Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы шілдеде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша дербес кассациялық соттар құруды көздейтін «Кейбір конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Аталмыш заң келер 2025 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді және соған сәйкес елімізде кассациялық сот құрылады. Осыған байланысты сот ісін жүргізудің барлық түрлері бойынша кассациялық сотқа жүгінудің және сот актілерін қайта қараудың бірыңғай қағидаларын енгізу ұсынылды.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңы 2-1-тараумен толықтырылды. Онда кассациялық сот жөнінде норма көзделген. Аталған тараудың 16-2-бабына сәйкес, Кассациялық соттарды Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғарғы Сот Кеңесімен келісіп ұсынуы арқылы Қазақстан Республикасының Президенті құрады. Қайта ұйымдастырады, атауын өзгертеді және таратады. Кассациялық сот – төмен тұрған соттардың шешімдеріне қарсы шағымдарды кассациялық тәртіппен қарайтын Жоғарғы сот сатысы. Бірінші сатыдағы соттардың түпкілікті шешімдеріне және апелляциялық соттың қаулыларына қарсы кассациялық сотқа шағым жасалуы мүмкін. Кассациялық тәртіпте, заңды күшіне енген сот актілерін қарау, алдын ала қарауды өткізбеу, істі мәні бойынша ақылға қонымды 6 айға жуық мерзімде қарау, кассациялық тәртіпте 6 құрамды сот болып қарау көзделген.
Дербес кассациялық соттарды құру жөніндегі іс-шаралар жоспары - Қазақстанның сот жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуға бағытталған батыл әрі маңызды қадам. Бұл реформа сот төрелігінің ашықтығын, әділдігін және қолжетімділігін қамтамасыз етіп қана қоймайды, елдің құқықтық жүйесінің жалпы деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Сот жүйесіне енгізілетін бұл өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтеді және заң үстемдігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Мұратқали Ысқақов,
аудандық сотының төрағасы