#ЗАҢМЕНТӘРТІП
Бүгінде республика көлемінде өтіп жатқан «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы мен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Атырау облысында тазалықты сақтау, табиғатты қорғау және елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Іс-шара басталғалы Атырау облысында 300-ден астам экологиялық сипаттағы құқық бұзушылық дерегі анықталды. Ал «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 6000-нан астам құқық бұзушылық фактісі тіркелген. Оның ішінде қоғамдық орындарды ластау бойынша 3189 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар қалалар мен елді мекендерді абаттандыру ережелерін бұзу деректері бойынша 2965 әкімшілік хаттама толтырылды. Экологиялық талаптарды өрескел бұзу деректері де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, заңсыз қоқыс тасымалдаған 70 жүк көлігіне қатысты тиісті шаралар қабылданды. Сондай-ақ белгіленбеген орындарға лас су төккені үшін 96 вакуум көлігінің жүргізушісі анықталып, оларға қатысты заң талаптарына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Осы орайда полиция қызметкерлері тұрғындарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға, тазалық сақтау талаптарын қатаң орындауға және құқық бұзушылыққа жол бермеуге шақырады.