Бас бостандығынан шартты түрде айырылған азаматтар ауданда уақытылы бақылауға алынып тұрады. Өйткені қылмыс жасаса да, заң бір рет «маңдайынан сипап» жіберген жандардың қайтадан құқық бұзушылыққа баруы әбден мүмкін. Сондықтан ауданда ақпанның 10-ы мен 23-і аралығында «Есепте тұрған тұлға» атты профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Онда аты айтып тұрғандай, аудандық пробация кызметі бөлімінің есебінде тұрған сотталған азаматтар қатаң қадағалауға алынады. Яғни, нақты мекен-жайлары бойынша тексеру жүргізіледі. Бұл жөнінде хабарлаған аудандық пробация қызметі бөлімінің басшысы, әділет майоры Жарқынай Михайлова:
- Қазіргі таңда пробация есебінде 107 сотталған азамат тіркеуде тұр. Олардың барлығы да тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексеріліп тұрады. Әрине, оларды тек бақылап қана қоймаймыз. Шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтарға тиісті әлеуметтік көмек бағдарламасы да көрсетіледі. Атап айтқанда, медициналық және жұмыспен қамтуға жәрдем беріліп, жұмыс орнынан босатылған сотталғандарға бір жолғы ақшалай көмек беріледі. Аталған шаралар қоғамда болып жатқан түрлі қылмыстың санын азайтып, алдын алуда оң нәтиже беретініне сенім мол,-дейді.
Жедел іс-шара барысында тиісті мекен-жайында болмаған сотталушыға шақырту беріліп, жаза өтеу тәртібін бұзғаны үшін шара қолданылады. Дәлірек айтсақ, бірінші ретте ескерту беріліп, қайталанса бас бостандығынан айыруға ұсыным жасалады. Ал тәртіпті қайта-қайта өрескел бұзған азаматтардың жаза өтеу тәртібі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады. Ендеше, «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, шартты сақтап, түзелу жолына түскенге не жетсін?!
Е.АЛТАЙҰЛЫ