Түнде арақ сатқан дүкен

Дүкенге келген ол сол жерден өзі секілді ішімдік ішкен мас бойжеткенді жолықтырады...

Аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Серікқали Тасқалиевтің хабарлауынша, бұл оқиға мамыр айының орта шенінде орын алған екен. Ол уақытта елімізге Төтенше жағдай режимі енгізіліп, ауданда қауіпті індеттің алғашқы белгілері пайда бола бастаған мезгіл еді.

Сол күні кешкісін үйінің ауласында отырып, жеке өзі араққа сылқия тойып алған Р. есімді азамат мас болып ұйықтап қалады. Таңғы сағат 3-тер шамасында оянып кеткен ол көшеге шығып, «бас жазуға» бел буады.

Қаланың орталығында орналасқан аялдамадағы дүкенге келген ол сол жерден өзі секілді ішімдік ішкен мас бойжеткенді жолықтырады. Дүкеннің қасынан оларға таныс жігіт кездесе кетеді. Төтенше жағдай режиміне қарамастан, түнімен жасырынып сауда жасап тұрған дүкеннен екі шөлмек арақ пен 10 бөтелке сыра сатып алысады.

Қажеті табылған үшеу көрші учаскеде орналасқан иесіз ғимараттың қасына отыра қалып, «ащы суларын» сіміре бастайды. Арақ пен сыра ортая бастағанда екі жігіттің санасына арам ой келеді. Мастықтың буымен олар қасында отырған бойжеткенге зорлауға оқталады. Қыздың айқайлағанына қарамастан, екеулеп қорқытып, ақыры арам ойларын жүзеге асырады.

-Осылайша Р. және А. есімді екі азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 120-бабы, 2-бөлігінің 1 және 2-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған. Заң тілімен айтқанда: «зорлау, яғни адамдар тобы-ның алдын-ала сөз байласып, өлтіру қатерін төндірумен ұласқан, жәбірленушіге күш қолданып және жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып еркінен тыс жыныстық қатынас жасауы» болып табылады. Қазіргі таңда, қос қылмыскердің айыбы толықтай дәлелденіп, аудандық соттың қарауына жолданды. Егер сот кінәлі деп тапса, онда екеуі де 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін, - деді Серікқали Тасқалиев.

Осы жерде көкейде жауапсыз сауалдар туындайды. «Елімізде Төтенше жағдай енгізіліп, карантин режимі күшіне енгенде дүкендер неге түнімен сауда жасайды? Неліктен онда таңғы сағат 3-4-ке дейін арақ-шарап сатылады?», «Қазақтың намысты арулары» деп жүрген бойжеткен мас болып, түн жарымында жігіттердің жанында неғып жүр? Неге көшенің қуысындағы қараңғы жерде өзі дұрыс танымайтын жігіттермен арақ ішіп отырады? Бұл да болса, елімізде тал бесіктен берілер тәрбиенің мүлдем осалсып кеткендігін анық көрсетсе керек!

Е.Есенов

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521