Ауданда кәмелетке толмағандардың тәртіпсіздігі жиілеп кетті. Бірінің қылығынан балалықты көрсек, бірінің әрекеті болашақта қылмыскер атандыра ма деген көңілге қорқыныш ұялатады. Ондай жасөспірімдердің тәртібімен ата-анасы айналыса алмаса, амал жоқ, полиция қызметкерлерінің шұғылдануына тура келері анық. Олар өз кезегінде мәселені аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия қарауына жолдайды. Жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кезекті комиссия отырысында осындай бетімен кеткен балалардың тағдыры талқыға түсті.
«Вешір» түбі кесір болды
Комиссия отырысында қаралған оқиғаның бірі биылғы жаңа жыл қарсаңында орын алды. Аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің сотқа дейінгі тергеп-тексеруі кезінде бір мектептің 10-сынып оқушыларының құқық бұзушылығы анықталған. Істі тарқатсақ, жаңа жылдық мерекені құрбы-құрдастар болып өзара тойлауды жөн көрген бір топ оқушы желтоқсанның 29-жұлдызында сыныптас қыздарының үйіне жиналады. Кешкі сағат 18:00-де думан басталады. Бұл уақытта бір мектеп қабырғасында оқитын өзге бір 10 сыныптық екі дос көшеде келе жатып әңгіме барысында бірге барып жақын маңдағы моншаға түсуге келіседі. Қас қылғанда, монша да жаңа жылдық «вечер» ұйымдастырып жатқан үйде болып шығады. Осылайша ойламаған жерден моншаға түскісі келген қос сыныптас өзі қатарлы жасөспірімдердің ойын-сауығының үстінен түседі. Үй сыртында жүрген таныс балалар мен екі достың арасында бірден түсініспеушілік пайда болады да, арты төбелеске ұласады. Соның кесірінен отырысқа келген бір оқушы баланың мұрыны сынады. Бұрынғының үлкендері «Вешір» түбі – кесір» деп бекер айтпаса керек, жасөспірімдердің жанжалы өзгелерге де кесірін тиігізіп, мәселеге құқық қорғау органы араласты. Ақыры оқиғаның мән-жайы аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері мен олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақоваға да жетті. Комиссия отырысына үйіне сыныптастарын жинап, дастархан жайған оқушы қыз бен төбелеске қатысы бар деген барлық ұл балалар және олардың ата-аналары түгел шақыртылды. Сондай-ақ жасөспірімдер білім алатын мектептің директоры, психологі, сынып жетекшісі де қатысты. Аудан әкімі орынбасары, комиссия төрағасы Гүлнафис Аязберікқызының «Не үшін балалар жаңа жылдық мерекені үйде тойлайды, беймезгіл уақытта бұлай жиналуға тыйым салып, алдын ала ескерттік емес пе?» деген сауалына жауап берген мұғалімдердің сөзінен оқушылардың мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымын тыңдамай, осылай жасырын «вечер» ұйымдастыратыны белгілі болды. Оған, негізінен, рұқсат берген ата-аналар кінәлі екені анық. Сондықтан комиссия мүшелерінің шешімімен ата-аналар тиісті жауапкершілікке тартылып, заң арқылы айыппұл төлейтін болды. Бұған жол берген мұғалімдер де жазасыз қалмады. Оларға қатаң ескерту берілді. «Суық қарумен» сес көрсетті Қаладағы бір мектепте білім алатын 5-ші сыныптың қос оқушысы ойнаймын деп жүріп, от басты. Әдеттегідей сабақ арасындағы қоңырау кезіндегі үзіліс уақытын пайдаланып, ойнауға шыққан екі ұл сөзге келіспей қалады. Сол сәтте олардың бірі шалбарының қалтасынан жиналмалы пышақ шығарып, екіншісін қорқытып сермеп қалады. Өзін қорғап үлгерген сыныптасы пышақ ұстап тұрған қарсыласының оң жақ бетінен жұдырықпен ұрып жіберген. Әрине, екі баланың бұл әрекеті сол жерде ұмытылып кетер ме еді. Бірақ 4-ші сабақ басталар уақытта қалтасына пышақ жасырған бала кенет талып қалады. Оны сол бойда мектеп мейірбикелері қарап, әлінше ем-дом жасайды. Олар мән-жайды екі оқушының арасында болған жайттан қорқып, шошынып қалу себебімен байланыстырады. Сондықтан баланы аудандық ауруханаға жеткізеді. Сол сәтте қалтасынан пышақ шығып, арты насырға шауып, іс тергеуге алынады. Полиция бөлімінің қызметкері оқиғаны анықтау барысында пышақ ұстаған баламен ашық сұхбат жүргізген. Ол барлық сұрақтарға жауап берсе керек. Оқушының сөзінше, ол пышақты сол күні сабаққа келе жатып қоқыс жәшігінің маңынан тауып алған және мектепке сату үшін әкелген екен. Ал сыныптастары мұны жоққа шығарды. Себебі ол оқиғаға дейін сыныптағы ұл-қыздарға жиналмалы пышақты көрсетіп, онлайн «Wildberries» интернет-дүкені арқылы алдырғанын айтыпты. Алайда анасы баласының үйде отырып, ғаламтор арқылы тапсырыс беруге жасы жетпейтіндігін, тіпті интернет-дүкендерден зат алып білмейтіндігін айтқан. Жиналмалы пышақты зерттей келе полиция қызметкерлері оны суық қару қатарына жатқызбаған. Оған біріншіден жиналмалы, екіншіден ұзын болмауы себеп. Пышақты комиссия мүшелері болып өз көзімізбен көрдік. Әжептәуір ауыр, сәйкесінше өткір. Сәл ағаттық кетсе, теріні тіліп кететіндей өткірлігі бар. Ал оның 10 жастағы мектеп оқушысының қалтасында жүруі тым қауіпті. Оның үстіне, жастайынан пышақпен қорқытуды білген бала, болашақта не істемек?! Істі қорытындылай келе, комиссия төрағасы қос баланың анасын жауапқа тартып, тіпті отбасын «жайсыз жанұя» ретінде есепке алуды ұсынды. Бұған дейін де «ойнап жүріп от басқан» балаларының әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған ата-аналар енді комиссия шешімімен «жайсыз жанұялар» қатарына қосылды. Беймезгіл уақытта «жоғалған бойжеткен» Ақпан айының кешкі уақытында полиция бөліміне хабарласқан 8-учаске тұрғыны, жалғызбасты ана өз қызының белгісіз бағытқа шығып кетіп, үйге қайта оралмағанын жеткізген. Іс бірден назарға алынып, полицейлердің жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жасөспірім аман-сау табылды. Алайда тәртіп сақшылары беймезгіл уақытта көшеде жүрген жасөспірім қыздың мәселесін жылы жауып қоя алмады. Сөйтсек, оқиға былай өрбіген. Кешкі сағат 21:00 шамасында 13 жасар қыз бала анасынан сұранып, жақын маңда тұратын нағашы ата-әжесінің үйінде қалып қойған оқу құралдарын алып келу үшін көшеге шығып кеткен. Арада бірнеше минут өткеннен кейін анасы әжесіне қоңырау шалып, қызының жеткен-жетпегенін тексергенде әлі келмегенін естиді. Жалма-жан қоңырау шалғанда телефоны айырылып тұрады. Қызы үшін қатты қорыққан анаға бірден «жоғалып кетті» деп жаман ой келеді. Сөйтіп бірден 102 арнасына хабарласып, полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды. Кейін анықталғанындай, нағашысының үйіне бара жатқан жасөспірім бұл уақыт аралығында жолшыбай өзіне таныс ер баланы кездестіріп қалады да, онымен әңгіме айтып көшеде жүріп қалады. Ал «Ұялы телефоның қайда?» деген сауалға «Өшіп қалды» деп жауап берген. Қыздың әкесі басқа жақтың тумасы екен. Ата-анасы қыз дүниеге келместен бұрын ажырасқан. Содан бері әке мен қыз кездеспеген. Тек ара-тұра телефон арқылы хат-хабар алысып тұрады. Комиссия