Бүгінде әкеге бағынбай, абыройды аяққа таптаған ұлдар мен анаға бойұсынбай, ұятты ұмытқан қыздардың қатары азаяр емес. Сол секілді баладан безіп, «бауыр етінен» қашқан әкелер мен өзгенің Құдайдан алақан жайып сұрайтын перзентіне мейірімін төге алмай, өз шаңырағындағы шаттықты сезінуіне мүмкіндік бермейтін шешесымақтардың да қарасы баршылық. Біз көрген жаға ұстатар жайттар жетерлік, естімей жүргеніміз қаншама? Жуырда аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында осы тектес мәселелер қаралып, бірнеше жасөспірімнің алдағы өмірі мен тағдыры талқыға түсті. Бірінің оқиғасына ашуың келсе, бірінің басынан кешірген қиын жағдайынан еріксіз көзге жас үйіріледі.
Қызға қырық үйден тыйым керек
Ісі комиссия мүшелерінің алдына дейін жетіп, анасымен бірге келген 8-сынып оқушысы – жиында алғашқылардың бірі болып мәселесі қаралған бала. Түс ауа үйінен шығып кетіп, түнгі сағат 1-лер шамасында полиция қызметкерлерінің іздестіруімен табылған қаршадай қыз бұл уақыт аралығында 2007 жылғы жасөспіріммен уақыт өткізіп, ата-анасымен байланысын үзген. Оқиға былай болған. Аудандық полиция бөлімінің 102 арнасына бір ана хабарласып, жоғалып кеткен қызын тауып беруін өтініп көмек сұрайды. Тексеру барысында 14 жасар мектеп оқушысының өзінен үш жас үлкен жігітпен кездесуге шығып, түн жарымына дейін көшеде жүргені анықталған. Және олар жалғыз болмаған. Кездесуге шақырған досының көлігіне мініп, «такси» болуды ұйғарған үшеу Құлсары ішін әбден араласа керек. Өзі танымайтын бөтен біреулермен емін-еркін әңгіме дүкен құрып, жанұшыра іздеген анасы мен бір топ мұғалімге де хабарын бермеген қыздың ісі осылайша күрделеніп шыға келген. Кейіннен полиция қызметкерлері қызды ата-анасына табыстап, қыз бен жігіттің отбасы ортақ шешімге келіп, істі жылы жабуға тырысады. Десе де, аудандық полиция бөлімі бойжеткеннің анасына оны медициналық тексерістен өткізуін тапсырған. Бірақ арада қанша уақыт өтсе де, әлі күнге дейін тексерілуге бармаған қыздың анасының айтуынша, оны емханаға апаратын мүмкіндік болмаған-мыс. Әрі кетсе 10 минут уақыт алатын тексерістен қашып, қыздың денсаулығына алаңдамаған ананың тірлігіне қарындары ашқан отырыс мүшелері бастарын шайқамасқа амалы қалмады. Алғашында «жігіттің жасы 23-те, тұрақты жұмысы бар» деп, одан қалса «баскетбол үйірмесіндегі ағайым» деп қырық түрлі өтірікті құраған «бойжеткеннің» жасырған жігітін жиналысқа қатысушылар 5 минутқа жетер-жетпес уақытта анықтап, тіпті қызға суретін де көрсетіп үлгерді. Қанша жалған сөйлесе де, қашып құтылмасын білген оқушы қыздың бұл ісі енді сол жігітті тауып, оқиға болған күнді қайта зерттеумен жалғасатын болды. Және бұл жолы анасы қызын тексерістен өткізуге нақты уәдесін берді.
