Aрам ойға шырмалған ол көздеген мақсатынан айнып кете алмайды
Қазір «Жұмысқа кіргіземін!», «Банктен қомақты мөлшерде несие алып беремін» деп талайды тақыршаққа отырғызып кететін алаяқтар көбейіп кетті. Тіпті, жасыратыны жоқ, қылмыстың бұл түрінің көбейіп кеткені соншалық, құқық қорғаушылар оны бара-бара сала-салаға бөліп қарауына тура келетін шығар. Біз сөз еткелі отырған алаяқ та халықтың жұмыссыздық сияқты осал тұсын тап басып, соны өзінің жеке бас пайдасына пайдаланып қалғысы келген жан. Абырой болғанда, оны соттылықтан медиация құтқарып қалды. Оқиға өткен жылдың тамыз айында орын аған еді. Аймақта қауіпті індет кең таралып, жұрт пандемияның пәрменінен кейін жұмыссыз қалып, қиналып жатқанда орда бұзар отызға таяп қалған Б. есімді азамат халықтың қолына «бір кәсіп көзін» тауып беріп, пайда табуды көздейді.
Ол үшін Теңіз кенішіндегі өзі еңбек ететін мердігер мекеменің біріне жұртты «жұмысқа кіргіземін» деп алдап, ақша алуға кіріседі. Ал шын мәнінде ол қарапайым оператор болып жұмыс жасайтын, қолында ондай құзырет те жоқ еді. Бірақ арам ойға шырмалған ол көздеген мақсатынан айнып кете алмайды. Сөйтіп, ең алдымен, өзінің жұмыстасын қармаққа түсіреді.
Телефон арқылы тілдесу кезінде соңғысы күйеуі мен інісіне жұмыс керек екенін алға тартады. «Темірді қызған кезінде соқ» дегендей, алаяқ телефон тұтқасының арғы жағындағы нәзік жанның сөзін аузынан қағып алады да, өзі еңбек етіп жатқан Теңіз кенішіндегі мекемеге «кіргізе аламын» деп сөз береді. Уәде, уәде, бірақ «Құрғақ қасық ауыз жыртады» деп алаяқ жігіт алдын ала «сыйақы» талап етері белгілі. Бүкіл бала-шаға, бауыры өзінің табысына қарап отырған соң, әйел қайтсін, қолына түскен бар ақшасын сығымдап жинап, артылғанын «жұмыс берушінің» шотына түсіріп отырады. Бір рет 70-75 мың теңге, бірде 25 мың, қалған уақытта 20 мың мен 10 мың теңгеден, тіпті 5 мыңдап та бөліп-бөліп Б.-ның Каспий голд карточкасына ақша аударып, жемсауын толтыра береді. Осылайша, аз ғана уақыттың ішінде барлығы 325 мың теңгені ішпей-жемей алаяқтың көмейіне жұтқызып жібереді.
...Арада бірнеше күн, кейін айлар өте бастайды. Алайда ақша алған «жұмыс беруші» адамнан хабар болмайды. «Шыдамның да шегі бар» дегендей, ақыры алданғанын аңғарған әйел амалсыздан құқық қорғау органының табалдырығынан аттайды. Міне, сонда ғана уәдені үйіп-төгіп беріп, «Маңғыт – аузыңа саңғыт» деп кеткен алаяқ өзі хабарласады. Бірақ бұл кезде алдын ала тергеу амалдары арқылы барлық кінәсі дәлелденіп, мойнына қойылып, Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігімен көтерілген алаяқтың қылмыстық ісі сотқа жолданған-ды. Сөйтіп құқық қорғаушылардың құрығы айыпкердің әрмен қарай да қылмыс жасап, өзге де аңқау жандарды алдап, алаяқтық әрекетін жалғастыруға мұрға бермейді. Керісінше, тергеу мен сотқа дейінгі процесс кезінде алаяққа амалсыздан алған ақшасын кері қайтаруына тура келеді.
Айыбын толықтай мойындаған айыпкер жәбірленушінің алдына келіп, кешірім сұрап, алдап алған 325 мың теңгесінің бір тыйынын да қалдырмай санап, кері қайтарып береді. Қорғаушысы арқылы кәсіпқой медиатордың көмегіне жүгінеді. Мәселеге араласқан кәсіпқой медиатор Ж.Байжанов екі жақты ымыраға келтіріп, медиациялық келісім жасақтайды. Оны сотталушының қорғаушысы сотқа ұсынып, бекітуді сұрайды.
Сот сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігімен дұрыс дәрежеленген деп тапты. Себебі ол заң тілімен айтқанда «Алаяқтық», яғни «бөтеннің мүлкін жымқырып, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен өзгенің мүлкіне құқықты иемдену болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылық әрекетті жасаған». Ал ҚК-ның осы бабының 1-бөлігімен жасалған әрекет онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады.
Қылмыстық кодекстің 68-бабы 1-бөлігінің талабына сәйкес, қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратуға әкеп соқтырмаған онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, яғни сотқа арыз берушімен татуласса, соның ішінде медиация тәртібімен келісімге келіп, келтiрiлген зиянның орнын толтырса, онда қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңының 26-бабының 1-бөлігіне сәйкес, екі жақ дауды реттеу туралы медиациялық келісімге қол қойған күннен бастап жанжал тоқтатылады. Кәсіпқой медиатор Ж.Байжановпен 22 қаңтарда бекітілген медиациялық келісімнен жәбірленушінің сотталушыға қоятын талабының жоқтығы, медиациялық тәртіппен келісімге келіп татуласқаны, келтірілген зиянның орны толтырылғаны көрінеді. Аталған медиациялық келісімге екі жақ та қолдарын қойған. Бұл мән-жайды жәбірленуші мен сотталушы сотта берген ауызша жауаптарымен де қуаттады. Жәбірленушімен медиациялық тәртіппен татуласып, келтірілген зиянды қалпына келтірген. Мұндай жағдайда, сот сотталушы Қылмыстық процестік кодексінің 35-бабының 1-бөлігінің 12-тармақшасына сай, Қылмыстық кодекстің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылуға және қылмыстық іс жүргізу тоқтатылуға жатады деп таныды. Биылғы қаңтар айындағы аудандық соттың қаулысымен сотталушы Б. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабының 1-бөлігі қолданылып, жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды және қылмыстық іс тоқтатылды.
Осылайша медиацияның берген мүмкіндігінің арқасында орда бұзар отызға таяп қалған азамат алаяқ атана жаздап барып, қылмыстық жауапкершіліктің құрығынан құтылып кетті. Әйтпесе біраз жылға дейін «сотталған» деген атақ қарынға жабысқан талақтай қыр соңынан қалмас еді. Бұл ,әрине, оған ащы сабақ болып, сүрінген қателігін қайталамауға мүмкіндік берілді. Екінші мәрте сот мұндай мүмкіндік туғызбайтыны анық.
Зинаида ҚУАНЫШЕВА, аудандық соттың жетекші маманы