Елімізде үш билік тармағы бар болса, соның бірі – құқық қорғау саласы. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегендей, көшедегі тәртіп сақшысының шақырған заңды талабына бағыну - кез келген азаматтың міндеті.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде де «Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау» деп аталатын 667-бап бар. Ал мұны бұзған адамға тиісті жауапкершілік қаралған. Соны біле тұра кейбір тұрғындардың полицияның талабына бағынбайтынын қайтерсің!
Жақында қаланың ішінде түн тыныштығын күзетіп жүрген полиция бөлімінің қызметкерлері түнгі сағат бір жарымдар шамасында көшеде беймезгіл жүрген бір кісіні тоқтатты. Орда бұзар отыздан асқан азаматтың көпқабатты үйлер арасында жалғыз жүргені құқық қорғаушылардың секемін туғызғаны рас. Сондықтан жеке басын тексермекші болады. Алайда ақыл тоқтатар жасқа жеткен жігіт, неге екені белгісіз, заңды талапқа бағынбай, қарсылық көрсетеді. Амалы құрыған тәртіп сақшылары «тентек тұрғынды» тезге салуына тура келеді. Бөлімге барып, хаттама толтырып, үстінен әкімшілік іс қозғауға мәжбүр болды.
Атап айтқанда, жоғарыдағы 667-баптың «Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының өз қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты заңды өкіміне немесе талабына бағынбау, сол сияқты олардың заңды қызметіне кедергі келтіру» деп аталатын 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Онда «отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулiкке дейiнгі мерзімге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келетін» жаза қарастырылғанды.
Мәселе сотқа жеткенде құқық бұзушы «бетегеден биік, жусаннан аласа» бола қалды. Өз ісіне өкініп, кешірім сұрады. Бірақ заңның аты заң. Әрекеті толықтай дәлелденген ол жоғарыдағы баппен кінәлі деп танылып, аудандық соттың қаулысымен екі тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Ж.ТӨКЕШОВА,
аудандық соттың бас маманы