Төтенше жағдай режимін бұзғандар заң алдында жауап берді

Мiндеттi санитариялық-эпидемияға қарсы iс-шараларды өткiзу бөлігін орындамағаны үшін жауапкершілік көзделген

Ауданның бас санитарлық дәрігері Т.Хабибуллиннің қаулысымен сәуір айының 10-нан бастап аудан аумағында кешкі сағат 21.00-ден таңғы сағат 6.00-ге дейін тұрғындардың жаяу да, автокөлікпен де қала мен елді мекендер аралығында, көшелерде жүріп-тұруына шектеу қойылғаны белгілі. Бұл дүниежүзін дүрліктірген тәж тажалының таралуына аудан аумағында жол бермеу мақсатында жасалып жатқан сақтық шараларының бірі екені сөзсіз.

Алайда қала мен ауыл жұртшылығы арасында шектеуді ескермей шектен шығып, көше кезіп жүретін азаматтар аз кездеспей тұр. Сондықтан тәртіп сақшылары олардың үстінен әкімшілік іс қозғап, тиісті шара қолдануға мәжбүр болуда. Таяуда аудандық сотта қаралған әкімшілік іс – дәл соның айғағы.

Көлігімен көше кезіп жүрген құқық бұзушының бірін полиция қызметкерлері Қосшағыл ауылынының ішінен ұстады. Шектеу мерзімі мамырға дейін ұзартылған сәуірдің 15-і күні түнгі сағат 23.30 минуттар шамасында ауыл ішімен жүйткіп бара жатқан темір тұлпарды тоқтатып тексергенде рөлде отырған жүргізушінің қырықтың қырқасынан асып кеткен ер-азамат екенін анықтады. Өзі өзге елді мекенде тұрады екен. Ол су құбырын жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтай алмай, сол себепті кеш қалып қойғанын айтып ақталды. Алайда елде төтенше жағдай енгізілген уақытта ондай сылтауды заң көтере алмайтыны анық.

Сондықтан тәртіп сақшылары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабының 6) тармағында көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін іс қозғап, сотқа жолдады. Сот оны жоғарыдағы баппен кінәлі деп таныды. Өйткені онда төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттiк орган белгiлеген режимдi бұзып, тиісті талаптарды, заңды бұйрықтары мен өкімдерін, карантин және басқа да мiндеттi санитариялық-эпидемияға қарсы iс-шараларды өткiзу бөлігін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Оның үстіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының барлық аумағында төтенше жағдай енгізгені белгілі.

Аудандық бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2020 жылғы 9 сәуірдегі Жылыой ауданы тұрғындарына қала және ауылдық округтер арасында, тұрғылықты жерінде сағат 21.00-06.00 аралығында жүруге тыйым салуы туралы №2 қаулысы да соған байланысты қабылданғаны белгілі. Сондықтан ол ӘҚБтК-нің «Төтенше жағдай режимін бұзу» деп аталатын 476-баптың 6-тармағымен жауапқа тартылды.

Мұндай жағдайда ешқандайда ақталу заң алдындағы жауапкершіліктен құтқармаса керек. Құқық бұзушы сот процесіне «True ConF» мобильді байланыс арқылы қатысты. Істі қараған аудандық соттың судьясы А.Асалов аталған азаматты жоғарыдағы баппен кінәлі деп танып, 27 780 теңге көлемінде айыппұл салуға қаулы етті.

Ал Құлсары қаласының көшесінен ұсталған мына бір азамат арақ ішіп алған болып шықты. Ахаңның буы 45 жастағы жігіт ағасы жасына жетіп қалған сабазды үйінде тыныш жатқызбаса керек. Сөйтіп түнгі сағат 12-ге 15 минут қалғанда қаланың бір учаскесіндегі дүкеннің алдымен жаяулатып «жүйткіп» бара жатқан жерінен полиция қызметкерлерінің қырағы назарына ілікті.

Түн жамылған тұрғынның аузынан арақтың иісі мүңкіп тұрғанын көрген тәртіп сақшылары оны медициналық куәландыру орнына апарып, мастығын айғақтады. «Төтенше жағдай режимін бұзғаны» үшін үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабының 6-тармағымен іс қозғады. Аудандық соттың қаулысымен құқық бұзушы кінәлі деп танылып, бес тәулік мерзімге қамауға алынды.

Аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің басшысы, полиция майоры Смадияр Сыдықовтың берген мәліметіне сүйенсек, онда аудан аумағында шектеу енгізілген 10 күннің ішінде аудан аумағында 65 адам тәртіп бұзып, кешкі сағат 21.00-ден кейін көшеде, елді мекен аралығында жүргені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабының 6-тармағымен жауапқа тартылып, сот арқылы әкімшілік жазаға тартылды.

Арасында бұрынғыдай еркіндікке салынып, арақ ішкен мас күйінде автокөлік айдаған 3 жүргізуші де бар. Олар, сөз жоқ, жүргізушілік куәлігінен айрылғаны өз алдына, «Төтенше жағдай режимін бұзғаны» үшін де заң таразы тартылатыны анық.

Бауыржан Момышұлы мұндайда «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген екен. Ендеше батырдың сөзіне құлақ асып, еліміз үшін аса маңызды осындай алмағайып уақытта сабыр сақтап, ақылға келіп, шектеу тәртібін қатаң сақтағанымыз абзал-ау. Өйткені індет өршіп тұрған карантин енгізілген аймақтағы ағайындарға күндіз де көшеге шығу мұң болып жатыр емес пе?!

Ербол Қошақанов, арнаулы тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521