Жүгенсіз жасөспірім
«Әкем-ау» деп оның тәртібіне бағынбай, «шешем-ау» деп оның сөзіне құлақ аспай түнімен көше кезетін, тіпті «әкемнен зәбір көремін» деп әкесінің үстінен шағымданып, полиция қызметкерлерін шақыратын бала да болады екен-ау... Желтоқсан айының 12-жұлдызында кешкі сағат 19:30-да үйінен шығып, түн ортасына дейін көше торауылдаған 2007 жылғы бұл жасөспірімді де әкесі іздеп, аудандық полиция бөліміне хабарласса керек. Анықтау барысында полиция қызметкерлері баланың сол күні сабаққа бармай, кешке жалғыз өзі үйден шығып, қаланың 1-учаскесін аралап жүргенін растаған. Кейін ұялы телефон іздеген ол екінші бір досының үйіне барып, түнгі сағат 12-де анасына қоңырау шалып, сәлден кейін үйіне қарай жаяу тартқан. Сағат тіліне қарамай, әке-шешесін алаңдатып, «көше баласына» айналған оқушының бұл алғашқы серуені емес-ті. Бұған дейін түнгі сағат 11-ден таңғы сағат 6-ға дейін көше кезіп, ата-анасының қарауынсыз үйінен жырақ жерде жалғыз жүргені үшін әкімшілік хаттамаға іліккен ол, енді бірде жүргізушілік куәлігінсіз «Макси» маркалы мопедті тізгіндегені үшін де полиция қызметкерлеріне ұсталған. Әрине, 18 жасқа жетпеген жасөспірімге әлбетте ата-анасы жауап береді. Сондықтан оларға да кәмелетке толмаған баласының қауіпсіздігі мен тәртібімен тиісті дәрежеде айналыспағаны үшін айыппұл салынып, іс облыстық сотқа дейін жеткен-ді. Және бұл соңы да емес. Бейнеу ауданы теміржол вокзалы станциясында темекі қалдығын жерге тастағаны үшін де ұсталған бұл оқушы аудандық полиция бөлімінің профилактикалық есебіне бір жылдың ішінде бірнеше рет тіркелген. «Бала берсең, сана бер» дегендей, тәртіпке салған әкеге де бой алдырмай, анасының да көңілін әбден қалдырған баланың ісіне комиссия мүшелері ұзақ ойланып қалды. Оған себеп тентек ұлына тағы бір мүмкіндік сұраған ананың көз жасы еді. Алайда кешірімнен өзгеріп жатқан жас өскінді көрмеген олар бірауыздан баланы 3 ай мерзімге Атырау облысы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастыруды шешті. Ал аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Г.Айшуақова жанарына жас толған ананы «Балаңыз ата-ана қадірін мүмкін отбасы мен жылы ұясынан жырақта жүргенде ғана түсінетін болар, ол жақта да тамағын ішіп, білімін алады, алаңдамаңыз» деп жылы сөзбен жұбатып шығарып салды.
Бөлініп бөрідей талады
Күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналған тағы бір іс Қаратон кенті жастарының «Сарықамыс» және «Қаратон» ауылы болып екіге бөлініп, төбелесуі еді. «Қызды жоқшылық, ұлды тоқшылық бұзады» дегендей, бұл – барып тұрған «тамағы тоқ, көйлегі көк», айналысарға ісі жоқ жасөспірімдердің шуы. Оқиғаны тарқатайық. Аудандық полиция бөліміне хабарласқан 2009 жылғы оқушы өзін бір топ баланың ұрып-соққанын жеткізеді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алты бірдей жасөспірімнің көшеде өз жөнімен кетіп бара жатқан балаларға тиіскені анықталады. Сөйтсек, 2024 жылдың 15 желтоқсанында сағат 15:00-де әкесінің ұйықтап жатқанын пайдаланып, көлік басқарып көшеге шыққан 2009 жылғы жасөспірім өзінің досының үйіне барып, оны өзімен бірге ауылды аралауға шақырады. Екеулеп көлік қызықтауды аздық еткен олар кейін қалған төрт досын шақырып, барлығы бір темір тұлпарға тиеліп алады. Бастары қосылған жасөспірімдер тобы кенет көшеден өтіп бара жатқан бейтаныс 2 баланы көріп қалады. Осылайша өз жөнімен жүрген екі баланың алдына кілт тоқтаған көліктен төрт тентек түсіп, осы уақытқа дейін екіге бөлініп, сөзге келіспей жүрген ауыл жігіттерінің сөзін жалау қылып, төбелесті бірден бастап кеткен. Екі жасөспірімнің бірі оқиға орнынан қашып үлгерсе, екіншісі соққы алып, ауруханадан бір-ақ шыққан. Нәтижесінде 6 бұзақының 4-еуіне 2 ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, бір баланың отбасы аудандық полиция бөліміне «жайсыз жанұя» ретінде есепке алынады. Ал оқиғаны бастаған, яғни үйінен рұқсатсыз көлік жүргізіп шыққан оқушының ата-анасына айыппұл салынды. Айтуынша, ұлдары алғаш рет көлік тізгіндеп тұр екен. Бұған дейін көлік жүргізуді тек телефоннан үйренген екен-мыс. Осы тұста ол ауылда балаларға айналысатын қосымша іс жоқ екендігін де тілге тиек етіп, «төбелеспегенде не істейді?» деп ашынғанын жеткізді. Жиын соңында комиссия төрағасы Жаңа Қаратон кенті мектебінің мұғалімдеріне құқық бұзушылық жасаған балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі шараларға тартуды тапсырды.
Ерте есейген ұлдар
Өз үйіне қона алмай, немере бауырларының екі бөлмелі үйінде күн кешіп жүрген 4 бірдей бауырдың тағдыры еріксіз көзге жас үйіреді. Туған анадан айырылып, әкелерінің алған екінші әйелінен әбден зәбір көрген ұлдардың алды 9-сыныптың оқушысы, ал кішісінің жасы биыл 7-ге толады. Олардың айтуынша, В. есімді әйелмен тұру мүмкін емес. Әкесімен қосылып ішімдікке салынған екеудің іс-әрекеті балаларды екі есе есейтіп, балалығынан айырған. Бүгінде олар үлкен әкелері, яғни әкесінің ағасынан туған туысқанының қолында тұрып жатырған көрінеді. Қ. есімді азаматтың алғашқы жары, төрт ұлдың анасы жол-көлік оқиғасынан қайтыс болады. Тура бір жылдан кейін азамат В. есімді әйелмен екінші рет аудандық АХАЖ бөлімімен заңды некеге отырады. Бірақ сол уақыттан бастап ол араққа салынады. Бірнеше рет алкоголді шектен тыс тұтыну дерегімен полиция есебіне тіркелген отбасы шаңырақтың берекесін кетірген. Комиссия отырысына келген 4 ұлдың үлкені жиынға қатысушыларға ағынан жарылып, үйде жиі жанжал болатынын, соның салдарынан өгей шешесінің бәрін бұрышқа тұрғызып қоятындығын жеткізді. Олар немере ағасымен бірге болғанды қалайды. Және ересек өмірге ерте араласып кеткендіктен ешкімге ауыртпашылық салмай бір-бірінің киімін жуып, тамақтарын да өздері пісіретінге ұқсайды. Мұғалімдерінің айтуынша, балалар өте ұқыпты, сабаққа үлгерімі жақсы, қашан да тиянақты жүреді. Ұлдардың үлкені мен кішісі таңертеңгі мезгілде, қалғаны түскі мезгілде оқитындықтан мектепке барып-келуі де тұрып жатқан үйіне қиындық туғызбайды екен. Немере ағаларының екі баласы бар. Жалпы 6 баланың бабын тауып, олардың ешкімнен кем болмауы үшін қолынан келгенін жасап жүрген оған комиссия мүшелері алғыс білдіріп, алдағы уақытта інілерін өзінің қамқорлығына алып, асырауына жазу жөнінде ұсыныс тастап, азаматтық көзқарасын сұрап білді. Мұны естіген ағалары бірден келісуге тосылып та қалды. Ол өз сөзінде: - Мен небәрі 29 жастамын. Жұмысымнан да күні кеше қысқартылып қалдым. Үйім де кішкентай, 2 бөлмелі. Ағамның 4 ұлы, әрине, тәртіпті болса да, оларды өз балам ретінде қабылдау үлкен жауапкершілік. Бірақ әкесінің де түрін көрдіңіздер. Оларды реттеледі деп айта алмаймын. Келіншегіммен ақылдасайын. Бұл бірден өзім жеке қабылдайтын шешім емес,-деді тосылып.
Ал комиссия төрағасы Г.Айшуақова жас жігітке балаларды өз жауапкершілігіне алатын болса, онда жұмыс мәселесін де шешіп беретіндігін жеткізіп, жарымен ақылдасып, тиісті жауабын күтетінін жеткізді. Егер ұсынысты қабылдамаса, онда төрт ұл балалар үйіне өтіп кетуі әбден мүмкін.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