Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл

Соңғы жылдары елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты орын алатын құқық бұзушылықтар мен зорлық-зомбылық фактілері күшейіп отыр. Осыған байланысты ауданда құқық қорғау органдары бұл істің алдын алу шараларын күшейтіп, нақты іс-қимылдарға көшті. Оған жуырда ғана жедел профилактикалық іс-шаралар және арнайы операциялар өткізудің кестесіне сәйкес ұйымдастырылған «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасының өткізілгені дәлел.

 Өткізілген шараның негізгі мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу. Міне, осыған байланысты жергілікті полиция қызметкерлері «қорғау нұсқамасы» мен «ерекше талаптар» белгіленген, сондай-ақ «маскүнем», «нашақор» және «қолайсыз отбасы» санаттары бойынша есепте тұрған азаматтарды тұрғылықты мекен-жайлары бойынша тексеру жұмыстарын жүргізді. Бұл қауіптің алдын алу, қайғылы жағдайларға жол бермеу бағытындағы маңызды қадамдардың бірі еді. Іс-шара бұдан бөлек аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкерлерінің денсаулық сақтау органдарымен бірлесуі арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегіп, медициналық мекемелерге жүгінген азаматтарды анықтау бойынша жүйелі жұмыстармен жалғасты. Мұндай өзара іс-қимылдар жәбірленушілерді дер кезінде қорғауға алып, олардың құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл туралы аудандық полиция басқармасы, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі тобының аға инспекторы Ырысты Мұханова:

- Әлеуметтік қолдау да назарымыздан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанынан ашылған «Отбасын қолдау кабинеті» қызметкерлері, кәсіби психолог мамандар және аудандық полиция басқармасының отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының қызметкері бірлесе отырып, отбасындағы жанжалдар мен даулы мәселелерге байланысты құқықтық және психологиялық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл зорлық-зомбылықтың салдарымен емес, себебімен күресудің тиімді жолы деп нақты айта алар едім. Иә, тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы қашанда ауыр. Ол тек бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның дерті. Сондай-ақ бұл мәселе көбіне үнсіздік пен немқұрайлылықтан өршиді. Сондықтан мұндай профилактикалық іс-шаралар тек тексерумен шектелмей, адамдардың санасын өзгертуге, отбасы құндылығын нығайтуға бағытталуы тиіс. Әрбір азамат зорлыққа «отбасының ішкі мәселесі» деп қарамай, заң мен адамгершілік тұрғысынан баға беруді үйренуі қажет,-дейді өз сөзінде. 

Айта кетейік, аудандық полиция басқармасы, Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобы отбасылық жанжалдарды болдырмауға байланысты профилактикалық жұмыстарды жиі жүргізіп, осыған байланысты деректерді күн сайын зерделеу үстінде. Бұл ретте «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасының қоғамға берер маңызы зор екенін естен шығармаған жөн. Өйткені зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – баршамыздың ортақ міндетіміз. 

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT