Сот саласындағы реформа: халықтың сенімін нығайта түсті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. біртұтас ұлт. берекелі қоғам» атты жолдауында заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің негізі ретінде заң үстемдігі мен сапалы сот төрелігін атаған болатын. Расында, салада жүргізілген жаңа бастамалардың түпкі мақсаты – ол халықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайту. Ал, халық саладағы жаңашылдықтың сапасына көзі жеткен кезде ғана соттың ертеңіне сенеді, әділдіктің барына, төреліктің туралығына күмән келтірмейді. Ендеше, осы тақырып төңірегінде толығырақ айтып өтейін.

Сот жүйесі – ел тұрғындарының конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуде ерекше орын алатын дербес билік тармағы. Ал, жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру кешенді құқықтық институт болып табылады. Оларды қолдану мәселелері Қылмыстық к одекстің, Қылмыстық процестік кодекстің және Қылмыстық-атқару кодексінің тиісті баптарында белгіленген тәртіппен шешіледі. Жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру және жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату институты – жазасын өтеушілердің түзелуіне орасан зор ықпалын тигізіп, олардың мінез-құлқын қалыптастырудағы тиімді ынталандырудың бір тәсілі. Бұл мәселе түрмеде жазасын өтеушілердің санын азайтуға, қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған қадамның бірі десе де болады.

Қылмыстық заңнама жаза тағайындауда әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, сотталғанның түзелуі және жаңа қылмыстардың алдын алуды мақсат етеді. Жалпы, сотталған адам түзелуге ниеттенсе, оған мүмкіндік берілуі қажет.

Әрине, бәрінің өз заңдылығы бар. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату не жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрі мен ауыстыру туралы мәселені қарау кезінде сотталған адамның, қорғаушының, жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілінің, прокурордың сот отырысына қатысуы міндетті. Сондай-ақ жәбірленуші не оның өкілі қатысуға құқылы. Әрине, жәбірленушінің, азаматтық талапкердің және олардың өкілдерінің келмеуі өтінішхатты қарауға кедергі болмайды. Сот оларға өтінішхаттың қаралатын күні, уақыты мен орны туралы тиісінше хабарлауға міндетті. Сотталған адамның заңмен көзделген жаза мерзімінің бір бөлігін нақтылы өтеуі шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру үшін сөзсіз негіз бола алмайды.

Бұл мәселені шешу кезінде соттар әр іске жеке мән беріп, өтінішхатта және өзге де материалдарда келтірілген мәліметтердің жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру үшін жеткіліктілігін әрбір талқылау кезінде анықтауға , яғни сотталған адамның тәртібіндегі оң өзгерістерді бағалауға тиіс. Соттар сотталған адамның тәртібіне баға беру кезінде олардың ішкі тәртіп қағидасын сақтауын, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі әкімшілігінің талапта рын орындауын, тәрбиелік сипаттағы іс-шараларға және мекеменің қоғамдық өміріне қатысуын, көтермелеулерді, жазаларды, туған-туыстарымен және сотталған адамдармен қарым-қатынасты сақтауын, оқуға көзқарасының оң немесе теріс бағытын, залалды өтеуін, жеңіл тұрмыстық жағдайға ауыстыруды және сотталған адамның түзелгенін айғақтайтын басқа да мән-жайларды ескеруі тиіс. Соттың сотталған адамның түзелгені туралы тұжырымы өтінішхатты дәл қарау алдындағы уақыт ішіндегі ғана емес, сонымен бірге үкім шығарылғанға дейін қамауда ұсталған уақытын қоса есептегенде оның мекемеде болған бүкіл кезең ішіндегі тәртібі туралы деректерді жанжақты ескеруге негізделуі шарт. Белгіленген талаптың дұрыстығы соттардың жеке іс материалдарын мұқият зерттеуінің негізінде анықталады. Сотталған адамның түзелу дәрежесін зерттеу кезінде оған қолданылған тәртіптік жазаның әрбір фактісін зерделеу қажет. Сонымен қатар сотталған адамның қылмыспен келтірілген зиянды өтеуден жалтаруы (мүлікті, кірістерді жасырып қалу, жұмыстан жалтару жолымен және т.б.) шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыруға кедергі болуы мүмкін.

Меңдіғали Жүсіпбергенұлы Бақтығұлов,

Мақат аудандық сотының судьясы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT