Виртуалды ұрылар

Қазір озық технология дамығалы табыс табудың түрлі жолдары пайда болды. Тіпті күнделікті қызмет түрлері мен базардағы саудасаттық та қолдағы телефон қондырғысы арқылы жүзеге асады. Фейсбук, Инстаграмм секілді әлеуметтік желілер мен уатсап мессенжерлері арқылы жарқыратып жарнамасын бер де, үйде отырып саудаңды бұрқыратып жасай бер. Үшінші мыңжылдықтың мүмкіншілігі, міне, осындай. Өкінішке орай, ғаламтор ғаламатын адал сауданың емес, өзінің арам ниетін жүзеге асыру мақсатында пайдаланып жүрген алаяқтар да аз болмай тұр. Олар пайда табу мақсатында қарапайым халықтың әбден сеніміне кіріп, ақырында ақшасын алдап алып, тақыршаққа отырғызып кетуді әдетке айналдырған. Таяуда ауданның құқық қорғау органының қызметкерлері осындай бірнеше алаяқты тұзаққа түсіріп, темір торға тоғытты.

«25 МЫҢ БЫТОВАЯ ТЕХНИКА»

Қазақта «Ойыннан от шығады» деген даналы сөз бар. Бұл біз сөз еткелі тұрған апалы-сіңлілі қыздарға қаратып айтылғандай. Олар «Whats App» мессенджері арқылы ойын ұйымдастырып, оңай олжаға кенелеміз деп, от шығарып алды. Екеуі де отбасылы, бала-шағалы, бірі – кәсіпкер, екіншісі – жұмыссыз. Бәрін бастаған сол жұмыста жоқ бауыры еді. Ол шіліңгір шілденің бір күнінде апасының қызмет орнына барып, өзінің ойын жеткізеді. Яғни «Whats App»-тан арнайы чат топтамасын құрып, адамдарды ойынға тартып, «пайда табу керек» деген ұсынысын айтады. Үлкені сіңлісінің дегенімен келісіп, екеуі сол жылдың 15-і мен 31 шілде аралығында қылмыстық құқық бұзушылықты жүзеге асыру мақсатында ұялы телефондағы «Whats App»-тан «25 мың бытовая техника» атты чат топтамасын ашып, мүшелерін тіркей бастайды. Ал тіркелген адамдарға әрбір салған ақшасын 200 000 теңгеге көбейтіп беретінін хабарлап, уәде береді. Ал «клиенттерді» көптеп жинау үшін топқа, алдымен, анасын, таныстарын тартып, «Kaspi Bank» АҚ-нан ашылған есеп шоттарының реквизиттерін салып жібереді. Нар көтермес нарықтың ауыртпалығы арқасына аяздай батып, қымбатшылық екі өкпеден қысып, қиындықтың құрсауында қамығып жүрген қара халыққа бұл чат көктен іздегенін жерден таптырған тегін құрал болып көрінді. Көп ұзамай шотқа сытырлап алғашқы «25 мыңдықтар» түсе бастады, аз күнде қыруар қаражат жиналады. Әрине, мұнда қатып қалған қағида жоқ-ты. Сондықтан қалтасы қалыңдар 25 мыңмен шектеліп қалмай, 50 мың, 75 мың, 100 мың, тіпті кейбірі 225 мың теңге аударып жатты. Өйткені, түсетін «дивиденттің пайдасы» да соған сай көбірек болатын. Сөйтіп, айналдырған 16 күннің ішінде апалы-сіңлілі алаяқтар топқа тіркелген халықтан 4 млн. 33 мың теңге ақша түсіреді. Әрине, қаржы қалтаны қампайтқан сайын оны қайтару да қиынға соғады. Апалы-сіңлілердің үстінен шағым да түсе бастайды. Ақшасын қайтара алмаған жандар құқық қорғау органының табалдырығынан аттап, ол жерден кері жәбірленуші атанып шығады. Ақыры ойыннан от шығып, бүкіл жылыойлықтарды шулатқан «Whats App»-тағы «25 мың бытовая техника» атты чат топтамасының «админдері» қылмыскер болып шыға келеді. «Адам - тілінен, ұры ізінен жазады» дегендей, ақыры құқық қорғау қызметкерлері оларды құрықтап, үстінен бірнеше эпизод бойынша қылмыстық іс көтереді. Басты сот талқылауында сотталушылар әз кінәсін толықтай мойындап, ойынды ашпастан бұрын, тіпті мемлекеттік кірістер басқармасынан кеңес алғанын айтып жауап берді. Алайда ондағыларға құлақ аспай кіріс ‑ шығысын, табатын пайдасын алдын ала есептемегенін, кассалық аппаратқа тапсырыс беріп, ойынды а с ы ғ ы с б а с т а п кеткеніне өкініш білдірді. Бірақ бұлайша ақталу айыпкерлерді заң алдындағы жазадан құтқармайтыны анық. «Бұзау ұрлаған өгізді де ұрлайды» дегендей, қылмыскерге қазір құрық салмаса, келесіде түйені түгімен жұтып жіберуден тайынбайды. Сондықтан аудандық соттың өткен жылғы үкімімен апалы-сіңлілі айыпкерлер Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 3) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысы 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сіңлісі жазасын өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды. Ал екі әйелдің алаяқтық әрекетінен алданып, ақшасынан айрылған 65 жәбірленушінің шығыны азаматтық негізде қаралып, талап арыздары қанағаттандырылды. Оларға тиесілі барлығы 3 млн. 138 мың теңге ақшаны сот үкімімен қос айыпкерден ортақтасқан негізде қайтарып беруге міндеттелді. 

(жалғасы газетте)

Мұратқали ЫСҚАҚОВ, аудандық соттың төрағасы,

Ербол БИСЕКЕНҰЛЫ, арнаулы тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT