Заң мен Тәртіп – Жаңа Қазақстанның берік тұғыры

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасында алғаш рет «Заң мен Тәртіп» қағидаты конституциялық деңгейде бекітілуі – еліміздің құқықтық мемлекет ретінде дамуының жаңа кезеңін білдіреді.

Бұл ұғым жай ғана құқықтық термин емес, қоғам өмірінің барлық саласын реттейтін, азамат пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтатын іргелі құндылық. Құқық үстемдігі – кез келген дамыған мемлекеттің негізі. Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы айқын көрсетіліп, олар бүкіл құқықтық жүйенің өзегіне айналып отыр. «Заң мен Тәртіп» қағидаты осы басымдықты нақты тетіктер арқылы қамтамасыз етуге бағытталған.
     Атап айтқанда, кінәсіздік презумпциясын күшейту, азаматтарды бір құқық бұзушылық үшін қайта жауапқа тартуға тыйым салу, құқықтарын нашарлататын заңдардың кері күшіне жол бермеу сияқты нормалар әділеттілікті нығайтады. «Миранда ережесінің» енгізілуі азаматтардың процессуалдық құқықтарын қорғаудың заманауи стандарттарына сай келеді. Бұл – құқық қорғау жүйесінің ашықтығы мен есептілігін арттыратын маңызды қадам. Сонымен қатар, адвокатура туралы арнайы баптың Конституцияда бекітілуі – қорғау институтының мәртебесін күшейтіп, азаматтардың білікті заң көмегіне қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Бұл құқықтық мәдениеттің өсуіне және сот төрелігінің сапасына тікелей әсер етеді. 
                                                          Диана Ізбасарқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT