Тәртіп сақшысы – қоғам қалқаны

Тәртіп сақшысы – қоғам қалқаны
Фото: ашық дерек көзінен алынды

Басқаны қайдам, өз басым полиция бөліміндегі қызметке аудандық «Кең Жылой» газеті бетінде жарияланған мақаланы көріп келдім. Онда жас жігіттер мен қыздарды ауданның ішкі істер органына жұмысқа қабылдап жатқаны жөнінде хабарланған екен. Түйіндемем барлық талапқа сай болған соң, көп ұзамай қызметке орналастым. Бүгін, міне, осы салада біраз тәжірибе жинақтап, басшылық тарапынан көп жылғы еңбегім ескеріліп, қызметтік дәрежем де соған сай өсті. Сондықтан осы мақаламды оқып отырған өзімнен кейінгі іні-қарындастарыма да біздің ізімізді жалғап, полиция бөліміне қызметке келуге кеңес беремін.

Тезірек баспаналы болғың келсе...

Біздер алғаш қызметке орналасқан кездегідей емес, қазіргі таңда полиция қызметкері боламын деген жасқа көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Мемлекет бұл бағытта арнайы бағдарламалар жасақтап, жас маманның осы салада алаңсыз еңбек етуі үшін барлық жағдайды жасап отыр. Ал қазіргі жастардың, соның ішінде жас жанұялардың негізгі «бас ауруы» ол - баспана. Бізде көбіне көп бұл мәселені мемлекеттің ипотекалық бағдарламалары арқылы шешіп жататыны жасырын емес. Ал полиция органына қызметке орналасқан қыз-жігіттерде ол жағынан проблема жоқ. Қалай дейсіз ғой? Ендеше, әрмен қарай оқыңыз!

Мемлекет полиция органына жұмысқа орналасқан жас маманның отбасының әрбір мүшесі үшін «Отбасы банкіден» есеп-шот аштырып қояды. Және әрқайсысына 45 мың теңгеден ақша аударып тұратын болады. Мәселен, полиция қызметкерінің жанұясында бес адам тұрса, онда ай сайын олар үшін 225 мың теңге түсіп, депозит ретінде жинала бермек. Бұл - жас полиция қызметкерінің жалақыдан бөлек қаралатын қаржысы.

Әрмен қарай, баспаналы болу оңай. Жиналған ақша қомақты қаражатқа айналғаннан кейін мемлекеттік бағдарлама бойынша еш кедергісіз қалаған пәтерін ресімдеп ала алады. Ал оған дейін не істемек? Мемлекет бұл жағын да қарастарып қойған! Полиция қызметкері өзге сала мамандары секілді пәтер жалдап, «жетім бұрыш» жағалап жүрмес үшін арнайы қызметтік пәтермен қамтып, толық жағдайын жасайды. Бұ,л сөз жоқ, біздің мемлекеттің еліміздегі полиция органында күні-түні уақытпен санаспай еңбек етіп, тұрғындардың тыныштығын қас қақпай күзетіп жүрген қызметкерлерге деген шынайы қамқорлықтың белгісі. Ендеше, аудан жастары тезірек баспаналы болғысы келсе, ішкі істер саласына қызметке тұрып, мемлекеттің қолдауын жете сезінгені жөн.

Бейнеті бардың зейнеті де бар

Полицияда еңбек еткеннің тағы бір ерекшелігі бар. Қызметкердің жұмыс жасаған әрбір жылы еңбек өтіліне бір жыл жарым болып қосылып тұрады. Мәселен, тәртіп сақшысы ретінде екі жыл қызмет атқарған азаматтың еңбек кітапшасына ол үш жыл деп енгізіледі. Бұл өзге сала мамандарына қарағанда полиция қызметкерінің ертерек зейнеткерлікке қалуына мүмкіндік береді. Сөйтіп көп жылғы еңбегінің зейнетін тез көруіне жол ашылады.

Әрине, мұндай қатаң тәртіпке негізделген қызметке қабылдануы үшін болашақ полицейдің, ең алдымен, денсаулығы мықты болуы шарт. Содан кейінгі талап: жасы 18-ге толған 35-ке дейінгі орта, арнаулы орта және жоғары білімді жастар қабылданады. Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, қатардағы және сержанттық құрамға Отан алдындағы әскери міндетін өтеген жігіттер тест тапсырмай-ақ жұмысқа алынады. Жалақысы бастапқы әзірде 150 мың теңгеден жоғары болады. Бірте-бірте басшылық құрамға тағайындалғаннан кейін 200 мың теңгеден асатыны анық.

Полиция қызметкері тегін медициналық көмекпен, қызметтік пәтермен немесе тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақымен қамтылып, жыл сайын 45 күндік еңбек демалысына шыға алады. Аудандық полиция бөлімінің Теңіз кенішіндегі бөлімшесінде қызмет атқаратын тәртіп сақшысына 21 күндік жұмыстан кейін, 7 күнге созылған ауысымдық демалыс беріледі. Ал жұмыс орнында тегін жатақхана және тамақпен қамтылады.

Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінде 60-қа тарта орын бос тұр. Оның 52-сі – офицерлік, 8-і – сержанттық құрам. Ендеше, өзімнің, сол арқылы отбасымның әлеуметтік мәселесін толыққанды шешемін, өз балаларымның, өскелең ұрпақтың тыныштығын күзетіп, елімнің ынтымақ бірлігін арттыруға атсалысамын деген әрбір жас тәртіп сақшысы болуға асыққаны абзал.

Жеңіс Садыхов,

аудандық полиция бөлімінің тәрбие және кадр жұмысы бөлімшесінің бастығы,

полиция майоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT