Қызыл балық браконьерлері, интернеттегі алаяқтық...

басқа да мәселелер комиссия отырысында талқыланды

Өткен бейсенбіде аудан бойынша құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі жергілікті ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Аудан әкімі Халел Жамалов жиналысты ашып, жүргізіп отырды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, аудан аумағында браконьерлікке қарсы күрес нәтижелері, букмекерлік кеңселер мен олардың заңсыз қызметімен күресудегі проблемалар, толық жетім және жартылай жетім мектеп түлектерінің бүгінгі таңдағы әлеуметтік жағдайы, алаяқтық және интернет саласындағы алаяқтық қылмыстарға қарсы күрес жұмыстары, заңсыз қару айналымы мен аудан аумағындағы мал ұрлау фактілері жөніндегі орын алған оқиғалар басқосуда кеңінен талқыланды.

Әр тақырып бойынша баяндамашылар бүгінге дейін жүзеге асып үлгерген шаралардың есебін берді. Жаңа оқу жылы басталған кезден-ақ аудандағы барша мектептерде «Жолда абай бол, жасөспірім!» атты апталықтар, онкүндіктер жоспарға сай өткізілетін. Шара – жол-көлік оқиғасының алдын алу, жол қауіпсіздігі дағдысын еске салу мақсатында мектеп оқушыларына арнайы бағытталып, жүзеге асырылатын. Биылғы оқу жылының ерекшелігіне байланысты аталған шараны ұйымдастыру мүмкін болмаған. Баяндамашының мәліметінен соң, отырысқа қатысушылар да өз сауалдарын жолдай бастады

. Жаңа Қаратон кенті әкімі Сансызбай Баймұратов өз сөзінде «Түн қараңғысында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің көлік рулін тізгіндеп, кент көшелерінде желдей жүйткіп жарыса жөнелтіндерін, соңы түрлі келеңсіз оқиғаларға апарып жатқандығын» жеткізді. Заң жүзінде қатаң жаза қолдану керектігін ұсынды. Қазіргі таңда аудан аумағында табиғатты қорғау заңын бұзушыларды, биологиялық ресурстар объектілері мен олардың өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу, экологиялық қылмыстарды ашу бағытында бірқатар жұмыстар жасалуда.

Сирек кездесетін және жойылып кетуі ықтимал жануарлар мен өсімдіктер, балық ресурстарына қатысты браконьерлікке жол бермеу мақсатында іске асқан іс-шаралар нәтижесінде Теңіз вахталық қалашығынан шамамен 600 кг салмақтағы кесілген қызыл балықты заңсыз тасымалдаумен айналысқан 2 азамат ұсталды. Заңға қайшы әрекет етіп, табиғатқа залалын келтірген екі азамат ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-бөлімімен жауапкершілікке тартылды. Атырау облысының табиғатты қорғау инспекциясының қызметкерлерімен бірлескен шара кезінде 300 кг-ға жуық салмақ тартатын ақ балықтар (кефаль), салмағы шамамен 100 кг-дай болатын сазан балықтар тәркіленіп, 5 азаматтың үстінен заңға сай қылмыстық іс қозғалды. Балық аулауға арналған, қолдан жасалған 2 техника тәркіленді.

Баяндамашы «Даланы тексеру кезінде, жолсыз кедір-бұдыр жерлерге жүретін арнайы техниканың қарастырылмағанын» айта келе, байланыстан тыс жерлерде қолданатын құралдардың болмауы, жүру бағытын, қашықтықты, уақытты өлшейтін GPS құрылының жеткіліксіздігі салдарынан, полиция бөлімінде табиғатты қорғау инспекторының штаттық бірлігінің болмауынан айтарлықтай қиындықтарға тап болатындарын да жасырмады. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, Үстіміздегі жылдың 25-29 мамыры аралығында заңсыз айналымдағы қаруды, оқ-дәрілерді алуға, сондай-ақ қару иелерінің қаруды сақтауларын тексеруге бағытталған құзырлы органның тоқсандық жоспарына сәйкес аудан аумағында «Қару» атты жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілген. Барлығы 3 топ құрылып, 26 қызметкер жасақталып, 22 шаруа қожалығына тексеру жұмыстары жүргізілген.

Тексеру барысында, Майкөмген селосынан 15 шақырым жерде орналасқан «БТ» шаруа қожалығында мал бағып жүрген малшының «Нива» автокөлігінен тегіс ұңғылы, «ИЖ-18» маркалы, 16 калибрлі, дара ауызды шолақ мылтық 5 дана патрондарымен қоса тәркіленіп алынған. Аталған азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, аудандық сот арқылы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, тәркіленген қару-жарақ тиісті орынға тапсырылды. Соңғы уақытта әлеуметтік желілер арқылы орын алатын алаяқтық фактілер көп. Бір құлсарылық азамат автокөлік бөлшектерін арзан бағада өзге қалалардан тапсырыс беріп алдыртамын деп жүргенде тақырға отырып қалып жатса, енді біреулері жеке бас мәліметтерін өзгеге жариялаймын деп жүргенде аяқ астынан көп мөлшердегі несиенің ноқтасын киіп, төлей алмай әлекке түседі.

Интернеттегі сауда-саттық барысында тараптардың бір-бірімен жүздеспейтіні әсте белгілі. Сол себепті қылмыскерлерге, өзге өңірде отырып алып, мүлде басқа өңірдің азаматтарын алдап-арбауға оңтайлы мүмкіндіктер туып жатады. Алаяқтар мұндай жағдайда клиенттерді арзан бағамен еліктіріп, алдын-ала жарна төлеуді немесе толық соманы банк картасына жіберуді сұрайды. 2020 жылдың 9 айы ішінде интернет алаяқтық фактісі бойынша барлығы 28 қылмыс тіркеліп, 7 қылмыс ашылып үлгерді. Ал былтырғы жылы 25 қылмыстық іс есепке алынып, 5 қылмыс ашылған.

Аудандағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың тізімі жасақталып, тұрғын-үй алуға кезекке қойылған. 2016 жылға дейін кезекке қойған қамқорлықтағы балалардың 15-і тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні заңсыз ойын бизнестері қоғамның өзекті мәселесі болып отыр. Ойынға адамның психологиялық тұрғыдан бағынышты болуы түрлі қылмыстардың орын алуына әкелуде. Аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасы заңсыз кәсіпкерлік букмекерлік кеңсе қызметімен айналысып отырған салық төлеушілерге 2019 жылы тексеріс жұмыстары жүргізген.

Нәтижесінде, бірнеше нысан иелерінің салық төлеуші ретінде тіркелместен, ойын кеңсесі қызметімен айнылысып отырғаны белгілі болды. Орын алған заң бұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабына сәйкес букмекерлік кеңсе иелері жауапкершілікке тартылып, іс құжаттары сот органына жолданды. Қазіргі таңда аудандық полиция бөліміне мал ұрлығының тіркелуі оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда 6-дан 10-ға өсіп отыр. Оның ішінде жедел іздестіру шаралын жүргізу кезінде 3 қылмыстық іс ашылып, күдіктілер анықталды. Мерзімі үзілгені – 7 фактіні құрайды. Баяндамашылар жоғарыдағыдай мәліметтерді келтіре отырып, әлі көптеген жұмыстардың атқарылуы тиіс екендігін де атап өтті.

Шаттық Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521