Тіл – қазақтың байлығы. Ол – қоғам өмірін ұйымдастырушы басты күш. Сонымен қатар, әлеуметтік және экономикалық өрлеу мен дамудың, халық пен қоғам өміріндегі өзгерістер мен жаңалықтардың айнасы.
Халық батыры Б.Момышұлы тілге үлкен баға берген: «Тілсізді айуан дейді. Тілі кедей елді мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды». Тіл - адам баласының негізгі қасиеті. Сондықтан, тіл байлығы – елдің елдігін, ғылыми-әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғам құрылысын, салт-сананы, жауынгерлік дәстүрін, мұрасын қай дәрежеде екенін көрсететін рухани құрал екенін атап кеткен болатын.
Әрбір ұлт пен ұлыстың басқа халыққа қарағанда, оның ерекшелігін көрсететін қолдағы қымбат мұрасының бірі - ана тілі. Бір кезде «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қағиданы берік ұстаған халқымыз елдің тағдырын бір ауыз сөзбен шешіп отырған. Әйгілі бабамыз Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер қара сөзді қару етіп, шешендігімен жаудың бетін қайтарып, ел мақтанышына айнала білді.
Сол ата-бабамыздың арқасында бұл күнде тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Ол барлық салада білім-ғылымда, өнеркәсіпте, шет мемлекетпен байланыста болсын үлкен рөл атқаруы керек деп есептеймін.
Қоғамымыз қарыштап дамыған, сан салалы жаңалықтар жаршысы болған жаңа ғасырда да тіл мәселесі бар. Сондықтан ана тілімізді қадірлеу, құрметтеу мақсатында сот төрелігі саласында да кеңінен қолданылуы керек. Өйткені, бұл - адам санасын құқықтық тұрғыдан оятатын, жақсылыққа қарай үндейтін, дұрыс тәрбиеге бейімдейтін маңызды сала. Егер еліміздегі заң мен құқықтық норма ана тілімізде сөйлесе, онда мемлекеттік тілдің өрісі кеңейіп, абыройы арта түседі.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 14-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. Сол себептен, сотқа жүгінуші тараптың мемлекеттік тілде талап қоюын толықтай қамтамасыз ету үшін, заң саласының өкілдері болып жұмылып тиісті жұмыстар жасалуы қажет деп санаймын.
Мемлекеттік билік тармақтарының ішіндегі өзіміздің сот билігінің негізгі қызметі – сот төрелігі. Ол қашанда мемлекеттік тілде жүргізілетін болса, оның мәртебесі үстем болары күмәнсіз. Бұл ана тіліміздің абыройын ғана емес, сот жүйесінің имиджін көтеретіні сөзсіз.
Гүлзада Жанғазиева,
аудандық сот әкімшісінің жетекші маманы