Түнде ұрланған қара сиыр

Бірақ сотқа дейін екі жігіт медиатордың көмегіне жүгініп үлгерді.

Былтырғы қараша айының қара суық түнінде ұрлыққа аттанғанда олар 23 жастағы тепсе, темір үзер жас жігіттер еді. Екеуінің ел қатарлы жасап жүрген жұмысы да бар. Біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп жатқан жайы бар-ды. Бірақ соған қарамастан, біреудің ауласында ұстап, бағып отырған ақ адал малын ұрлады.

Сол түні олар жұрт ұйқыға бас қоятын сағат 23.00-дер шамасында көптен көздеп жүрген бір қала тұрғынының қорасына бет алды. Ауласына жасырын еніп, қорада қамаулы тұрған қара сиырды жетектеп кете барды. Ал ертесіне ірі қарасының орнын сипалап қалған үй иесі түнде ауласына ұрылар түскенін білді де, дереу полиция бөліміне хабарлады.

Оқиға орнына шұғыл жеткен жедел топ ұрының алыстан келмегенін білді. Сөйтіп көп ұзамай қою қараңғылықта қораға түскен қос ұрыны ізін суытпай ұстады. Қылмыскерлер қара сиырды кәдесіне жаратып та үлгермеді. «Қайтқан малдың қайыры бар» дегендей, полиция қызметкерлері оны иесіне қайтарып берді. Ал қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған екі айыпкердің кінәсі мойнына қойылып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Сот сотталушылардың қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекеттерін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігінің 1,3)-тармағымен дұрыс сараланған деп тапты. Өйткені олар, заң тілімен айтқанда,«бөтеннің мүлкін қоймаға заңсыз кіріп жасырын жымқырған». Ал бұл ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады.

Бірақ сотқа дейін екі жігіт медиатордың көмегіне жүгініп үлгерді. Мәселеге кәсіпқой медиатор араласып, екі жақты татуластырды. Себебі мұнда, ең бастысы, ұрланған мал иесіне қайтарылып, материалдық шығынның орны толтырылған еді. Мұндай жағдайда Қылмыстық кодекстің 68-бабы 1-бөлігінің талабына сәйкес, ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, онда қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Ал Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңының 26-бабы 1-бөлігіне жүгінсек, онда екі жақ медиация арқылы дауды реттеу туралы келісімге қол қойған жағдайда, мәселеге сол күннен бастап нүкте қойылады.

Аудандық соттың қаулысымен сотталушылар жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық құқық бұзушылық іс тоқтатылды. Бұл, әрине, екі жас жігітке берілген соңғы мүмкіндік екені рас. Екінші мәрте заң оларды маңдайынан сипамасы анық.

ken-zhyloi.kz 

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521