе танысыңыз осындай қаскөйлердің арбауына тап болса, алаяқтық дерегіне байланысты іс қозғау үшін құқық қорғау органына жүгінгені дұрыс. Кеңес алу үшін Ұлттық Банктің 1477 қысқа нөмірлі байланыс орталығына хабарласуға болады. www.nationalbank.kz

Нұрбиға ИБРАЕВА,

ҚР Ұлттық Банкі Атырау

филиалының

экономикалық талдау және статистика бөлімінің

жетекші маман-экономис

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT