Жүргізушілік куәлігімен 7 жылға қош айтысты

Әлеуметтік желілер арқылы қоғам арасында біраз талқыға түсіп, темір тұлпар иелеріне ескерту берілгені белгілі.

Биылдан бастап күшіне енген жаңа заң талаптарына сәйкес арақ ішіп, көлік жүргізген жүргізушілерге тағайындалатын әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жүгі ауырлай түсті. Ол мақұлданып, қол қойылғаннан кейін әлеуметтік желілер арқылы қоғам арасында біраз талқыға түсіп, темір тұлпар иелеріне ескерту берілгені белгілі. Ақыры, міне, заңның қолданысқа енген күні де келіп жетті. Бірақ құлсарылық кейбір жүргізушілердің бетін заңның қаттылығы да қайтара алмайтын сыңайлы. Әйтпесе таң атпай мас болып масайрап, көшеде көлікпен қыдырып жүрмес еді ғой. Өткен аптада аудандық сотта қаралаған әкімшілік іс – дәл соның айғағы.

Айталық, заң күшіне енген алғашқы күні таңғы сағат алты жарымдар шамасында жол тәртіп сақшылары Құлсары қаласының орталық қос көшесінің қиылысынан «Mersedes Benz» маркалы шетелдік автокөлігін тоқтатты. Полиция қызметкеріне рөлдегі жүргізуші жас жігіттің «ахаңнан» ұрттап алғаны бірден білініп тұрды. Медициналық куәландыру орнына апарып, оның жеңіл дәрежелі алкогольдік масаң күйде болғанын анықтады. Үстінен хаттама толтырып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен әкімшілік іс қозғады. Көп ұзамай ол сотқа жолданды.

«Жол жүрісі қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысының 2.4.2 тармағына сәйкес: «Масаң күйде (алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық) реакциясын және назар аударуын нашарлататын дәрілік препараттардың әсерімен; жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін сырқат немесе шаршаулы күйде көлік құралын басқаруға жүргізушіге тыйым салынған». Бірақ ішіп алған жас жүргізуші ережені естен шығарып алған. Жол қозғалысы ережесінің тәртібін өрескел бұзған оның бұл әрекеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң негізінде қаралды. Сөйтіп, жасаған әкімшілік құқық бұзушылығы ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша сараланды. Кінәсі іс-құжаттарымен, атап айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, жүргізушінің жазбаша берген түсініктемесімен, медициналық куәландыру қорытындысымен рөлде масаң күйде болғандығы дәлелденді.

Аудандық соттың қаулысымен «Mersedes Benz» көлігінің иесі ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айрылды. Және 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Бұл арақ-шарап ішсе, «батырлығы» ұстап, темір тұлпар тізгініне жармасатын жүргізушілерге ащы сабақ болса керек.

Ш.Исмағамбетова, аудандық соттың судьясы,

Е.Бисекенұлы, өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521