отырысына келген қыз бірден жылап жіберді. «Жылама, біз сенің құқығыңды қорғайын деп отырмыз» деген комиссия мүшелерінің жұбатуына қарамастан көз жасын тия алмаған оны амалсыздан жиыннан шығарып жіберуге тура келді. Анасының сөзінше, қызы «Маған әкемнің мейірімі жетіспейді, әкемді көрсем ғой» деп жиі айтады екен. Алайда ол екеуінің жақын араласып, бір-бірімен жүздесуіне қарсы екендігін жасырмады. Оған бұрынғы күйеуінің темір тордың ар жағында жазасын өтеп келгендігі себеп. Ал оқушының ұстаздары: «Бұл қыз қит етсе жылауға шебер, барлық мәселені осылай көз жасыммен жеңіп құтыламын деп ойлап, эмоциясын бірден көрсетеді. Және былай шыға бере бірден тыйыла қалып, ары қарай күліп-ойнап кетеді» - дейді мектеп қабырғасындағы іс-әрекеттеріне шолу жасап. Қыздың анасы да көз жасына ерік бергенімен, іс жылы жабылмады. Жалғызбасты ананы комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақова «жайсыз жанұя» ретінде есепке алуды, қызын мектепішілік қадағалауға алуды тапсырды. Расында, кәмелет жасына толмаған қыз баланың жалғыз өзі түннің бір уақытына дейін көше кезіп жүруі жақсылықтың нышаны емес. Анасына сол үшін де шара қолданылғаны анық. Ойынның арты отаға ұласты Қатар жүрген 14 жасар қос құрбы ойнаймыз деп опық жеді. Бірі аудандық полиция бөлімінің есебіне алынды. Екі жақтың ата-аналары өзара келісімге келгенімен оқиға ойлағандай жылы жабыла қоймады. Өйткені тергеп-тексеру нәтижесінде қыздардың бірі жарақаттанып, жүре де алмай қалғаны анықталды. Оқиға былай болған. Қоңырау уақытында бой сергіткісі келген екі сыныптас ойнап жүріп, абайсызда бірінің аяғын бірі шалып қалады. Қатер аяқ астында. Сәл ғана сүрініп кеткен досы жерге тізерлеп отыра кеткенде бір жақ тізесі жарақат алып, ауруханадан бір шыққан. Істің қасақана жасалмағаны белгілі. Бірақ оқушы зақым алғандықтан, оқиғаға полиция қызметкерлері араласып, тексеру жұмыстары жүргізілген. Бұл мәселе де комиссия отырысында қаралады. Жиынға қос қыздың анасы келді. Жарақат алған оқушының анасы қызына «Гемартороз» диагнозы қойылғанын жеткізді. Және өз сөзінде «Қызым жүре алмай қалды. Сол үшін кезек күтпейік деп барлық тексерістен ақылы өтіп жатырмыз. Мен қаржылай қолдауға мұқтаж емеспін. Қызым аяққа тұрып кетсе болды. Ертең ота жасалады» деп комиссия мүшелеріне асығып тұрғандығын және бүгін қызын алып Астана қаласына ұшатындығын айтып, жолға жүріп кетті. Ал оңаша қалған екінші қыздың анасы жанұядан кешірім сұрағанын, оның жарақат алғаннан кейін ем алуына және дәрігерге қатынауы үшін көлікпен қамтамасыз еткенін жылап тұрып жеткізді. «Бұл абайсызда болған нәрсе ғой. Сонда да қызымның дымын қоймадым. Болған жайттан қорқып қалған ол да 2 күн төсектен тұрмады, тамақ ішпей қалды. Біз қаншама рет кешірім сұрап келеміз, әлі де сұраймыз. Бірақ мен басқа қалада өтетін оталарына ақшалай көмектесуге қауқарсызбын. Әйтпесе ол да менің бір қызым. Оның үстіне көршіміз ғой», - дейді көңілі босап. Ананың зақым алған қыздың жағдайына алаңдап, қолынан келген көмегін жасағаны көрініп-ақ тұрды. Нәтижесінде құрбысын абайсызда шалып құлатқан қыздың ата-анасы «жайсыз жанұя» есебіне алынбады. Бірақ жасөспірімнің анасына осы тектес қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарды қайталамау мақсатында хаттама жасақталып, айыппұл салынды.
Мектеп ауыстыруды «модаға» айналдырған оқушы
Комиссия мүшелерінің алдына 10 сынып оқушысы мен оның анасы келді. Себебі мұнда сабақтан көп қалып, бір мектептен бір мектепке ауысып, тұрақтай алмай жүрген қыздың тағдыры сарапқа салынды. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сынып жетекшісінен бөлек, полиция қызметкерлерін де шаршатқан қыз бен анасына тиісті шара қолдануға тура келді. Келген бойда жиналыс өтіп жатқан залды басына көтеріп, айқайға басқан ана жиналғандарды бір дүрліктіріп алды. «Не үшін шақырасыңдар бізді, сабаққа бармаса өзі біледі, мен қалай күштеймін енді» деп бар дауысы шығып бірден ұрысқа көшкен оны жиналғандар әрең тоқтатты. «Істің мән-жайын анықтайық, қызыңыздың құқығын бәріміз де қорғаймыз, ашуға булықпаңыз» деген аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Гүлнафис Аязберікқызының да сөзін құлаққа ілмеген ол эмоцияға беріліп, полиция қызметкеріне де шабуылдауға шақ қалды. Ал баласын қорғау мақсатында барлығын ұрыспен шешемін деген ананың бұл іс-әрекетіне тырқ-тырқ күлген қызының әрекеті комиссия мүшелерінің одан әрі ызасына тиді. Шамасы олар бұл отырыстың маңыздылығын білмесе керек-ті. Оқушы мұғалімінің сөзінше қыз белгісіз себеппен сабақтан жиі қалады екен. Аптаның бір күні сабаққа келсе, бір күні өз қалауымен қалып қояды. Бірде «ұйықтап қалдым» деген сылтау айтса, бірінде «ауырып қалдым» деген бітпейтін қырық өтірігін құрастырады екен. Анасы да қызының сөзін сөйлеп, мектеп мұғалімдері үйіне іздеп барса, үйге келе бермеуін сұрап, қуып шығатынға ұқсайды. Бұл жөнінде полиция қызметкері «Бұл қызды әбден танып алдық. Әкесі вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Анасы көп балалы, үй шаруасында. Қыздың тәртібі орташа. Білім алуға аса құмар емес. Ешкімді тыңдамайтын да сияқты» - дейді қолына жинақталған құжаттарына қарап. Ал сабақтан неліктен жиі қалып, бір мектептен екінші мектепке не себепті ауыса беретіндігін сұраған комиссия мүшелеріне қыз: «Маған өзімнің алғашқы білім алған мектебім ұнайтын еді. Мен сол жерге қайта барғым келеді. Енді неге ауыстырмайсыздар? Маған қазіргі сыныптастарым ұнамайды, бір-бірімізді түсінбейміз. Сол үшін сабаққа барғым келмейді» - деп жауап берді. Бұл оның үшінші мәрте ауысып, оқып жатқан мектебі екен. Одан бөлек колледжден де шығып үлгеріпті.
Жиын соңында 10-сынып оқушысына тағы бір мүмкіндік беруді шешкен комиссия мүшелері оны өзі қалаған мектебіне ауыстыруға шешім қабылдады. Алайда комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақова: «Келесіде тағы да басқа мектепке ауысамын десе, онда іс басқаша болады. Алайда қыздың жанұясын «Жайсыз жанұя» есебіне алыңыздар» деп тапсырды полиция қызметкерлеріне қарап. Қыздың өзі де полиция бөлімінің қатаң қадағалауына алынатын болды.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