«Жұмысқа кіргіземін»,-деп жер соқтырып кетті

Алдын ала тергеу амалдары арқылы алаяқ әйелдің барлық кінәсі мойнына қойылып, ісі сотқа жолданды.

Таяуда аудандық сотта қырықтың қырқасынан асқан әйел адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» деп аталатын 190-бабы 3-бөлігінің 3, 4-тармақтарымен айыпталған ол көптеген азаматты аудандағы бір белді мұнай компаниясына жұмысқа орналастырамын деп алдап, тақыршаққа отырғызып кеткен. Бірақ жұртты алдаған алаяқ жасаған қылмысы үшін темір торға «отырды».

Оның басты артықшылығы, өзі сол мұнай компаниясында экономист болып қызмет атқаратын-ды. Сондықтан да алпауыт мекеменің жоғары жалақылы жұмысынан дәмеленген қарапайым жұртқа ол майлы жіліктің басын ұстап отырған бір мықтыдай көрінсе керек. Жұмысқа тұрудан дәмелі жандар «жұмыс берушінің» қолына өз миллиондарын көп ойланбай-ақ ұстата салды. Ал ақшасы аз кейбіреулер банктен көп көлемде несие алып, апарып беріп жүрді. Ал шын мәнінде олар нағыз алаяқтың жемсауын толтырып отырғанын өздері де білген жоқ. Барлығы да өткен жылғы наурызда басталған еді. Бір әйел адам өзінің келіні арқылы жаңағы мұнай компаниясының экономисімен танысады. Ол күйеуін оператор ретінде жұмысқа орналастыруға уәде береді. Тек «сыйақы» ретінде еңбегіне 1 млн. 700 мың теңге төлесе болғаны екен. Ерлі-зайыптылар ақылдаса келе өздеріндегі бар 700 мың теңгенің үстіндегі ақшаны қалай табу жайына бас қатырады. Сөйтіп, Kaspi bank-інен қарыз алмақ болады. Онда телефон тетігін басып қалсаңыз болғаны, табысыңа қарамай-ақ сарт еткізіп 1 млн. теңгені несиеге бере салады. Отағасы мен әйелі көп ойланып жатпады. Банктен 1 млн. алды да, экономистің сұраған сомасын әкеліп қолына ұстатты.

Жақсы хабар жерде жатқан ба?! «Отыз екі тістен шыққан сөз отыз екі рулы елге жайылады» дегендей, мұнай мекемесіндегі «жұмыс беруші» жайлы ерлі-зайыптының жақын туыстары естіп, сыбыс елге тарай бастайды. Сөйтіп, балға үймелеген арадай жұмыс іздеушілер қатары да арта түседі. Бастапқыда ер мен әйелі экономист пен кейбір таныстары арасында делдал болып, «сыйақы» ақшасын иесіне жеткізіп беріп тұрады. Бертін келе адам қарасы көбейген соң жұрт онымен тіке байланысқа шығады. Кейбіріне алаяқ қолхат та жазып береді.

«Жұмысқа орналастыру» үшін қойылатын пара мөлшері де әртүрлі деңгейде болады. Мәселен, оператор, бұрғышы, жүргізуші тәрізді қатардағы жұмысшылыққа кіргізу үшін бірыңғай 1 млн. 700 мың теңге талап етсе, офисте жылы орында отырып жұмыс жасайтын инженер, есепші секілді маман иелеріне екі есеге жақын «ставка» қойылады. Айталық, бір азаматты есепші ретінде орналастырамын деп 3 млн. теңге қаржысын қақса, өзге бір жігітті инженерлік лауазымға кіргізуге уәде беріп, 3 млн. 200 мың теңге ақшасын алдап алады. Осылайша экономист тек өткен жылдың наурыз – мамыр және тамыз айларында 12 адамды алдап, қаражаттарын қылмыстық жолмен иеленіп кеткені белгілі болады. Алдын ала тергеу амалдары арқылы алаяқтың кесірінен жәбірленушілер барлығы 21 млн. 571 мың теңге көлемінде аса ірі материалдық шығынға батқаны анықталды.

Мұнай компаниясына жұмысқа орналасамын деп дәмеленіп, жер соғып қалған жәбірленушілердің арызына сәйкес аудандық полиция бөлімінің тергеушілері қылмыстық іс қозғады. Алдын ала тергеу амалдары арқылы алаяқ әйелдің барлық кінәсі мойнына қойылып, ісі сотқа жолданды.

Басты сот талқылауы барысында сол процеске тікелей қатысы болмаса да, бұрынғы экономист, бүгінгі сотталушыға қатысты қосымша бірқатар деректер де әшкереленеді. Полиция бөлімінің тергеушісі алаяқтан алданған жандардың 12 адаммен шектелмейтінін мәлім етті. Аудандық полиция бөлімінде тағы 10 шақты жәбірленушінің арызы қаралып, тергеліп жатқанын айтты. Демек, алаяқтың жемсауына жұтылған ақшаның «айналымы» 21 млн-нан да асып түсетіні анық.

Бұл аз десеңіз, сот үстінде айыпкер әйел жәбірленушілерден алған қомақты қаржыны өзін қорқытқан К. есімді азаматқа бергенін айтып, ақталуға тырысты. Ал сотқа куә ретінде шақыртылған ол айыпкердің бұрынғы былығын ашып берді. Сөйтсе алаяқ осыдан 3-4 жыл бұрын оны да жұмысқа кіргіземін деп алдап соққан болып шықты. Өзара келісім бойынша алаяқ әйел сол кезде де «ставка» қойып, К-дан 2 млн. теңге талап етеді. Ол амалсыздан банкке барып, несиеге белшесінен батады. Бірақ уақыт өте келе үміт артқан адамы уәдесінде тұрмайды. Не жұмыс жоқ, не қарызын төлейтін қаржы жоқ, қатты қиналған атпал азамат бұрынғы экономистен несиесін төлеп тұруды талап етеді. Сотта одан басы артық ақша алмағаны аян болады. Банк бекіткен кесте бойынша төлемі өтеліп тұрған соң танысы жәбірленуші ретінде құқық қорғау органына шағымдана қоймайды. Сондықтан айыпкердің соттағы «Мені К. қорқытты, ақшаның бәрін сол кісіге беріп тұрдым» деп ақталуы негізсіз деп танылды. Өйткені 21 млн-ды алаяқ бір ғана несие төлеуге жұмсамағаны анық.

Істі қараған судья барлық куәгерлердің сотта берген айғақтарын, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының жинақтаған құжаттары мен дәлелдемелерін зерделей келіп, алаяқ әйелдің қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 3,4-тармақтарымен дұрыс дәрежеленген деп тапты. Өйткені ол «Алаяқтық», яғни заң тілімен айтқанда «сенімді теріс пайдалану жолымен екі немесе одан да көп адамға қатысты, бірнеше рет бөтен мүлікке құқықты иемдену болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекетті жасаған».

Сот айыпкерге жаза тағайындағанда жанұялық жағдайын, асырауында кәмелетке толмаған баласының барлығын, қылмысын толық мойындап, кешірім сұрап отырғанын ескерді. Бірақ алаяқтықтың ауыр қылмыстар санатына жататындығын,жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынның өтелмегенін қаперге алып, жаза тағайындады.

Аудандық соттың үкімімен алаяқ әйел Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 3,4-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Жәбірленушілердің өздеріне келтірген материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап қою арыздары толықтай қанағаттандырылды. Бұған қоса азаматтық жауапкер ретінде сотталған алаяқ әйелден 215 710 теңге мемлекеттік баж бен жәбірленушілердің өтемақы қорына 50500 теңге мәжбүрлі төлем өндірілетін болды.

Аңқау жандарды «Жұмысқа кіргіземін!»-деп жер соқтырып кеткен алаяқ осылайша заң алдында тиісті жазасын алды.

 

Мұратқали Ысқақов,

аудандық соттың судьясы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521